05 Сәуір, 2011

Жасампаздықты жарасты жалғастыру

531 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Иә, кешелі бері Орталық сайлау комиссиясының мәлімдемесін елең­дей күткеніміз рас. Қай ісін де әлем­дік контексте қарастыруға мәжбүр іргелі елдердің қай-қайсысы сияқты Қазақстан да мемлекет басына кім келетініне ешқашан енжар қарап көрген емес. Өліп-талып тәуелсіз­ді­гіне енді қол жеткізіп отырған біздің қоғам үшін ондай салғырттыққа әлі ерте. Әсіресе, бүкіл ел реформаға жабыла жұмылған бүгінгі жағдайда. Жақсы істер басталып, жаңа бағдар­ламалар қолға алынуда. Олар бұдан да дамып, ойлаған нәтижелерге жеткізе ала ма? Әлде бәрін де орта жолда қалдырып, ел басындағы ахуал басқа бағытқа бұрылып кете ме? Тіпті Елбасының өкілетін бүкілхалық­тық жолмен ұзар­ту жайындағы ұсы­ныс тегіннен-тегін туындап жүр­меген­дей. Оның үстіне Жапониядағы зілзала жүрек шошынтты. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс қайта буыр­қа­нуда. Мұндай жағдайда асығыс қо­ры­тын­дылар туып жүр­мей ме? Елбасы бас­та­лып кеткен үдерістер­ді мұқият зерттеп, шұ­ғыл шешімдер жасады. Он­ың Ел Президентінің ха­лықтың еркін және тікелей дауыс беру жо­лы­мен кезектен тыс сай­лау­ын өткізуді ұсын­ға­ны бәріміздің де көңі­лі­міз­ден шықты. Ол қа­зір­гі­дей аса жауапты ке­зеңде өзін-өзі сыйлай­тын қай саясатшының да халық еркімен санасатын кө­ше­лі мінезін көр­сетті. Биылғы сайлауда 4 саясаткер Қа­зақ­стан Республикасы президенттігіне кандидат болып тіркелді. Қай-қай­сы­сы да ел жолында еңбек етуден тар­тынбады. Заңнан тысқары артық­ша талаптар талап етпеді. Әрқай­сы­сы өз көзқарастарын мұқият зерделеген бағ­дарламаларын ұсынды. Тіпті жұрт­шылық көңілін елең еткізетіндей әр қилы деңгейдегі уәделері де болды. Алайда, отандастарымыздың көп­ші­лігі басталмай жатып, түбегейлі өз­герістер мен сілкіністерге тап келген жаңа өкілеттілік кезеңінде жұрт­ты елеңдететін уәдеден гөрі көпті көріп төселген тәжірибеге, тарих тал­қысынан алған тағылымына, ел үшін істеген еңбегіне басымдық беріп – нақты істер мен жақсы нәти­же­лерге дауыс бергенді жөн деп тапты. Бұл жағынан келгенде қазіргі Пре­зидентіміз, қалған әріптестеріне қарағанда, қай жағынан да атына қам­шы салдырмайтын еді. Бәрін қой­ғанда, бүгінгі дербес мемлекеттігімізді сомдаудағы ерен еңбегін әлемге аян саясаткерлердің талайы мойын­дады. Енді болмағанда елден де, жерден де, тілден де баз кеше жаздаппыз. 