Жаңа жыл «Мәңгілік Елді» тұғырландыруға бағытталған аса маңызды оқиғалармен басталып отыр. Қазақстан дамуының қарышты қадамдары жаңа міндеттерді алға шығарып, оның табысты орындалуын талап етеді. Уақыт өзегіндегі алғышарттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терең ойластырылған бастамаларынан көрініс тауып, халық қолдауына ие болуда. Бүгінгі күні жұртшылық мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу жөніндегі конституциялық реформаларды терең талқылау үстінде. Ал кеше баспасөз беттерінде Президенттің Қазақстан халқына арнаған кең ауқымды Жолдауы жарияланды. Ел жасампаздық пен жаңғырудың жаңа кезеңін бастады.
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен актив жиналысы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халқымызға арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы»: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылауға арналды.
Облыс әкімі өз сөзінде: «Қазақстан Республикасының Ата Заңына өзгерістер енгізу Президенттің бірқатар құзыретін Үкімет пен Парламентке беруге мүмкіндік туғызады, – деді. – Ел Парламентінің дәрежесі артады, сот және прокуратура жүйелерін, жергілікті басқару мен өзін өзі басқару саласын әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Билік тармақтарын бөлу – демократиялық үлгілі үрдістердің заңды жалғасы. Үкімет пен Парламенттің жетекші орындарға көтерілуі белгіленген міндеттер жауапкершілігін күшейтумен қатар, қоғамдық белсенділікті арттыра түсуі қажет. Облысымызда аталған кең көлемді конституциялық реформаны тұрғындар арасында түсіндіру мақсатындағы шаралардың кестесі бекітіліп, жұмыс барысын көрсетудің медиа-жоспары түзілді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Елбасының «Жаңғырту 3.0» Жолдауының Қазақстанның тарихи дамуының жаңа кезеңіне тұтқалы ұстанымдары жайлы таратып айтты. «Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында уақыт өріндегі мынадай міндеттер қойылды, – деді сөзінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов. – Мемлекет басшысы: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың əлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге жəне 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған», деді өз Жолдауында».
Одан әрі баяндамашы Елбасы белгілеген негізгі бес басымдықты жергілікті мысалдармен байланыстыра сараптады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында барлық салалар бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілгенін айтты.
Облыстың депутаттық корпусы, басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов, «Видергебурт» неміс қоғамдық ұйымының төрайымы Светлана Корнеева, жастар ресурстық орталығының жетекшісі Тимур Искаков сөз сөйледі.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы