05 Сәуір, 2011

Тәуелсіз комиссия тағылымы

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «Рамада Плаза» қонақ үйінде Қазақстан Рес­публикасындағы кезектен тыс президент сайлауын бақылау жө­ніндегі қоғамдық комиссия бірлестігі мүшелері журналистермен өз мәлім­де­мелерін баян ету мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді. Оны атал­ған бірлестіктің тең төрағасы Нұрлан Ерімбетов жүргізіп отырды. Еліміздің танымал қоғам қайрат­керлерінің бастамасымен құрылған бұл қоғамдық комиссия өзінің басты мақсатын кезектен тыс президент сайлауына объективті баға беру мен оның әділ, ашық, еркін түрде өтуіне ықпал ету деп түсіндірді. «Біздің бұл жауапты міндетіміз өз деңгейінде атқарылды деп мәлімдейміз. Әуелден комиссия қызметінің басты принципі ретінде бекітілген заң аясында комиссия мүшелерінің қандай да бір пар­тияға қатыссыздығы және билікпен қарым-қатынасының болмауы нақ­тыланды. Мұның бәрі өткен сайлау науқанын шынайы бағалауға мүм­кін­дік берді», дейді Н.Ерімбетов. Комиссия мүшелерінің мәлімдемесіне сүйенсек, жалпы алғанда, бұл сайлау Қазақстан заңнамасының талапта­ры­на және мойындалған демократиялық стандарттарға сәйкес өткен. Мемлекеттік өкілетті органдар барлық кандидаттар үшін тең жағдай мен қол­да­ныстағы заңнаманы сақтауды, соны­мен қатар оларға бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қолжетімділікті қамтамасыз етуді, сайлауды әділетті және ашық өткізуді қамтамасыз еткен. Белгілі болған басты нәрсе қоғамның ұйысуы мен ұлттық бірліктің жаңа деңгейге көтеріліп, азаматтардың элек­торалды және құқықтық мәдениетінің өскендігі. Бұған аталмыш комиссия­ның алдын-ала анықтаған дерегіне сәйкес, жалпы сайлаушылардың 91,3 пайызды құрауы анық дәлел. Қоғамдық комиссияның қызметі – ашықтық ұстанымын қамтамасыз ет­іп, Орталық сайлау комиссиясымен, Азаматтық институт және халық­ара­лық ұйымдармен сайлау процесіндегі бұзушылықтардың алдын алу және сақтандыру бойынша бірлесе жұмыс істеуге бағытталған. Бұл комиссия сонымен бірге, сайлау процестерінің халықаралық стандарттарға сәйкес өтуіне ықпал етуге де барын салғаны мәлімдемеде көрсетілген. Комиссия жұмысының кең ауқымда өтуіне елімізде қалыптасып келе жатқан жас­тардың ерікті қозғалыстары да ықпал еткен. – Қоғамдық бақылауды іске асыру мақсатында бірлестік 5890 ерікті байқаушыларды даярлықтан өткізді. Олардың басым бөлігі студент жастар. Сондықтан біз сайлау учас­ке­ле­рінің 60 пайызын бақылаумен қамты­дық. Бұл науқан Қазақстан қоғамын демократияландыруда маңызды ор­ынға ие болып, шешім қабылдауда да еркіндікті қамтамасыз етті. Ол өз кезегінде қоғамдық-саяси институттарға сенім орнағанын көрсетеді. Біз бар­лық еріктілер мен демеушілерге аза­мат­тық қоғам институттарына, әсіре­се, шетелдік байқаушыларға өзіміз­ді белсенді қолдағаны үшін шексіз ал­ғысымызды білдіреміз, дейді жиын­ға қатысқан комиссия мүшелері. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.