05 Сәуір, 2011

Жеңіс күнгі жыр

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан Назарбаевқа Халқының бойға жиған махаббатын, Бәйгеден тағы келді інім, атың. Ешқашан айнымайтын айтқанынан Жүрек бар қазағыңда сені ұғатын.   Асылым, ажырама бір де еліңнен, Арманшыл түндеріңнен, күндеріңнен. Сол жүрек сені қолдап келе жатыр, Атыңа тізгін тартып мінгеніңнен.   Жайлаған мың сан халық Отаныңды Асырды асқарлардан атағыңды Жеңгенге берілетін әрқашанда, Қадады көкірегіңе ата гүлді.   Басқа бір әңгіменің қойды бәрін, Өзінше бастап кетті ой думанын. Қазақ ана ерекше мейірленіп, Шырқады өзі келіп тойдың әнін.   Бұл тойға түйе мініп келді далаң, Тойлап жүр өз бақытын әрбір адам. Өмірі ұстамаған бақыт еді, Қолыма мен де бүгін домбыра алам.   Батыр боп бұзып өтем ой қамалын, Ақынның ағызамын бойдағы әнін. Өлеңді аңыратып айқайын сап, Сол тойдың жыршысына айналамын.   Бір жанса лапылдайды, дуылдап от, Жайнайды Жамбыл айтқан өлеңдей боп. Алатау бір жымиған сияқтанды, «Бәйгеден балам келді» дегендей боп.   Бұл сенің өзгермейтін дара бағың, Өшпейді көкіректен таудағы үн. Қара Ертіс қарт Есілді құттықтады, Жеңіспен құттықтады балаларын.   Ақтаудың ақ ботасы тайраңдады, Сары алтын бір еріді Сайрамдағы. Кейуана орынынан түрегелді Баласы үйге оралып майдандағы.   Кірем деген жеріне батыл еніп Жеңістің көрген емес оты кеміп. Ақ Жайық Атыраудан сүйінші алды, Бәйгеден баласының аты келіп.   Келді деп бұл заманның ұқтық бағы, Бақыттың бал шарабын жұттық тағы. Орнынан түрегеліп қарт Қаратау Құшақтап Алатауды құттықтады.   Толтырып қуанышқа туған жерді Көк аспан аялады көңілді ерді. Ағамыз ақтарылып айтсыншы деп Маған ақын інілер жолын берді.   Бұл тойға тұлпар мініп келді далаң, Тойлап жүр өз бақытын әрбір адам. «Жассың ғой менен гөрі, айта ғой» – деп Батасын Мұзағам да берді маған.   Шабытым кетті шалқып бүгін менің, От алған ұшақ сынды дүрілдедім. Көріп пе ең қуанышқа қойны толып, Өзеннің өрге қарай жүгіргенін.   Дүние, неткен әсем, көрікті едің, Жүре бер арманыма еріп менің. Қара бұлтты басынан жұлып алып, Таудың тойға барғанын көріп пе едің.   Көрмесең, осы жолы көріп қалғын, Гүліне қуаныштың толыпты алдың. Ертістей жаның шалқып кетсін өзі Арасына бір түсші жарықтардың.   Шығатын ердің бүгін төрі бөлек, Ұлына мейірленді Тәңірі елеп. Нұрсұлтан Абылайдың ақ атына Мінсін де сәлем берсін еліне кеп. Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.