04 Сәуір, 2011

Біздің ел осындай! Біздің ер осындай!

721 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Бүгін, 4 сәуірде таңертең Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Президентінің кезектен тыс сай­лауы­ның алдын-ала қорытын­ды­ларын жария етті. Иә, бүгін. Ел басшысын сайлаудың ересен мәнділігін ескеріп, біз ел газетінің арнаулы шығарылымын дай­ындауды ұйғардық. «Егемен Қазақ­станның» бұл саны дүйсенбіде жарық көр­іп отыр. 90 жылдан асқан тари­хын­да газетіміз ешқашан дүйсенбіде шықпаған екен.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

Орталық сайлау комиссиясында жаңа ғана, таңғы сағат 10-нан 7 минут өт­кенде аяқталған брифингте кешегі сайлауда Нұрсұлтан Назар­баев­тың кандида­ту­расын қол­­дап сайлау­шылардың 95,5 пайызы дауыс бергені хабарланды. Солай. 95,5 пайыз қолдаған. Бұл көр­сеткіштің мән-маңызын толық пайым­дауға біраз уақыт керек. Осы сайлауда жастар­дың ерекше қайрат көрсеткенін, бұрынғы сайлаулар тұ­сындағы самарқау­лықтан ары­лып, қоғам­дық белсенділіктің ғажап үл­гісін танытқа­нын ғана бөле айта тұрайық. Егемен елдің ертеңі өз қолда­рында екенін, Елбасы бас­шылығымен жасалып жатқан жұмыстың бәрінің игілігін өздері көре­тінін сезінді жастарымыз. Біз кеше, 2011 жылдың 3 сәуі­рінде қазақ жерінде, қазақ елінде шын мәнінде орасан оқиға өткенін қазірдің өзінде айта аламыз. Неліктен олай айта­мыз? Сайлау қай елде өтпей жатыр? Талай елде президенттер сайланып, талайы қайта сайланып жатқан жоқ па? Иә, өтіп жатыр. Иә, сайланып жатыр. Иә, талайы қайта сай­ланып жатыр. Онда неге орасан оқиға дейміз? Кезінде бір мақалада былай деп жаз­ғанымыз бар еді: «Нұрсұлтан Назарбаев әлем тарихында бұған дейін бірде-бір адам қабылдай алмаған шешімді тіпті тәуелсіздік қолға тимей тұрған шақтың өзінде қабылдап, адамзатты айран-асыр қалдырған болатын. Бүкіл әлем тарихы – соғыс тарихы, қарулану шежіресі. Мыңдаған жылдар бойы адамдар адамдарды қырып-жоюдың жаңа жолдарын ойлап табу үшін жан­талас­ты, мемлекеттер жойқын қару-жарақты көбейткен үстіне көбейтуге ұмтылды. Мыңдаған жылдар бойы халиф, хан, патша, король, император, генсек атаулының бәрі өз елінің бес қаруы бойында болуын, жат жұрттықтарды жаппай қырып-жоюға дайын тұруын көздеді. Тек бір ел ғана жаңа қаруға ұмтылу былай тұрсын, қолы­на келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартты. Тек бір ер ғана айрықша айбын болатын қатерлі қару­дың өңешіне өз қолымен құм құйды. Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан». Сол сөзді енді міне еліміздегі Президент сайлауына орайластырып та айта­ аламыз. Айта алатынымыз – алағай-бұла­ғай мынан­дай заманда әлемнің бір­де-бір елінде сай­лауға сайлаушылардың тоқ­сан пайызға жуығы (айтқандай, ол көр­сеткіштің әлі сәл өсуі де мүмкін: шалғай аудандардағы, шетелдік елшіліктердегі сайлау мәліметтері қазір­ше то­лық алын­баған) қатыса қоймайды. Айта алаты­ны­мыз – басшы атаулының бә­рінің дерлік бәсі түсіп тұрған мынандай заманда әлемнің бірде-бір елінде дауыс беру­шілердің тоқсан пайыздан астамы тек бір адамды қолдай қоймайды. Мұндай феномен тек Қазақстанда болып отыр. Мұндай феноменді тек Назарбаев қана жасай алып отыр. Не нәрсе де адамның пейіліне қарай беріледі дейміз ғой. Не болсын халыққа да пейіліне қарай беріледі. Өткен жыл­дың соңын­дағы Астана Саммиті күнде­рінде біз ежелгі қазақ жері Алланың Назары түскен, Құ­дайдың Нұры төгіл­ген мекен екеніне тағы бір көз жеткізгендейміз. Әншейінде қараша­ның басы­нан-ақ қыс қаһары қатайып алатын елор­дамызда желтоқсан жеткенше, Саммит