Ердің елі, елдің ері бар екен! Оған 3 сәуір күні өткен Президенттің кезектен тыс сайлауының қорытындысы айғақ. Нұрсұлтан Назарбаев алдын ала есептеулерге қарағанда, 95,5 пайыз дауыс алды. Үлкен жеңіс. Бірақ сол жеңістің ар жағында не тұр? Әрине, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қызметінің абыройлы жолы жатыр.
Бір қарағанда, Президент болу да, ел тізгінін ұстау да оңай көрінетін сыңайлы. Сайлау адам психологиясының осал тұстарын ашып берді. Ардагер де, көріпкел де, жұмыссыз да Президент боламын деп жар салды. Аса таяғын тақылдатып тағы бір ағамыз қосылды.
Ойлан, қазақ! Ел бастау да, қол бастау да оңай болса, кәнеки! Халық тарихындағы Есім ханның ескі жолы да, Қасым ханның қасқа жолы да, Әз Тәукенің жеті жарғысы да сана түгіл, ойына кіріп-шықпайтын пендешілік психологиясы неге бас көтере береді деп ойланасың. «Атың шықпаса, жер өрте» деген мақалды тура мағынасында емес, ауыспалы мағынасында түсінетін заман келді ғой. Абай дананың өзі қарасөздерінің бірінде осындай психологияға негізделген қазақтың мінезін сынамаушы ма еді?
Демократия ерттеп те, ерттемей де міне беретін сәйгүлік емес. Ол Аязби айтқан «құмырсқа жолыңды біл» назирасының алтын арқауы. Оны түсінетін ойлы жүрек, санадағы тілекті «сап-сапқа» түсіретін ұят керек.
Хош! Сонымен, аламан бәйге не көрсетті? Үйренетін де, сараптайтын да тұстарымыз баршылық. Ең алдымен Қазақстанда демократия да, ашық қоғамның алғышарттары да да бар екеніне әлем көз жеткізді. Сайлау барысын алыс және жақын шетелдік 1059 бақылаушы қадағалады. Оларға қосымша Сыртқы істер министрлігінде тіркелген 200 журналист және бар. Оған 30 мыңнан астам отандық бақылаушыны қосыңыз. Яғни, әлемдік қоғамдық ойдың көз алдында өткен сайлау ашықтығымен, әділдігімен, мүмкіндіктердің теңгермелігімен айшықталды. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаев қадап айтқандай, бұл сайлауда заң үстемдік етті, ой жарысы, ел тағдырына қатысты ұлттық құндылықтар сарапқа салынды, сайлаушының кең ақпарат алуына мүмкіндік берілді.
Қазақстанда оннан астам саяси партия бар. Сол алуан партиялардың бағын сынайтын уақыт туған-ды. Ол көрік секілді, партия жұмысын қыздырып, түрлі сайлау технологияларын пайдалануға мүмкіндік беретін еді. Өкінішке орай, мұндай сәтті «мықтымыз» деп жүрген партияларымыз саналы түрде пайдаланбады. Неге? Белдесуге жарамайтындарын білді. Бірақ, «жығылсаң жер көтереді, намысыңды ел көтереді» деген халық даналығы бар емес пе еді? Ашық күресудің орнына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей тобықтан шалу саясаты таңдалғаны мәлім. Әртүрлі жүйрік бар, әліне қарай шабады. «Сайлауға барма» деп еді, халық сайлауға барды, «Назарбаевқа дауыс берме» деп еді, халық Назарбаевқа дауыс берді. Дауыс беріп қана қоймай, сайлау додасының насихатына тікелей қатыспаған Елбасын қайтадан жұдырықтай жұмылып, таққа отырғызды. Ал Назарбаев болса, «мен емес таққа отырған, қазақ, ел таққа отырды» деген ұстанымда. Шыны сол.
Назарбаев үшін президенттік қызмет елінің, оның жаңа заманауи дамуын жүзеге асыру үшін қажет. Кеше ғана референдум өткізіп, Елбасының өкілеттігін 10 жылға ұзартуды ұсынған 5 миллион сайлаушы халықтың тілегі, халықтың үміті жеңіске жеңіс қосты. Мұны Назарбаевтың шекпенінен шыққан, кеше билікте, бүгін қарсыластар ендігінде жүрген партия «серкелері» білсе де білмеген, көрсе де көрмеген болды. Бірақ халықтан артық әділ, халықтан артық кең, халықтан артық сарапшы жоқ. Сондықтан да Президент «халықтан айналайын» деп бас иді. Бұл жеңіс алғашқыда жеңіл көрінгенімен, өзінің психологиялық тереңдігімен, Араб елдеріндегі көріністердің көлеңкесімен, саяси топтардың үркітуге тырысқан, ашық-жабық әрекеттеріне қарамастан, салмақты да салиқалы екендігін паш етті.
Елбасы Н.Назарбаев саяси қоғамдық сыннан өткен ірі тұлға, ірі қайраткер. Бұл күнде Ататүрік, Рузвельт, Шарль де Голль сынды әлемді аузына қаратқан саясаткерлердің қатарына қосылып, есімі аталып жүрген Нұрсұлтан Назарбаев кешеден бүгінге келген ұлт қайраткері.
Н.Назарбаев «Өмір – үйренуден тұрады» дейтін қағиданы ұстанады. Сондықтан да Тәуелсіздік туы желбіреген күннен бастап халқының көз алдында өзі өсті, халқы өсті. Өзі үйренді, жаңа нарықтық қатынастарға халқы үйренді. Жиырма жылға жетер- жетпес уақытта Қазақстан жаңа тұрпатты жас мемлекеттен азулы мемлекеттердің өзі санасатын, өркениетті елу елдің қатарына қол созған, посткеңестік жүйеден шыққан ірі мемлекетке айналды.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев миға «шабуыл» жасаудан жалыққан емес. Әлем өркениеті қалыптастырған жақсы тәжірибелерді Қазақстан мемлекеті мен ұлттық менталитеті тұрғысынан шендестіре отырып, үнемі тың ізденістер мен ұсыныстар айтады. Сайып келгенде бұл Қазақстанның әлемдік дағдарысқа қарамай-ақ 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағдарламасын жасақтауға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн.
Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы да өміршең, кезең-кезеңмен атқарылатын асқаралы міндеттермен ұштасып жатады. Күні кеше жасаған Қазақстан халқына Жолдауында Н.Ә.Назарбаев ел өмірінің тамыршысындай, халық күткен мәселелерге батыл ұстанымдармен келді. Бұл да көреген саясаткердің ел мен жер, халық пен қоғам арасындағы біртұтастық концепциясының орныққанының дәлелі.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауы Елбасының «Не істеу керек?» деген сауалға жауап тапқанының айғағы болды. Енді Қазақстан алдағы 10 жылда тұсаулы аттай тыпырламайды, енді Қазақстан әлем өркениетіне қарай көсіле шабады. Мәре айқын, ол ұлттық құндылығы – тәуелсіз Қазақстан, мемлекет және оның азаматтарының ортақ мақсаты біріккен, экономикалық өрлеу – халықтық іске айналатын, өңірлік және халықаралық интеграцияны дамытып, төрт құбыласы тең Отанымыздың ашық та, айқын қоғамын құру.
Осының бәрі алдын болжайтын, соңын ойлайтын ірі саясаткердің қадамдары екенін Елбасының жақтастары да, қарсыластары да мойындауы керек қой деп ойлаймын.
Ең алдымен ХХІ ғасыр – Қазақстан ғасыры екенін ұмытпайық. Сондықтан да Қазақстан үшін ең өзекті де өркенді бағдарлама – 2020 бағдарламасы болғалы отыр. Сол бағдарламаны орындау ғана емес, сол арқылы әлеуеті күшті, өркениетті елу елдің қатарына қосылу үшін қоғам да, адам да, қоғамдық қатынастар да өзгермек. Бір сөзбен айтқанда, тарихи салыстыру тұрғысынан келсек, кезіндегі Рузвельттің АҚШ-ты дағдарыстан шығаруға арнаған «Жаңа бағыты» сияқты бұл бағдарлама өнеркәсіпті, экономиканы, идеологияны дамытатын азаматтық қоғам құрудың алғы шарты болатын тосын жол, тың соқпақ, басты бағыт.
Бұл бағдарламаға Н.Назарбаев әлем өркениеті өткен жолды сараптап, керектісін іріктеп, индустриялық-инновациялық жаңғырту тұрғысынан келді. Өзі өткен жолдың күнгейі мен көлеңкесін уақыт безбеніне салды.
Н.Назарбаев ұсынып отырған Қазақстанның индустриялық модернизациясы арқылы әлеуметтік модернизациялы саяси өзгерістерге жол ашылмақ. Бұл әлемдік дағдарыс кезіндегі қазақстандық әдістің оңтайлы орын алғанын айғақтап отыр. Демек, «әуелі экономика, сонан соң саясат» ұстанымы әлі де өміршең. Әрі бұл азаматтық және ұлттық ұстанымдарға негізделген мемлекеттің потенциалының қарқынды дамитын бағдаршамына айналмақ.
Сайлау тағылымдары сарапшылар, саясаткерлер, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан әлі зерттеліп, пайымдала жатар. Дегенмен, бір нәрсенің беті ашық. Әлем мойындаған саясаткер Н.Назарбаевқа баламалы түрде президенттікке үміткер болған Қазақстан патриоттар партиясының төрағасы, сенатор Ғани Қасымов, Қазақстан халықтық коммунистік партиясының өкілі Жамбыл Ахметбеков, эколог Мэлс Елеусізов үлкен бәсекеге жақсы дайындықпен келгендерін танытты. Көптеген қордаланған мәселелерді көтерді. Әсіресе, әлеуметтік жағынан қорғалуы әлі де төмен топтардың өкілдерімен кездесулерінде көтерілген мәселелер оларды ғана емес, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өкілдерін де бейжай қалдыра алмайды. Сондықтан да Президенттің сенімді өкілі, Мәжіліс депутаты ретінде мен де сайлау барысын жіті қадағалап, халықпен кездесіп, кездесулерде көтерілген өзекті деген мәселелерді қойын дәптерге түртіп алдым. Жақында Ауыл шаруашылық министрі А.Күрішбаев Парламент Мәжілісіне келіп, ауылдық елді мекендерді дамытудың 10 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы есеп беретін болады.
Бәсекеге түскен, президенттікке түскен үміткерлердің бағдарламасында қосылатын да, қосылмайтын да тұстары бар ғой деп ойлаймын. Салыстыру үшін, айта кетелік. Үміткер Ғани Қасымов саяси жүйені модернизациялау қажет деп есептейді. 9 партияның 3-і ғана өз өкілдерін президенттікке кандидат етіп ұсынды. Бұл Президент Әкімшілігінің қысымы дейді.
Бұл не сарын? Сонда Президент Әкімшілігі Жармахан Тұяқбайға, Болат Әбіловке, Тоқтар Әубәкіровке, Ғазиз Алдамжаровқа, Әлихан Байменовке, Жасарал Қуанышалинге президентке үміткер болып, сайлауға түспе дей ме? Халықты алдаусыратудың қажеті жоқ.
Ғани Қасымов вице-президент лауазымын Сенат төрағасы болып қатар атқаратын жаңа лауазым қажет деп есептейді, әрі облыстық құрылымдарды жою қажет деп түйіндейді. Үкімет – министрлік – аудандық әкімдіктер. Облыс орталықтары Алматы, Астана сияқты статуста болғаны жөн деп санайды. Әрине, әркімнің өз ой еркіндігі бар. Бірақ бұл өзгерістер халыққа да, қоғамға да түсініксіз. Ал түсініксіз нәрсенің бәрі көмескі. «Әсіреқызыл тез оңар» деген халық нақылын ұмытпайық.
Үміткер Жамбыл Ахметбеков мәселені тағы да коммунисше шешкісі келеді. Энергетика, мұнай және тау-кен өндірісі, темір жол, әуе транспортын мемлекет меншігіне қайтару керек. «Әуелі экономика, сонан соң саясат» ұраны ескірген деп есептейді. Бұл тағы да революция, бұл тағы да қантөгіске әкелетін жол. «Билікте күш, бізде – шындық» деген ұранды ту еткен коммунист үміткердің бұл ұранына кім иланады? Ол қандай шындық? Шындық – біреу. Ол Қазақстан енді ешқашан коммунистік идеологияның құрбаны бола алмайды.
Коммунист Ж.Ахметбековтің «Халықтың президентке жолдауы» ұстанымы табылған саяси әдіс деп есептеуге болады. Оны билік партиясы екшеп, қажеттісін алады ғой деп ойлаймын. Бұл туралы Елбасы өз жақтастарының «Қазақстан» спорт кешенінде кеше өткізген форумында қадап айтты. М.Елеусізов экологиялық қорғауды қажет ететін нақты істермен көзге түсті. Бұлақ көздерін ашты, арықтарды тазалады, ағаш отырғызды. 3 сәуір күні М.Елеусізов ашық түрде Елбасы Н.Назарбаевқа өз дауысын берді. Азаматтық үрдіс.
Н.Назарбаевқа баламалы түрде сайлауға түскен барлық кандидаттардың бағдарламасының әр кескіндегі, әр мазмұндағы бағдарламаларының аржағында Назарбаев бағдарламасының сұлбасы жатқанын да айта кеткен жөн.
Н.Назарбаев «Өзім үшін емес, елім үшін толғанамын: бір басыма керекті қай күнде де табармын. Халқыма керекті қалай табам, қайдан табам деп қам жеп жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы қажет», – деп еді.
Соның ең негізгі нәтижелеріне көз жүгіртелік:
Қазақтың есесі кеткен тарихын қайтарған кім – Нұрсұлтан Назарбаев!
Есіктегі басын төрге шығарып, жас қазақтың етектегі орнын кәрі құрлық Еуропаның төріне апарып отырғызып, ЕҚЫҰ-ның тізгінін ұстатқызған кім – Нұрсұлтан Назарбаев!
Қазақстанды әлем картасына енгізіп, қазақ деген мемлекет бар екенін орнықтырып, оның шекарасын халықаралық құжаттармен шегелеген кім – Нұрсұлтан Назарбаев!
Сарыарқаның төріне, Еуразияның кіндігіне әкеліп, орда салған да – Нұрсұлтан Назарбаев!
Түркі әлемінің көк туына айналған да – Нұрсұлтан Назарбаев.
Терезесі тең, керегесі кең елдің Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Жеңіс құтты болсын, ағайын!
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Мәжіліс депутаты.