05 Сәуір, 2011

Жоғары болсын жұлдызы

724 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы күнін облыс сайлаушылары көтеріңкі көңілмен 3 сәуірдің ақ таңымен таласа тұрып, өз таңдауларын жасады. Оларды «Біздерді бір Отан, бір тағдыр, бір көшбасшы біріктіреді» деген ұранға айналған қанатты сөз жігерлендіре түсті. Қасиетті түбек халқы – тумысынан шаруақор мал­шы­лар, мұнайшылар ерте тұрғанның ырысы артық деп бек сенеді. Осындай игі дағдыға сай сайлаушылар ертелетіп дауыстарын халқымыздың қалаулы перзенті үшін беруге ұмтылды. Қай сайлау учаскелерінде болмасын келушілер, дауыс берушілер толас таппады. Учаскелік округтік ко­миссияларының құрамы оларды жылы жүзбен қабылдап, өздерінің азаматтық парызын өтеулері үшін барлық жағдай туғыза білді. Осындай ұйымшылдықтың нәтижесінде түс мезгілінен аса тізімдегі сайлаушылардың көпшілігі дауыс беріп үлгерді. Жұмыс вахтасындағылар, денсаулығы себепті сайлау учаскелеріне келуге мүмкіндігі жоқтар және басқалардың дауыс беруіне жеткілікті жағдай туғы­зылды. Облыс орталығынан шалғай орналасқан әрбір ауыл, село, дала қостарындағы сайлаушылар өз таңдау­ларын жасауға жағдай жасалғаны үшін ризашылық­тарын білдіріп жатты. Басы байлы болса, аяғы сайлы болмақ. Маңғыстау облы­сында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы басыбайлы жағдайда басталды. Соңы да сәтті аяқталды. Бұл айтылғанды төмендегі дерек көздері жеткізе алады. Облыста дауыс беруге тиіс сайлаушы­лардың 94,2 пайызы сайлауға қатысып, дауыстарын берді. Бұның өзі, сөз жоқ, жақсы көрсеткіш. Бұл халық бірлігінің, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы дана басшылығының заңды жеңісі. Бұның өзі маңғыстаулықтардың «Біз Елбасымен біргеміз» деген антына адалдығының жеңісі. Сөздің толық мәнінде – маңғыстаулықтар сайлауда әлем таныған тұлғаға деген алғыс сезімдерін ақ ниеттерімен паш ете білді. Қазыналы түбек халқының осылайша ұлағатты қадам жасайтын жөні бар. Кешегі Кеңес өкіметі тұсында республика басшылығына Колбин келуімен дүрілдеп тұрған Маңғыстау облысы жабылды. Халық тоз-тоз болып, өн­ді­ріс шаруашылығы шатқаяқтап қалды. Тек, еліміз егемен­діктің көк байрағын желбіретісімен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы өзінің Жар­лығымен Маң­ғыс­тау облысын қайтадан ашты. Бұрынғы қиғаш­тықты қал­пына келтірді. Маңғыс­таулықтар болса, өз кезегінде Ел­басы сенімін ақтай білді. Бұл күндері Маңғыстау облысы республикамызда экономикалық-әлеуметтік дамуы жөні­нен алдыңғы қатарлы облыстың бірі болып отыр. Маңғыстау халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы қолдау көрсету жөнінде алда екеніне іс жүзінде нақты көз жеткізіп, Елбасының мәртебесін биіктете түсті. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының мән-мағынасы, тәлімі мен тәрбиесінің маңызы ерекше. Бұл жай алдағы уақытта талай-талай саясатшы­лардың, тарихшылардың, ғалымдар мен саясаткерлердің еңбектеріне арқау болады деп ойлаймын. Шындығында бұл сайлау еліміздегі демократияның, бірлігіміз бен татулығымыздың айқын көрінісі. Оны Елбасы өзінің кемелдігімен келтірді. Яғни, ол бүкілхалықтық референдум өткізуге қарсы болып, кезектен тыс сайлау өткізуге тоқтап, өзін елі қолдап, құрметтейтінін әлемге тағы да паш етті. Бұл ортақ абыройымыз. Ортақ қуаны­шымыз. Бұл даналық пен даралықтың керемет көрінісі. Ендігі мақсат – барша қазақстандықтарды қанаттан­дырған «Қазақстан-2020» бағ­дар­ламасын көп болып қолдап, оның жүзеге асуына бір адамдай атсалысуымыз қажет. Маңғыстаулықтар бұл ретте ерекше үлес қоса­тындықтарын сайлау кезінде азаматтық дауыс­тары ар­қылы айқындап өтті. Дауыс беруде алдыңғы орын­дардан көрінді. Көреген халқымыз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік даму жолымен бұдан әрі де алға бастай беретіндігіне кәміл сенеді. Соңынан ереді. Ал маңғыстаулықтар әрқашанда Елбасының, еліміздің сенімді тірегі бола береді. Тәуелсіз қазақ елінің де, елі сүйген ерінің де жұлдызы жоғары болғай. Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, Маңғыстау облысы әкімі жанындағы  ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы. Ақтау.