Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясында құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резервінде тұрған қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырудың кезекті курстарының ашылуы өтті, деп хабарлады Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының баспасөз қызметі.
Бұл курстарға тыңдаушылар ретінде прокуратура мен ішкі істер органдарының орталық аппараты мен облыстық бөлімшелерінде басшылық лауазымдағы қызметкерлер қатысады. Оқытудың негізгі мақсаты – тыңдаушылардың басшылық қызметке тағайындалуы үшін қажетті кәсіби дағдылары мен басқару құзыретін жетілдіру.
Академия ректоры Ұлан Байжанов іс-шараны аша отырып, резервтегілерді болашақта бұдан да жауапты басшылық қызметке даярлауда оқыту курстарының маңыздылығы мен практикалық пайдалылығын атап өтті.
Оқытуды жоғары деңгейде өткізу үшін алдыңғы курстарды ұйымдастыру кезінде алынған тәжірибені ескере отырып, арнайы оқу бағдарламасы әзірленді. Алғаш рет оқу процесіне басшылық қызметтегі сараптамалық жұмыс негіздері бойынша жаңа модуль енгізілді. Ол қызмет бабындағы міндеттерді шешу кезінде сараптамалық қабілетті жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ, Бас прокурордың тапсырмасын орындау аясында басқарудың трансформациясы мәселелері бойынша тренингтер енгізілді (Change programme).
Жоспар бойынша курс ұзақтығы бір айға созылады және ол 145 академиялық сағатты құрайды. Олардың негізгі бөлігі кейстік тапсырмаларды шешуге және құқық қорғау қызметіне мейлінше жақындатылған жобаларды жасауға арналатын болады.
Жиналғандарды курс бағдарламасының ерекшеліктерімен таныстырып өтіп, Ұ.Байжанов барлық тыңдаушыларды нәтижелі жұмыс жасауға шақырды. Ал оқыту курстарын ұйымдастыруға Еуропалық одақтың «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының қатысушылары, мемлекеттік органдар мен еліміздің жетекші ғылыми-білім беруші мекемелері белсенді көмек көрсетуде.