Елбасымыздың Жолдаулары өзінің жүйелілігімен ерекшеленеді. Биылғы Жолдау ел дамуындағы үлкен бір жоспардың кезекті айтулы сатысын меңзейді. Президент оны «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы» деп атады.
Жолдаудың негізгі бағыты – экономикалық өсім. Өйткені, Қазақстан заман көшінен қалмауы тиіс. Бизнесте, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында жоғары технологияларды енгізу, оларды игеру, сондай-ақ, сандық салада өз стартаптарымызды дамытуға жағдай жасау тапсырылды. Бұл орайда, енді тұтастай мемлекеттік бағдарлама да қабылданады, халықаралық технопарктер де құрылады.
Мемлекет басшысы елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді стратегиялық мақсат етіп қойды. Осындай биік мақсатқа жетудің жоспарын да қолмен қойғандай етіп, таратып айтып берді. Енді кәсібін дөңгелеткісі келетін кез келген жан ауылдық жерде болса да 16 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Бұл керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Бизнестің дамуына зиянын тигізіп отырған әкімшілік кедергілерді жойып, нормаларды реттеу де «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырылды.
Біздің Қазақстан бағыт алған әлемнің ең дамыған 30 елі – экономикасы мен әлеуметтік саласы мықты мемлекеттер. Осыған байланысты Елбасының дәл осы экономикалық дамудың қозғаушы күші – шағын және орта бизнесті өркендетуге көңіл бөлуі өте дұрыс. Себебі, экономикамыз мықты, бәсекеге қабілетті болғанда ғана, біз әлеуметтік саланы да тиісті деңгейге көтере аламыз.
Президент биылғы Жолдауында да әлеуметтік салаға тұтастай бір басымдықты арнап отыр. Сол төртінші басымдық адами капитал сапасын жақсарту деп аталған. Бұл басымдық аталған саланы жан-жақты қамтыған. Дейтұрғанмен, менің ойымша, ол – әлеуметтік қамтамасыз ету саласын дамыту. Ешкімге де құпия емес, қаржылық дағдарыс, әлемдік валюталық қор саясаты, мұнай бағасы сынды факторлар салдарынан дүние жүзінде инфляция көрсеткіші жылда өсіп отыр. Біз де ғаламдық нарықтың бір бөлшегі болғандықтан, осы өзгерістің «суығынан» тысқары қалмаймыз. Бірақ әлеуметтік саланың төлемдері өсіміне инфляцияның тигізетін әсері мейлінше төмендетілді. Себебі, біздің елімізде зейнетақы мен жәрдемақы және басқа да төлемдер көлемі мүмкіндікке қарай жылда өсіп отырады. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапқан.
Мұхтар МАНКЕЕВ,
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы