05 Сәуір, 2011

Әдебиетіміздің алтын тәжі

447 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Халықаралық Абай клубы «Жидебай» жылнамасының тұсауын кесті Абайға жүгіну – әрқашан жақ­сылықтың нышаны. Осыдан 10 жылдың арасында арда азамат, ақберен жазушы Роллан Сейсенбаевтың мұрындық бо­луы­мен сонау тұманды Альбионда ашылған халықаралық Абай клубы қалың қазақтың кө­ңіліне сондай бір сүйініш сү­йін­шілеткені есімізде. Сол клубтың «АMANAT» журналы әлем әде­биетінің жоралғысындай етіп шы­ғарып келе жатқан 200 том­дық кітапханасы да жол ор­та­сынан асыпты. Енді, міне, тағы бір тынысы кең, ойы биік жаңа жоба – «Жидебай» жылнамасы дүниеге келіп, халыққа өз сүр­леу-соқпағын тартты. «Жидебай» да Абай ат­а­мыз­дың аманатына адалдықтан, Абай үлгісі мен хакімдік өсиет­терін жан-жақты жалғастыру ние­тінен туындаған. Қасым ақын: «Қарайсың Қарауылдан Жиде­бай­ға, Бергендей күнде сәлем ұлы Абайға» десе дегендей-ақ, жылы­на бір рет шығып, қазақ әде­биетіндегі озық шығармаларды топтастыратын бұл альманах-жылнаманың «Жидебай» ата­луы­нан да біраз сыр түюге бо­ла­тын­дай. Кезінде асылтек Асқар Сү­лей­менов: «Жидебай деген қазақ әдебиетінің Меккесі ғой» деп баз-базында айтып қоюды ұнатады екен. Жаңа жылна­ма­ның Жазу­шы­лар одағындағы тұ­сау­кесе­рін­де Одақ төрағасының бірінші орын­ба­сары, айтулы ақын Ғалым Жайлыбай сол ойды жал­ғас­тыр­ғандай: «Жидебай қазақ баласы үшін өте қасиетті жер, киелі мекен, қастерлі атау. Абай мен Шә­кәрім туған, ұлылық бесігін тербеткен, тәу ететін рухани Меккеміз сияқты жер. Демек, мына жыл­наманың «Жидебай» деп аталуы тегін емес. Мұндай жыл­нама шығуы қазақ халқы­ның рухани, әдеби-мәдени өмі­рін­дегі өре­лі оқиға. Ол екі жыл­дағы жа­рияға шыққан елеулі туын­ды­лар­дың басын қосуымен, қазақ оқырманына озық мәде­ниет үл­гі­лерін жаңаша жеткізіп тұрған тосын жаңалық болуы­мен де құн­ды» дей келе, барша­ны осын­дай көзайыммен құт­тық­тап, ба­сылымның өркениет­ке жақын­ды­ғын баса айтты. Осы реттегі құ­­растырушы, ақын Әбу­бәкір Қай­ранның таланты мен талғамын салған еңбегін де атап өтті. Жоба авторы Рол­лан Сей­сен­баев­­тың сөзіне жү­гін­сек, «АMANAT»-тың жанынан таза қа­зақ тілінде, қо­­ғамдық ой­дың кө­­рігінде шың­да­лып шынық­қан әде­­би, саяси, пәл­­сафалық жыл­на­ма шығару көп­тен көкейінде жүр­­­­ген арманы екен. Ге­те­нің Вей­мары, Толс­той­дың Ясная По­ля­насы сияқ­ты, Абай­­дың Жиде­ба­йы да әлем­дік өнер мен руха­ният­­тың асыл ме­­кені. Осы­лай деп мақтан тұтуымыз ке­рек. Абай бабамыздың Жиде­байы сонау ХІХ ғасырдан бері әлем ой­шылдарының ойларын то­ғыс­тыр­ған құтты орда болғаны жал­пы алаш жұртына кеңінен мә­лім. Олай болса, қазақ рухының осын­дай құтты ұйығынан бастау алған жаңа да жас «Жидебайдың» ой әлемі, рухани биігі, мұрат-мақсат аясы, зерде парасаты алда айқын­дала түсеріне үміт те мол. Қолымызда «Жидебайдың» бірінші кітабы. Оның әр тарап арнасы асыл сырларды, өлмес өнегені түзілдіргендей. Әр айдарда астарлы ойлар бар. Айталық, «Сарын» – VІІ ғасырдағы көк түріктің ұшқыр жебедей заулаған сыры, Күлтегіннің тасқа қашал­ған жыры. «Алаш» – ел дербестігін аңсаған аталар жолын пайым­даған толғамдарды ұсыныпты. «Арзу» мен «Тағзымда» қазақ әдебиетіндегі қимас тұлғалар Баубек Бұлқышев, Қасым Аманжолов, Төлеужан Ысмайылов, Арты­ғали Ыбыраевтар орын алған. Прозадан қазіргі кемел қалам­герлер Мұхтар Мағауин, Тұрыс­бек Сәукетай, поэзиядан Иран-Ға­йып, Ұлықбек Есдәулет, Жәркен Бөдешұлы, Баянғали Әлімжанов сияқты жүйріктер көрініс тапқан. «Тұлғада» Абай, Олжас Сүлей­менов (Олжекең жайындағы Мыр­затай Жолдасбековтің «Елі­нің елшісі, ұлтының ұяты» атты тамаша эссе-мақаласы алғаш біз­дің «Егеменде» жариялан­ғанын айта кеткеніміз артық болмас), Иштван Қо­ңыр тұрпаттары бедерлене сұл­баланса, «Ой керуенде» Тұр­сын­жан Шапай, Амангелді Ай­та­лы­лар қазақ ойының бүгінгі бұл­қы­нысын танытады. «Шы­ғыс­тан» Омар Хайамның «Нау­рыз-наме­сін», «Батыстан» мадияр бауы­ры­мыз Шандор Пете­фидің жа­қын­да ғана келместің кемесіне мінген ұлы ақынымыз Қадыр Мырз­а-Әлі тәржіме­сін­дегі отан­шыл жырлары берілгенін де бір ұлағат тұмарындай қабылдадық. Сонымен бірге «Жи­дебай» жас ақын-жазу­шы­лар шығарма­шы­лы­ғына көңіл бөлуді, оларды шет­ке қақпай, орын беруді ұмыт қал­дыр­мапты. «Жидебай» туралы кеңінен толғап айта келе, Роллан ағамыз қазіргі қазақ әдебиетінің хал-жайы, жазушылық қарыз бен парыз, әдебиетті өрге сүйрер қа­ра нар іспеттес прозаның мис­сиясы, өмір шындығын шынайы көрсету, халықтың мұң-мұқта­жы­нан алшақтамау сияқты аза­мат­тық ойларын баян етті. Мың­бай Рәш, Әбубәкір Қайран, Бауыр­жан Жақып, Бауыржан Қарабек, Кәмила Құдабаева, Алмат Исаділ, Әбділдабек Салық­бай, Жәркен Бөдеш сияқты та­нымал ақын-жазушылар жыл­намаға жылы ілтипаттарын жа­сырмады. «Жидебайдың» келесі кіта­бын жас дарындар құрастырмақ. Оның көлемі үлкейе түспек, айбыны кеңейе бермек, келешекте өзінің арнайы сыйлығын тағайындамақ. Атауы қасиетті басылым әдебиетіміздің алтын тәжіне айналуына, қадамы құт­ты болуына біз де тілектеспіз. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.