01 Ақпан, 2017

Кәсіпкерлікті қолдау бастамалары маңызды

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының Жолдауын қолдайды. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Елбасы Жолдауында көрсетілген бастамалар партияның мақсаттарымен ұштасатынын атап өтті. «Мемлекет басшысы жақында ғана саяси реформалар туралы Үндеуін жариялағаннан кейін, оның Қазақстан халқына Жолдауын біз үлкен үмітпен, ерекше қызығушылықпен күттік. Енді, міне, үмітіміз ақталды десек болады. Себебі, «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Президент көптеген өзекті мәселелерге өз көзқарасын біл­діріп, оларға байланысты тапсырмалар беріп отыр. «Ақ жол» демократиялық партиясы бизнес партиясы ретінде, әсіресе, экономика жөніндегі ұсы­ныс­тарды толық қолдайды және оларды іске асыруға өз үлесін қосуға дайын, – деп мәлімдеді А.Перуашев. – Бірін­шіден, «Ақ жол» демократиялық партиясы Елбасының Жолдауда айтқан барлық тапсырмаларын қолдайды, бизнес партиясы болғандықтан, бізге, әсіресе, ондағы экономика және кәсіп­керлікті қолдау саласындағы бастамалар аса маңызды көрінеді». Ол қазіргі уақытта Қазақстанның Үшінші жаңғыруын және оның ба­сым­дықтарын жүзеге асыру бойын­ша бірқатар тапсырмалар жүк­­телге­нін атап өтті. Партия төраға­сының ай­туынша, бірінші басым­дық – эконо­миканың қарқынды техно­ло­гия­лық жаңғыруы. Оның шеңберінде цифр­лық технология­ларды қолдану ар­қылы жасалған жаңа индустрияларды тарату тапсырылған. «Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын» әзірлеуге тапсырма берілді. Инновацияларды қолдау мен оларды өндіріске жедел қосу жаңа ин­дустрияны қалыптастыруда аса маңызды фактор болып табылады», – деп түсіндірді А.Перуашев. Оның ай­туынша, екінші кешенді тапсырма – жа­ңа индустрияны қалыптастырумен қатар, Қазақстан экономикасының не­гіз­гі дәстүрлі салаларын дамытуға ық­пал ету. «Бұл орайда, Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды талап етіп отыр. Оның негізгі фак­торы автоматтандыру мен заман­ауи тех­нологияларды барлық жерлерде енгі­зу болуы тиіс. Үкіметке бизнес өкіл­дерімен бірлесе отырып, 2025 жылға дейін экономиканың негізгі салаларын технологиялық қайта жарақтандыру міндеті тапсырылды», – деді депутат. Сондай-ақ, ол «Ақ жол» партиясы бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен оны кеңейту туралы бастамаларды ерекше ықыласпен қабылдағанын жеткізді. «Біздің стратегиялық мақ­саттарымыздың бірінде 2050 жылға қарай елдің жалпы ішкі өніміне бизнестің қосатын жоспарлы үлесін кемінде 50 пайызға жеткізу қарастырылған», – деді партия төрағасы. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»