1989 жылғы санақ бойынша, Қа­зақстандағы қазақтардың саны 39,7 пайызға дейін құлдырағаны өзімізге белгілі. Одақтас республикалар ара­сын­да мұндай пұшайман хәлді жал­ғыз біздер ғана кешіппіз. Алдымыз­дағы латыштар өз елдерінде 52,1 пай­ыз, қырғыздар 52,4 пайыз, эстон­дар 61,7 пайызды құрапты. Ал қал­ған­дары өз елдерінде даусыз көпші­лікті құрайды екен. Мұның бәрі көптен бері жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан жымысқы саясаттың сал­дары еді. Ұлттық республика си­па­тынан айырып, күндердің күнінде егемендік талап етпеу үшін алдын-ала ойластырылған айла-шарғы еді бұл. Мұндай жағдайда тәуелсіздікке қол созу нағыз жүрекжұтқандық болар еді. Біздің Президентіміздің бо­йынан ондай нар тәуекел табылды. Соның арқасында биыл дербес мемлекет болғанымыздың 20 жылдығын тойламақпыз. Сол екі ортада еліміздегі қазақтардың саны алпыс пай­ыздан асып жығылғанын да білеміз. Мұны да Президент асқан шеберлікпен жүзеге асырды. Ұлтаралық тату-тәттілікке мейлінше қырағылықпен қарай отырып, сыртта жүрген отан­дастарымызға құшағын айқара аша білді. Тарыдай жан-жаққа шашылып кеткен қандастарын елге шақырып, арнайы ұшақтар жіберіп алдырып, үй беріп, күй туғызып, жайғастырып жатқан үш мемлекеттің біреуі бізбіз. Мен жуырда Ақтаудың маңынан жа­ңадан ашылған ауданды аралап көрдім. Түгелге жуық Ираннан, Түр­кіменстаннан, Қарақалпақстаннан кө­­шіп келгендер екен. Батыр кеншінің Емір деп аталатын шағын ауданында осыдан қырық үш жыл бұрын барып көрген, Кушка түбіндегі Падкыз қо­рығында көшіп-қонып жүрген ежелгі туыстарыммен кездестім. Ол жақ­тағы шаруалары жайлы еді. «Елге келген соң, ол күй­ле­рің­нен айыры­лып қалған жоқ­сыңдар ма?» – деп сұ­рағанымда: «Ата-бабамыз аңсап өт­кен туған елмен қауышқан соң, біз үшін бұ­дан асқан ба­қыт болу­шы ма еді!» – деп жауап берді. Бүгінгі таңдағы басты парызымыз – қан­даста­ры­мыздың бойын­дағы осы ыс­­тық сезімге кірбің тү­сір­меу. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елін аңсап келе жатқан ұлы көш­ті әлі де тас­қын­дата түсу. Мемлекеттер ара­сын­дағы да­мып жат­қан эконо­ми­калық мүдде­лес­тік­ті талай жылдан бері елге орала алмай жүр­ген отан­дас­та­рымызды қай­­тарып алумен орайлас­тыра шешу. Тарихи шырғалаң­дар тұ­сында шыр­қы кеткен халықтық қалпы­мызды демо­графиялық өсімтал­дық пен бейбіт кө­ші-қон арқылы қайта жөндеп алуға күш салу. Біз үшін бұдан биік мерей жоқ. Осы орайда ойымызға оралар және бір үлкен жетістігіміз – ұлан-байтақ шек­арамызды біржолата заңдастырып үлгер­геніміз. Қазіргі жер шарының кө­ле­мі – 506 миллион шаршы километр көрінеді. Оның 352 миллион шаршы километрі мұхитта, 135 миллион шар­шы километрі құрғақта, 21 миллион шаршы километрі солтүстік және оң­түс­тік поляр аумағына орналасқан дейді. Сонда әр мемлекетке орта есеппен 0,6 миллион шаршы километрдей құр­ғақ жер тиеді екен. Ал біздің Қазақ­стан­ның аумағы 2 миллион 717 мың шаршы километрден асып түседі. Жаратқан Иенің бізге бұл жағынан да оң көзімен қарағандығы айқын. Ос­ындай мол ау­ма­ғымызды барлық көр­ші­л­еріміз мой­ын­дап, келісім шартқа тегіс қол қойды. Олардың арасында Ресей мен Қытай да бар. Бұл