04 Сәуір, 2011

Халықтың сенімі мен махаббатына бөленген сәт

461 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Осыдан дәл бір ай бұрын сайлауалды насихат науқаны бас­талған кезде Қазақстан Рес­пуб­ли­касының президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП орталық аппара­тын­дағы өзінің республикалық орта­лық штабына келген болатын. Кеше түнгі сағат 24.00-де, ел хал­қы өзінің тарихи таңдау сәтін жасаған күннің соңында Нұр­сұл­тан Әбішұлы сайлаудың алғашқы нәтижесімен өз жақтастарымен бірге танысу үшін орталық штабқа екінші рет келді. Елбасын мұнда орталық штабтың мүшелері, сенімді өкілдері мен волонтерлер, жастар үлкен құрметпен қарсы алды. Сайлау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидаттығына қолдау білдірген елімізге таны­мал азаматтардың көп болған­ды­ғы белгілі. Осы жолғы басқосуда біз солардың арасынан Сенат де­путаты Қуаныш Сұлтановты, Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновты, Олимпиада чемпиондары Ольга Шишигина мен Илья Ильинді, атақ­ты скрипкашы Айман Мұсақо­жаева­ны, басқа да бірқатар та­ны­мал азаматтарды байқап қал­дық. Ең алдымен сөз тізгінін алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының орынбасары Нұрлан Нығматулин осы жиналған қауымның дәл осы сәтте орталық теледидар арқылы берілетін Орталық сайлау комис­сия­сының сайлаудың алғашқы нәтижесі туралы қорытындысын асыға тосып тұрғандығын айтып, жұртшылық назарын теледидар хабарына аударды. Осы сәтте теледидар жүргізушісінің саңқыл­да­ған дауысы да естіліп сала берді. Орталық сайлау комис­сия­сы­ның төрағасы Қуандық Тұр­ған­құловтың алғашқы нәтиже ту­ра­лы хабары тыңдалды. Ол өңір­лер­ден келіп түскен алғашқы мә­ліметтер бойынша, еліміздің алыс түкпірлері мен шетелдік өкіл­діктердегі Қазақстан азамат­та­рының дауысын есепке алма­ғанда (олардың дауыс нәтижесі кейіннен қосылады), дауыс беруге сайлаушылардың  89,9 пайызы қатысқандығын хабарлады. Со­ның ішінде Ақмола облысында сайлаушылардың 93,1 пайызы, Ақтөбе облысында 95,1 пайызы, Алматы облысында 96,9 пайызы, Атырау облысында 91,70 пайызы, Шығыс Қазақстан облысында 94 пайызы, Жамбыл облысында 95,3 пайызы, Батыс Қазақстан облы­сын­да  92,60 пайызы, Қарағанды облысында 90,8 пайызы, Қоста­най облысында 94 пайызы, Қы­зыл­орда облысында 94,9 пай­ызы, Маңғыстау облысында 94,2 пай­ы­зы, Павлодар облысында 80,3  пайызы, Солтүстік Қазақ­стан об­лысында 92,3 пайызы, Оңтүстік Қазақстан облысында 93,1 пай­ызы, Астана қаласы 69,1 пайызы, Алматы қаласы 68,5 пайызы қатысқан. Еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларында Социологтар мен саясат­тану­шы­лар ассоциациясы сайлау нәти­жесі бойынша арнайы зерттеулерін жүргізген екен. 102 сайлау учаскесінде 100 мың адамның арасында жүргізілген осы exit-poll-дың ресми емес дерек көз­дері бойынша сайлаушылардың дауыс беруге Қазақстан бойынша қатысуының орташа көрсеткіші 84,9 пайызды құраған. Осы сай­лауға қатысушылардың 94,8 пайы­­зы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын жақтап дауыс берген. Бұл сайлау қорытындысы туралы бейресми дерек көзінің ал­ғашқы ақпараты. Ал нақты қорытынды кейіннен жария­ла­на­ды. Сондықтан осы мақала бары­сында қасаң тілмен сөйлеуге тура келіп тұр. Дегенмен, алғашқы мәліметтерді естіген сәтте ет жүрек дір етпей қоймайды. 