Елордада жедел ахуал бірқалыпты жағдайда. Бұл туралы Астана қ. ІІД басшысы Амантай Әубәкіров Астана қаласы ІІД-де Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал- полковнигі Қалмұханбет Қасымов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен жедел кеңес отырысы барысында мәлімдеді, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Аталған жиында 2016 жылдың жедел-қызметтік жұмыс қортындылары және Астана қаласы Ішкі істер департаментінің болашаққа жоспарлаған маңызды мақсаттары талқыланды.
Өз кезегінде, жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордалық полиция мен жергілікті атқарушы органдардың қарым-қатынасы алгоритіміне тоқталды. Астана қаласы дамып, полиция қызметі жетілдірілуде. Қазіргі таңда «smart-Астана» бағытында ең озық технологиялар қолданыста. Астана көшелерінде замануи камералар орнатылған және олардың саны артуда.
Сонымен қатар, қала басшысы жергілікті полиция қызметінде қоғамдық жерлер мен қала көшелерінде жасалатын құқық бұзушылқтардың алдын алып, басымды іс-шаралар атқаруды қадап айтты. Елордалық полиция қызметкерлеріне «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін өткізу және дайындық кезеңінде ІІД елордалық статусқа сай, тұрғындардың қауіпсіздігін және қоғамдық құқықтық тәртіп жағдайын құруда барлық бағыт бойынша үлгілі, көрсеткіші мен рейтінгі жоғары болу керек екендігін, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оларға үлкен жауапкершілік жүктелгендігін атап өтті.