мемлекеттігімізді ны­ғайтудағы үлкен табы­сымыз еді. Мұн­дай маңызды нәтижеге жетуімізге Пре­зиден­тіміздің сіңірген еңбегі өте зор. Қазақстан сияқты аса зор мүмкін­діктерге ие мемлекетке сан тараптан сан қилы әрекеттермен жасалып жа­та­тын, сан алуан қыспақтарға төтеп беріп, та­банды саясат жүргізе білудің ар­қасында әлденеше ұлттың өкілдері кешегі келе­ң­сіздіктер кезінде де жүз шайысып көрген жоқ-ты. Мұндай ішкі орнықтылығымыз сыртқы тартымды­лы­ғымызды да қам­тамасыз ете алды. Бұл арада дінаралық байланыс­та­ры­мыз­ға да басты көңіл бөл­мей болмай­ды. Қазақстан бұл тараптан да шы­найы жаңашылдық ұстаным ұс­тана білді. Өзара тіл табысудан әлдеқа­шан үміт­те­рін үзіп қойған әлемдік діндер мұндай бастаманы басқа тараптан күт­се де, жаңа тәуелсіздік алған жас мемлекеттен күте қоймаған шығар. Өзара пікір ал­масып, ой бөлісудің ортақ ала­ңын тау­ып берген қашаннан бері үр­діс­тен шыға жаздаған диалог пен по­ли­логты қай­та­дан күнделікті тәжіри­беге айналдыру – Қа­зақстан ашқан тартымды жаңа­лық­тар­дың бірі болды. Ежелгі Рим, Иерусалим, Мекке, Медине, Куфа, Лхас бас­та­рын қоса алмай келе жатқан дін бас­шы­лары мен шіркеу басшыларын біздің жап-жас Аста­намыз үш рет жинап, үш рет бас­тарын қостырып үлгерді. Бұл Қа­зақ­стан танымалдығының бүгінгі таң­дағы ең үлкен жетістігі еді. Халықаралық танымалдық дегеннен шығады, Қазақстан бұл мәселеге әп дегенде айрықша маңыз берді. Олай болуы орынды да еді. Бір кездегі әл­ем­дік геосаясатта хартленд деген ұғым болды. Қазақшасы «жер кіндігі» деген сөз. Ол аймаққа Сібір мен Қазақстан кіреді. Қай мұхиттан жүзіп келіп ат­қы­ласаң да, әлгі аймаққа бәрібір атқан снарядың жетпес еді. Ендеше, мұндай «жер кіндігіне» ие болған ел бүкіл Еуразияға, ал Еуразияға ие болған ел бүкіл жер жүзіне үстемдік құра алады дейтін түсінік көп уақытқа дейін етек жайды. Сондай хартлендке жету үшін талай құрлықаралық қарулар ойлап та­былды. Сондай үрейлі қарулар сына­латын алаңдар да сол маңайда топ­тас­тырылды. Әлемдегі ең ұшқыр зы­мы­ран­дар да солай қарай оқталып, солай қарай бағытталды. Ондай қатерлі қа­рулардан құтылмай тұрып, Қазақстан да бүкіл жаһаннан оқ кезейтін нысана болып қала бермек. Жап-жас мемлекет жұрттың қарадай зәресін алатын үрей­лі пәннің мұндай тұңғиық сырын дер кезінде ұға білді. Ядролық қарулардан ең бірінші болып бас тартуға ақылы жеткен мемлекет те біз болдық. Сол күннен-ақ Қазақстан мен Назарбаев­тың аттары әлемдік танымалдықты иеленді. Ол КСРО тарамай жатып, сынақ алаңын жауып, ядролық қарулардан бас тартты. Халықаралық қауіпсіз­дік­тің жа­ңа кепілдіктерін қарастырды. Бұл істі кешенді түрде жүзеге асыруды көздеді. Еуропадағы оң ізденістердің Азияда да жалғастық табуын қолдады. Тәуел­сіз­ді­гіміздің жаңа қаз басқан ба­лаң кезінен қарқынын жоғалтпаған