4 кандидаттың арасынан 94 пайыз қолдауға ие болу, бұл халық сенімі мен махаббатына бөлену деген сөз. Осы мәліметті естігенде Елбасының өз жүрегі де елжіреп кеткендігін сезінгендей болдық. Елбасы былай деді: «Құрметті қазақстандықтар, отандастар! Міне, жаңа ғана біз­дің тәуелсіздігіміздің 19 жыл ішіндегі тарихи сайлаудың алдын ала мәліметтері белгілі болды. Та­рихи сайлау дейтініміз – өйт­кені, біз күллі әлемге тағы бір рет біздің қоғамымыздың демократия жолында екендігін дәлелдедік. Дәл осы күні бүкіл әлемнің наза­ры Қазақстанға ауды. Сайлау ашық, таза өтті. Құқық қорғау органдары заңдылықты қадағала­ды. Президенттікке барлық кан­дидаттарға тең құқық, бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетім­ділік, оларға барлық облыстар, аудандар, қалалар, ауылдарда өз бағдарламаларын, өз идеяларын жариялап сөз сөйлеулеріне мүм­кіндік берілді. Біз – ашық қоғам­быз. Сондықтан біздің сайлауы­мызды бақылауға 1059 шетелдік байқаушылар, 200 шетелдік журналистер келді. Оларға дауыс беру барысына кедергісіз қатысуға, сайлау барысын қадағалауға мүм­кіндіктер жасалынды», дей келе экзит-пулдың осы қорытындысы бойынша Қазақстан халқының өзі жариялаған реформалар кур­сын, қоғамды жаңарту, қазақ­стан­дықтардың, әрбір отбасы мен әрбір адамның әл-ауқатын жақ­сарту бағытын тағы да қолда­ғандығын айтты. «Осы оқиғаға байланысты мен барлық қазақ­стандықтарға осындай биік сенімдері үшін алғысымды білдіремін. Осы жерде ұйым­дас­ты­рылған, барлық облыстарда жұ­мыс істеген қоғамдық штабыма, штабтың барлық қатысушы­лары­на, тәуелсіздіктің 20 жылы бойы­на өзіммен бірге келе жатқан серіктестеріме, доста­рыма ыстық ықыласымды жеткіземін», дей келе, сайлауда сайлау күні ғана жұмыс істегендер емес, одан көп бұрын іспен өзін дәлелдей алғандар жеңіске жетеді деп сенгендігін мәлім етті. Демек, 20 жыл бойы жұм­салған күш-жігермен еңбек бос­қа кеткен жоқ. Бұл – сыннан өтудің нағыз емтиханы болды. Елбасы өзіне қолдау көр­сет­кен 29 мың сенімді өкілге, 88 мың волонтерге алғысын жеткізді. «Әсіресе, менің ұстанған ба­ғы­тыммен жеке өзімді қолдап, үл­кен белсенділік танытқан жас­тарымызға ерекше алғысымды айтамын. Осы ретте мен кандидат ретінде жеңіске жетсем – мұны бүкіл еліміздің, Қазақ­стан­ның жеңісі деп есептеймін», деді. Елбасы бүгін сайлауға қа­ты­сып, халқымыздың бірлігін көр­сеткен барлық сайлаушыларға үлкен алғысын білдірді. Қазіргі біздің барлық жетістіктеріміз біз­­дің бірлігіміздің, досты­ғы­мыз­дың, көпұлтты Қазақ­стан­дағы әрбір адамның құқығы мен еркін құрметтеудің нәтижесі екен­дігін айта келе сайлауға қатысқан бас­қа да кандидаттарға өз идеяла­рын білдіргендігі үшін ыстық ықыласын жеткізді. Олар­дың ұсыныстарында да ден қояр­лық жәйттер бар екендігін, олардың алдағы уақытта назарға алына­тындығын айтты. Әрбір үйге, Отанымыздың әрбір азама­тына бақыт пен береке тіледі. Он-лайн режімі арқылы осы басқосуға қатысқан Алматы, Қос­танай облысындағы жақтастары Елбасын жеңіспен қызу құт­тықтады. Өңірлерде сайлау учаскелеріне халықтың мерекедегідей жоғары көңіл-күймен барған­ды­ғын хабарлап, өздерінің Елбасы­мен бірге екендіктерін жеткізіп, Нұрсұлтан Әбішұлына зор ден­саулық, ұзақ өмір тіледі. Басқосу қорытындысында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының орынбасары Нұрлан Нығматулин Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақстан­ның негізін қалаушы, Көшбас­шысы ретінде осы ұлы жеңісімен құттықтап, гүл ұсынды. Басқосу орталық штабқа жиналған жас­тар­дың үлкен қошеметімен аяқ­талды. Халықтың осынау құр­метіне тәнті болған Нұрсұлтан Әбішұлы да өз тарапынан оларға үлкен құрмет көрсетіп, көптеген жастардың қолын алып, ыстық ықыласын білдірді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.