басталғанға дейін жаймашуақ ауа райы орнап тұрғаны да, дәл шетелдік делегациялар басшыларының ұшақ­тары қонатын күні аспанның айдай ашық болғаны, Саммит өткен күннің ертеңін­де-ақ Арқаның ақ бораны түтеп кеткені де осылай ойлауға мүмкіндік береді. Саммит аяқталған күні Қазақ елі сапалық жаңа белеске ауысты – біздің мемлекетіміз, тәуелсіздік алға­нына 20 жыл да тола қой­маған жас мемлекетіміз енді әлемдік сая­саттың бұрынғыдай сырттай бақылау­шысы болмайтыны бы­­­лай тұрсын, тіпті белсенді қатысу­шысы ғана бол­май­ты­ны былай тұрсын, сол саясатты қалып­тас­тырушы мемле­кет­­тер­­дің қа­тарына қосыл­ды. Осы ар­қылы Қа­зақстан дүние дида­рын ай­қындай­тын мемлекеттердің қата­ры­на қосыл­ды. Осы арқылы Назарбаев жа­һан­дық саясатқа әсер-ықпал жасай ала­тын әлемдік тұлғалар қата­ры­на қо­сылды. Баға деген салыстырмалы нәрсе. Ба­ғаның бағасы ол бағаны кімнің беруіне байланысты. Біреудің керемет дегенінен біреудің жаман емес дегені артық шығуы да мүмкін. Өз басымыз Нұр­сұлтан Назар­баевқа әлемнің ірі тұлға­ларының аса жоғары баға бергенін талай рет естігенбіз. Солардың бірі – Грузияның экс-президенті Эдуард Шеварднадзе. Өткен жылдың мамырында Тбилисиде сұхбат алғаны­мызда Эдуард Амвросевич: «Казахстан – великое государство. И руководит им великий человек», деген болатын. Осыдан сегіз жыл бұрын Шыңғыс Айтматов бізге берген сұхбатында «Назарбаев – ха­лықтың бағы» деген сөз айтты. Бұл сөздің ақиқаттығына халқы­мыз әу бастан-ақ сенген. Қазақстан Еуро­паға төбебилік жасап, ЕҚЫҰ сынды беделді ұйымға тамаша төр­аға­лық етіп, осы Ұйымның 11 жыл­дан бері шақы­рылмай келе жатқан Саммитін Астанада жоғары деңгейде өткізгеннен кейін бұл сөздің ақи­қат­тығына енді бүкіл әлем сенді. Кешегі сайлау, ондағы Ел­басымыздың жар­қын жеңісі бұл биік беделді одан сайын беркіте түсетін болады. Иә, Нұрсұлтан Назарбаевтың ха­лық­тың бағына туған перзент екендігі ендігі жерде ешқандай талас тудыр­майды. Нұрсұлтан Назарбаев, шын мәнінде, мүмкін емес дерліктей істерді жүзеге асыра алған, тарихта талай есесі кеткен туған елінің, арғы ғасырлардағы бодан­дықты қозғап, боздамағанның өзінде, осыдан небәрі ширек ғасыр ғана уақыт бұрын басқаруға Мәскеу көлденең көк аттыны жібере салатын елінің етектегі басын төрге шығарып берген адам. Қайталап айтсақ, Нұрсұлтан Назар­баев­тың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан табы­ла­тыны қазірдің өзінде айдай әлемге айқын – жиырма жылға да жетпейтін уақыт ішінде қирандыдан, құ­ландыдан мемлекет құру, қоғамды бір формациядан екінші формацияға ауыс­тыру, өт­пе­лі кезеңдегі қиыншылықтар­дан есең­гірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу, бір емес екі бірдей әлемдік қаржы дағ­дарысы тұсында мемлекетті қиындыққа ұрындырмай, қайта бұ­рынғыдан да ши­ратып, шынықтырып шығару, алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойын­да­йтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, сан түрлі себептерге бай­ла­нысты бірнеше ғасыр бойында дүние­жүзілік өркениеттен шеттетіліп қалған елді жер-жаһанға таныту, тіпті ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет азиялық мемлекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұң­ғыш рет халқының негізгі бөлігі мұ­сылман дінін ұстана­тын мемлекет, тұң­ғыш рет түркі тілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекет Еуропаға төбе би болатындай биікке көтеру, 56 елдің басын біріктіретін ұйымға тамаша төрағалық жасау, оны­мен де шектеліп қалмай, сол ұйымның 11 жылдан бері шақырылмай жүрген Саммитін ұйым­дас­тыру, аса