бұл ізденіс­тер­дің ең жемісті өрбіген тұсы 2010 жылы болды. ЕҚЫҰ-дағы төра­ға­лығын Қа­зақ­стан аса табысты атқарды. Астана Саммиті елімізде жүргізіліп отырған жа­ңашылдық бағытынан ау­ыт­қы­май­ты­нын бүкіл әлем алдында паш етті. Оған іле-шала өткізілген Азия елдерінің Қыс­қы ойындары Қа­зақ­стан реформасының жасампаздық қарқынын жақсы таныт­ты. Мұндай кең көлемді спорттық бағ­дарламаларды өт­­кізу жиырма жыл түгілі жиырма ғасыр өмір сүріп отыр­ған іргелі мемле­кет­тер­дің де қолда­рынан келіп жатқан жоқ. Шығыс десе күңсіген ескілік пен кер­тартпалық еске түсетін ұшқары ұғ­ымд­арды жоққа шығаратын мұндай ша­­раларды ойдағыдай өткізу үшін, әрине, тепсе темір үзетіндей тегеурінді эко­­но­мика керек. Қазақстан эконо­ми­ка­сы кеңес кезінде біршама шарықтап өссе, кешегі құлдырау тұсында тақырға мық­тап отырды. Түгелге жуық Одақ ба­қы­лауында болып, қараусыз қалған қараң экономикаға жығылған жерінде жан бітіріп, бойына қайтадан қан жү­гірту үшін аттай он жылымыз кетті. Шар­­тараптанған шаруамыздың шын­дап тү­зеле бастағанына да он жыл болды. Осы мерзім ішінде біреулер тойып секірді, біреулер тоңып секірді. Аңыр­ған халық екеуіне де түсіне алмады. Реформа шын кейіпке енді-енді ене бас­тады. Бизнестің әлеуметтік астарл­а­ры айқындалды. Қаржы институтта­рын сауықтыру қарқындады. Білім беру, денсаулық сақтау, тарихи-мәдени мұ­ра, тілдерді дамыту, ауыз су, жұмыс­сы­з­дықпен күрес, кемшіндерге көмек әр қилы айла-шарғылардан арылып, жүйеленіп келеді. Мектеп, аурухана, балалар бақшасы, мәдениет орында­рына назар аударылды. Жол жөнделе бастады. Өндіріс өрістеді. Тұрмыс тү­зеле бастады. Бәрі де біртіндеп жақ­сарып, біртіндеп тәртіпке түсіп келеді. ­ Жағдайдың өзгере бастағанын әр­кім жақсы біледі. Маңғыстауға әр бар­ған сайын оң өзгерістерді көріп, бір серпіліп қаламын. Мұнда бүгінгі Қа­зақ­станның ауадағы, судағы, құрлық­тағы батыл қа­дамдары бірден бай­қа­лады. Мұндай жа­ңалықтарды қалған өңірлерден де кө­ре­міз. Теріскей мен күнгей, батыс пен шы­ғыс арасындағы ұлан-ғайыр далада жаңа құрылыстар көптеп салынуда. Бұл біздің өткенмен емес, келешекпен өмір сүре бастаға­ны­мызды танытса керек. Өткен өмір жолымыз да, атқарып жатқан игі істеріміз де, күннен күнге күрделене түскен міндеттеріміз де, ел болашағын үзбей бақылап, үздіксіз жетілдіруді алдына мақсат етіп қойған саяси жетекшіміздің мігірсіз ізденістері мен тиянақты тәжірибесіне мейлінше мұқият үңіліп, әділ бағалауға үндейді. Бұл осы сайлаудан да анық кө­рін­гендей. Алуан ұрпақ өкілдерінің мұн­ша­лықты электоральдық белсенділігі мен бірауыздылығы бәрімізді де сүй­сін­теді. Тәуелсіздігіміздің баянды, де­мо­­кра­тия­мыздың жүйелі, жасампазды­ғы­мыз­дың жарастықты бола беруін тілейік! Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері.