01 Ақпан, 2017

Жаңа дәуірдің темірқазығы

363 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
КалетаевҚазақстан Республи­касы­ның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтарда жария­­ланған «Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бә­секеге қабілеттілік» Жол­дауы тұтас бір дәуірдің ауқы­­мын­дағы мемлекет атқа­ратын мақ­саттар мен мін­дет­терді қамтып, ай­қын­дап беріп отыр. Бұл – қазіргі әлем­дегі алмағайып ахуалды, түбірлі өзгеріс­терді зерделеп барып жасалған маңызы зор тарихи құжат. Елбасы, 2000-жылдардың басын­да-ақ, ХХІ ғасырдың ғылым мен тех­но­­логиядағы жетістіктері мен жаңа­лықтары қаншалықты орасан болса, ха­лықаралық саясат пен экономикадағы тәуекелдер мен сынақтар да сонша­лықты жойқын болатынын айтқан еді. Арғы-бергі өркениет тарихын, әлем­дік геосаяси, геоэкономикалық үрдіс­тер табиғатын терең білетін, бүгінгі, болашақтағы дүние дамуының аужайын қапысыз болжайтын сұңғыла сая­саткер ретінде Н.Назарбаев уақыт тыны­сын тағы да дөп басты. Жаңа ғасыр­дың алғашқы он жылдығымен ілесе келген әлемдік қаржы дағдарысы, халық­аралық шиеленістер мен толассыз қақ­тығыстар, терроризм мен жаппай соғыс қаупі және т.б. осыған көзімізді жеткізіп отыр. Қазақстан Президенті әлем үшін де, өз елі үшін де дамудың эволюциялық, балама жолдарын ұсынудан танған емес. Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жа­һан­дық бәсекеге қабі­лет­тілік» Жолдауы да халқымыз үшін Қазақстан дамуының жаңа сатысын бағдарлайтын эво­лю­циялық жаңғырту тұжы­рымдамасы болса, атқа­рушы, заң шығарушы билік тармақтары үшін стра­те­гия­лық бағдар деп пайымдаймын. Үшінші жаңғыру мақсаты Қазақ­станды Мәңгілік Ел­дің межесіне жете­лейтін темір­қазық болмақ. Мем­лекет басшысының өзі айтқандай, алғашқы екі жаңғырту елімізді аз ғана уақыттың ішінде әлемдегі дамыған 50 елдің қата­рына алып шықты. Әрине, ғасыр­лар бойы бодандықта болған, әлемдік қоғамдастыққа алғаш енген пост­ко­лониалдық ел үшін бұл аз жетістік емес. Қазақстанды Үшінші жаңғырту аясында Президент ұзақ мерзімді мақ­сат­тармен қатар, жедел шешілуі тиіс мін­дет­терді нақтылап беріп отыр. Жолдау­да бүгінгі күн тәрті­бін­де тұрған мәсе­лелер түгел дерлік қамтыл­ған. Соның ішінде, эконо­ми­каның же­делде­тілген технологиялық жаңғыр­тылуы, жаңа индустриялар құрумен қатар дәс­түрлі базалық салаларды дамытуға сер­пін беру, жаңа еуразиялық логисти­калық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін шаралар. Елбасы өз Жолдауында қауіпсіздік мәселелеріне айырықша тоқталды. Ме­ніңше, Президенттің «Діни экстре­мизм­ді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа бай­ланысты кез келген әрекетке «мүл­де төзбеушілікті» қалыптастыру керек» деген тоқтамы арнаулы күштік құры­лым­дар үшін де, жалпы қоғам үшін де осы зауалға қарсы бірлесіп әрекет етудің ұстанымы болуы тиіс. Президенттің сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында қадам­дар жасалғанымен, оның алдын алуда, себептері мен алғышарттарын анық­тауда кемшіліктер барын ескертуі де бұл бағыттағы жұмыстардың кү­шеюіне серпін беруі қажет деп санай­мын. Жолдауда еліміздің аграрлық саласына кеңінен көңіл бөлінген. Президент: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қа­зақ­станның агроөнеркәсіп кешенінің бола­шағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экс­порттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эта­лоны болуға тиіс», деді. Мұның өзі ауыл шаруашылығы секторында жұмыс істеп жүрген еңбеккерлер үшін үлкен қол­дау екені сөзсіз. Себебі, бұл салада да әлі іске қосылмай жатқан әлеует пен тетік­тер жеткілікті. Жолдаудағы елдің көңілін сер­пілткен тағы бір тұс білім беру жүйесі мен әлеуметтік, денсаулық сақтау са­лаларының маңыздылығына ерекше мән берілуі болды. Әсіресе, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту, 2020 жылға дейін балабақша мәселесін шешу мен зейнеткерлердің жалақысын 20 пайызға көтеру сияқты тапсырмалары – елдің бүгіні мен болашағы үшін жасалған игі бастамалардың алды. Осы қағида арқылы Қазақстан өзінің «әлеуметтік мемлекет» ұстанымынан айнымайтынын дәлелдеп отыр. Бір қарағанда, Мемлекет басшы­сының биылғы Жолдауы елдің ширек ғасырлық прагматикалық даму тарихының заңды жалғасы көрінгенімен, биылғы құжаттың мән-маңызы тіпті, орасан деуге болады. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы Қазақстан дамуындағы сынақты кезеңдерді артта қалдырып, жаңа дәуірге аяқ басқан мемлекеттің жоспары. Ең бастысы, біз осы жетістіктерге ширек ғасыр ауқымында-ақ жеткені­мізді ұмытпауымыз қажет. Бұл – біздің баға жетпес табысымыз. Осы орайда, Мемлекет басшысы Жолдауында: «Бо­лашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді», деді. Меніңше, Елбасының туған халқына жеткізбек болған сөзінің байламы мен Жолдаудың тұжырымы осында жатыр. Жолдауда көрсетілген мақсат-мін­деттерді жүзеге асыру жауапкершілігі енді билік институттары мен қоғамның мойнында. Әрине, алға қойған міндет­терді тиімді іске асырудың өзіне тән қиын­дықтары мен тосқауылдары да бар екені белгілі. Бұл экономикалық жүйе­дегі, атқарушы биліктің жұмыс істеу тәсіліндегі, қоғам болмысындағы түбегейлі әрі жүйелі өзгерістерді талап етеді. Ал біздің мемлекет, қоғам Жолдауда көрсетілген бастамаларды табысты іске асыруға дайын екеніне өз басым кәміл сенемін. Дархан КӘЛЕТАЕВ, Парламент Сенатының депутаты