күрделі форумды осын­дайлық абыроймен өт­кізу, Астана Декларациясының қабыл­дануына қол жеткізу, өз елін дүниені дендеп тұрған дағдарыстар дауылында, мазасыздық мұхитында нағыз тұрақ­тылық аралына айналдыру, мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің көлемін 12 есеге дерлік асыру, жиырма жыл бойы халқына оқтың дау­сын бір естіртпей, таңын тыныш атырып, кешін тыныш батыру тек ұлттың ұлы перзентінің ғана қолынан келеді. Мұны ашық айту – біздің ақиқат алдындағы парызымыз. Назарбаевтың есімі қазірдің өзінде әлем тарихынан ойып тұрып орын алды. Қазақстан төрағалығы арқылы Еуропа мен Азияның арасындағы, Ба­тыс пен Шығыстың арасындағы, хрис­тиан­дық пен мұсылмандықтың арасын­дағы мыңдаған жылдар бойы қалып­тас­қан алып дуалды, қалың қабырғаны құлату үдерісі басталды. Нұрсұлтан Назарбаев­тың әлемдік саясаткер ретіндегі тын­дырар ең ірі ісі де, әлемдік тарихта қал­дырар ең ірі ізі де осы болуы мүмкін. Оңай­лықпен біте қоймайтын, тіпті онда­ған жылдардың ішінде де аяқтала қал­майтын бұл үдерістің де әуелде қазақ да­ласында басталғанын, оны қазақ баласы бастағанын алғыскер адамзат разылық­пен еске аларына, біздің ұрпақтарымыз мақтанышпен айтарына сенгіміз келеді. Еліміздегі реформалардың жүйелі де жемісті жалғасуы үшін, бүкіл әлемде құрметке бөленген ішкі және сыртқы саясатымыздың сабақтастығы үшін, қоғамдық тұрақтылығымызды берік бекемдей түсу үшін, мемлекетіміздің әлем­дегі беделінің бұдан да биіктеуін қам­тамасыз ету үшін, халқымыздың бірлігін нығайта түсу үшін бізге биліктің баяндылығы ауадай керек еді. Бұл ең алдымен біздің өзіміз үшін керек еді. Бұл біздің келешегіміздің кепілді, бола­шағымыздың баянды болуы үшін керек еді. Дәл солай болды да. Халқымыз осы жылдар ішінде ұлы көшті сенімді бастап келе жатқан ұлына тағы сенім көрсетеріне титтей де күмән келтірмегенбіз. Со­ның өзінде де 3 сәуірдегі ел халқы танытқан азаматтық белсенділік, Елбасын дәл мұндайлық қолдау таң қалды­рып, тәнті еткізеді. Бұл жайын­да кеше түн ішінде «Нұр Отан» пар­тия­сының орталық аппа­ратында сөйле­ген сөзін­де Нұрсұл­тан Әбішұлы: «Ел бас­қар­ған адамға бұдан артық қан­дай марапат керек?!» деп разы­лықпен айтты. Кешегі өткен сайлауда Елбасы­ның елдің тағы бір сынына түскені рас. Сонымен бірге кешегі сайлауда біздің елдігіміз, ауызбірлігіміз, әлем таныған, мойындаған, құрметтеген басшымызды қадірлеуіміз, ең бас­тысы – басы­мыздағы бақтың бағасын білуіміз сынға түскені де рас. Ел халқы елдіктің бұл сынынан да абы­роймен өтті. Қадым заманнан қаға­нын қадірлеп, ханын қасиет тұтқан, бас­шысына тақ тұратын елдің басы­на бақ тұратынын білетін халқы­мыз тағы да биіктен көрінді. Елбасы же­ңісі – елдіктің жемісі. Кешегі сайлау нәтижелері тіл-көзден сақтасын дегізетіндей. Мынандай сайлаудан кейін қазақтың ауызбірлігі бекем емес, біз әлі ұлт болып ұйи қойған жоқпыз деген сыңайдағы сөздің бәрі артық екендігін айтудың өзі артық. Елдің бұдан артық біртұтастығын көзге елестету мүмкін емес. Алаш баласының атқа мінген азаматты ардақтайтын асыл дәстүр­леріне адалдығын айғақтаған ағай­ын­нан қалай ғана айналып кетпессің! Асылды айныт­пай танитын хал­қы­мыз­дың даналығына қалай ғана бас имес­сің! «Мен өз халқымның жо­лында ба­сым­ды бәйгеге тіккен адам­мын» деп, міне жиырма жыл бойы аттан түспей, ауыздықпен алысып, жасампаздық жорығында жүрген Ел­басымыздың ел үшін еткен еңбегін, ерен ерлігін қалай ғана құрмет тұтпассың! Біздің Ел осындай! Біздің Ер осындай! Жеңісіңіз құтты болсын, Нұрсұлтан Әбішұлы! Жеңісіміз құтты болсын, ардақты ағайын!