Үкімет Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Министрліктер өздеріне тиесілі міндеттерді бөлісіп, тиісті тапсырмаларын алды.
Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жолдаудағы тапсырмалар жайы талқыланды. Б.Сағынтаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет алдына Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын жүргізу туралы міндет қойғанын атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын экономикалық өсімнің жаңа үлгісін құру қажет.
Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына басымдық беріп, цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету қажеттiгiн атап өткен болатын. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Премьер-Министр Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнiң алдына мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп осы бағдарламаны дайындау мiндетiн қойды.
«Инновацияларды қолдап, оларды жедел өндiрiске енгiзу маңызды. Сондықтан ЭКСПО-2017 нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құру керек. Осыған орай Ақпарат және коммуникациялар, Ұлттық экономика, Қаржы министрлiктерiне мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрге технопарк құру және салық жеңілдіктері, оңайлатылған виза мен еңбек режімi түрiнде заңнамалық қолдау көрсетудi пысықтауды тапсырамын», дедi Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігіне ЖОО-лар, Назарбаев Университеттің Астана Бизнес Кампусы және «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі базасында отандық ғылыми және инновациялық әлеуетті дамыту бойынша қажетті шараларды қолға алу тапсырылды.
Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру керек. Осыған орай жауапты министрлiктер 2025 жылға дейiн негiзгi салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру бойынша кешендi шаралар әзiрлейдi.
Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомствоға шоғырландыру қажет.
«Инвестициялар және даму министрлiгiне экспорт саясаты жөніндегі кеңес құру бойынша ұсыныстар енгiзудi тапсырамын. Сондай-ақ, 1 қыркүйекке дейін бірыңғай экспорт стратегиясын қабылдау керек», деді Премьер-Министр. Бұл жұмыстарды үйлестіруді өзінің орынбасары Асқар Маминге тапсырды. Бұдан бөлек, 1 қыркүйекке дейiн инвестициялық стратегия қабылданады. Сонымен бiрге, Үкімет басшысы Энергетика министрлiгiне жыл соңына дейiн жаңа жер қойнауы кодексiн қабылдауды қамтамасыз етудi тапсырды.
Президент Жолдауында құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартты. Бұл ретте «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын толыққанды іске асыруды бастау керек. Еңбек нарығын жаңғырту аса маңызды. Үкімет басшысы осыған байланысты да тиісті органдарға тапсырма жүктеді.
«Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Бұл жерде жүйе құраушы кәсiпорындармен ынтымақтастықты қарастыру керек. Әкiмдiктер ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі қажет. Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi әкiмдiктермен бiрге жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруды қолға алуы керек», дедi Үкiмет басшысы.
Президент Жолдауында сондай-ақ, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту жайы айтылған болатын. Осыған орай, Үкімет пен әкімдер 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлейдi.
Премьер-Министр кен-металлургия және мұнай-газ кешенін одан әрі дамыту үшін отандық өнімді жеткізу географиясын кеңейтіп, геологиялық барлау жұмыстарын белсенді дамыту қажет екенін айтты. Осыған орай, Энергетика министрлігіне жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамасына қажетті түзетулер енгізу тапсырылды.
Сонымен қатар, Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі күшіне айналуы тиіс екенін айтып өтті.
«Біз экологиялық таза азық-түлік шығару арқылы әлемдік азық-түлік нарықтарында өз орнымызды таба аламыз. «Made in Kazakhstan» брендінің өзі экологиялық таза өніммен байланыстырылуы керек. Бүгінде біз субсидияларды бөлу мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып кооператив құрудың, сонымен қатар, еңбек өнімділігін аттырудың жаңа қағидалары бойынша тәсілдерді әзірледік. Барлық міндеттер кешені АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы тиіс», деді Б.Сағынтаев.
Бұдан өзге, Премьер-Министр Мемлекет басшысының жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту туралы міндет қойғанын айтты. «Бұл үшін біз жүк тасымалына еркіндік беріп, Азия мен Еуропа арасында құрлықаралық хаб болуға мүмкіндік беретін, көлік дәліздерін құрып, оларды жаңғыртуымыз қажет. Нәтижесінде біз 2020 жылға қарай контейнерлік жүктер үшін транзиттік тасымал көлемінің көрсеткіштерін жеті есеге, жолаушылар тасымалының көлемін төрт есеге арттыруымыз керек», деді Б.Сағынтаев.
Осы орайда, Инвестициялар және даму, Сыртқы істер, Ұлттық экономика министрліктеріне алға қойылған міндеттердің шешімін табуға байланысты қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берілді.
Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау, «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін қайта құру, елiмiздiң қаржы секторын жаңғырту мен қор нарығын одан әрі дамыту бойынша тиiстi тұлғаларға мiндеттер жүктедi.
«Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Бiлiм министрлiгiне бiлiм сапасын, әсiресе ауылда жақсарту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырамын. Президент ағылшын тiлiн кезең-кезеңiмен енгiзу мiндетiн қойды. Елбасының тапсырмасы бойынша тегiн кәсіптік-техникалық білім беру жобасы іске асырыла бастайды. Жоғары бiлiм саласында да маңызды мiндеттер тұр», дедi Үкiмет басшысы.
Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi 1 шiлдеден зейнетақы мен бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемін 20 пайызға өсірудi қамтамасыз етуi тиiс. Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына дейін артады.
Ал бесінші басымдық – институттық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қатысты. Осы ретте Үкімет басшысы Iшкi iстер министріне нақты тапсырма берді.
«Үкімет үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл бағытта жұмыс басталды және әр министр жоспарланған нәтижеге қол жеткiзуi тиiс. Екінші, жекеменшікті қорғауға, заң үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге байланысты. Әдiлет министрлiгi мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесе тиiстi жұмыстарды жүргiзуi керек. Терроризммен күрестi нығайтуды заңнамалық қамтамасыз етудi жалғастыру керек. Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгiне дiни экстремизмдi насихаттаудың алдын алу бойынша шараларды қолға алып, қоғамда түсiндiру жұмыстарын жүргiзудi тапсырамын. Түрмелерде теологиялық оңалту қызметтерiнiң жұмысын ұйымдастыру керек», дедi Бақытжан Сағынтаев.
«Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша да тиiстi тапсырмалар берiлдi.
«Елбасы бiздiң алдымызға Қазақстанды үшiншi жаңғыртудың жаһандық деңгейдегi мақсат-мiндетiн айқындап берiп отыр. Оның iшiнде Үкiметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын 2025 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспарын дайындауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлiгi жоспарды дайындау жұмысына дереу кiрiсуi қажет. Сондай-ақ, Президенттiң әрбiр тапсырмасының мерзiмдерiн, оған жауапты лауазымды тұлғаларды белгiлеп, Жолдаудың дер кезiнде орындалуын қатаң бақылауға алу керек. Ал Жалпыұлттық жоспарды 7 ақпан күнгi Үкiмет отырысында талқылап, қабылдауымыз қажет», дедi Б.Сағынтаев.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»