05 Сәуір, 2011

Президентпен бірге, алға!

635 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елбасы жеңісі –  асылын ардақтай алған, ерін қолдай білген елдің де ерен жеңісі, Елбасы жүргізген сарабдал саясаттың салтанаты. Қуана білетін халықпыз ғой. Ортақ жеңісіміз құтты болсын, әлеумет!

Кеше Астанада Қазақ­стан Республикасының кезектен тыс прези­денттік сай­­лау­ында Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың айқын басым­дық­пен жеңіске жетуіне бай­ла­нысты «Елбасымен бірге, алға!» атты форум өтті.

«Қазақстан» спорт кешенінде болған бұл шарада Елбасы мың­да­ған жастар, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мәде­ниет және өнер, спорт қайрат­кер­ле­рінің алдында халыққа сайлауда өзіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Осы күні спорт сарайында ор­натылған сахна төріне қайта сай­ланған Президент Н.Назарбаев, оның қоғамның барлық саласын­да қызмет етіп жүрген серіктестері шығып, еліміздің болашағы – жастар алдында сөз сөйлеп, сай­лаудың қорытындысына бай­ла­нысты ыстық ықыластарын та­нытты. Спорт кешенінде қаума­ла­ған жұртшылықтың қолдарына еліміздің көк байрағын ұстап, «Жаса, Қазақстан!», «Нұрсұлтан – Қазақстан!» деп Елбасына шы­найы сезімдерін білдірген ұран­дар­дан құлақ тұнады. Осы кезде Мемлекет басшысы спорт са­райы­ның сахнасына жақындап, жи­налған көпшіліктің қолдарын алып жоғарыға көтерілді. – Құрметті форумға жиналған қауым, менің қанаттастарым! – деп бастады сөзін сахнаға шық­қан Елбасы. – Бүгін Отаны­мыз­дың тарихындағы тағы бір елеулі кезеңде тұрмыз. Еліміздің 20 жыл­дығын атап өтетін жылы сайлау өткізіп, төрткүл дүниенің на­за­рын Қазақстанға аудардық. Ашық, әділ болған бәсеке нә­ти­же­сінде Қазақстан сайлаушыла­ры­ның 90 пайыздан астамы мені қолдап, дауыс берді. Бұл жеңіс бар­лығымыздың жеңісіміз! Қазақ халқының жеңісі! Қазақстан­дық­тардың жеңісі! Елбасы сөзін әрі қарай са­бақ­тай келіп, сайлау нәтижесінде Қа­зақстанның, қазақ халқының қазіргі жағдайы нық екенін, елдің ішінде бірлік сақтайтын, бола­ша­ғын ойлайтын, бейбітшіл ел екенін көрсеткенін атап өтті. «Қа­зақ­стан халқы өзінің болашағына не­гізделген ел ішіндегі бірлікті сақ­тайтын дүние жүзіне өрке­ниет­ті мемлекет екенін тағы да бір көрсетті, – деді ол. – Ашық, жариялы түрде өткізілген сай­лауға 1059 шет ел байқаушысы, 200 шет ел журналисі қатысып, ешкім ешқандай кемшілік таба алмады, бәрі сайлау заңды өтті деп баға берді». Елбасы одан кейін қазақ та­рихында алтын әріппен жазыла­тын тәуелсіздік ұғымының мән-ма­ңызына тоқталды. Мұнда ол өзімен қатарлас ұрпақтың пешенесіне қазақ мемлекеттілігін құ­ру, оны өркениетті елдермен терезесі тең ету, экономиканы да­мы­ту, халықтың әл-ауқатын жақ­сарту жазылғанын, осының өзі тарихтың берген үлкен сыйы, құр­меті деп білу керектігін айтты. Осылай жастардың алдында азаттықтың маңыздылығы жөнін­де ойларымен бөліскен Нұр­сұл­тан Әбішұлы одан әрі 3 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлауда өзіне қолдау көрсеткен халыққа алғыс сезімін білдірді. Осы орайда ол өзіне сенім білдірген қазақ халқына, барлық қа­зақ­стандықтарға, қоғамдық штабқа, «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коали­ция­сына, 29 мың сенімді өкілдері мен және әрине, 88 мың во­лон­терға алғысын жеткізді. «Әсі­ре­се, – деді Елбасы, – мені жас­тар­дың белсенділігі қуантады. Біз қазақтың болашағы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Менің күндіз-түнгі жұмысым осыған арналған, ойым да, ақыл-парасатым да, тәжірибем де сол мақсатқа арна­лады. Ал болашақ – жастарда». Сонымен бірге, ол кезектен тыс президенттік сайлауға қатысқан үміткерлердің бәріне алғыс айта­тынын, оларға сайлау алдында өзіне дауыс жинау үшін барлық мүмкіндіктердің берілгенін, сайлау штабтары еліміздің түкпір-түкпірінде үздіксіз жұмыс істегенін атап өтті. Осылай дей келіп Елбасы үміткерлердің бәріне тең мүмкіндік жасалып, халықтың 90 пайыздан астамы сайлауға қаты­сып, солардың басым көпшілігі қазіргі Президентке дауыс бергені Батыс елдері үшін сенсацияға баланатынын, осының өзі еліміз­дің бірлігі мен татулығын білдіретінін, осы халықтар арасын­да­ғы достық пен ынтымақтас­тық­тың арқасында дүние жүзінде ұлт­аралық қақтығыстар болып жатса, біздің елімізде барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігі сақ­талып отырғанын мәлімдеді. Келесі кезекте Нұрсұлтан Әбіш­ұлы жұртшылықтың наза­рын елімізде жүргізіліп жатқан әлеу­меттік-экономикалық саясат­қа аудартты. «Кейбір елдерде жұмыс орындары қысқартылып, зауыттар тоқтатылып жатса, біз­дің елімізде керісінше, халық жұ­мыс­пен қамтамасыз етіліп, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Кейбір елдерде зейнетақы, жалақы аза­йып жатса, біздің елімізде кө­беюде. Міне, біз әрі қарай осы жолмен жүріп, халықтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайына баса назар аударатын боламыз», – деді Президент. Осыған бай­ланысты Ел­ба­сы алдағы кезде елімізде ин­дус­триялық-иннова­циялық бағ­дарламаны жүзеге асырып, ауыл шаруашылығын да­мытып, әлеу­меттік саланы қайта жандан­дырып, білім беру мен денсаулық сақтау саласын қолдау мақса­тында көптеген жұмыстардың істелінетінін атап көрсетті. Ол аза­маттарға көмек көрсету үшін бар­лық мүмкін­діктердің қарастыры­ла­тынын, ауылдық жерлерде ша­ғын несиелер беріліп, жұмыс­сыз­дарды оқытып, олардың маман­дық алу үшін жағдай жасалаты­нын жеткізді. Елбасының сөзінен кейін форум шеңберіндегі шаралар одан әрі жалғасты. Сахнада «МузАрт» триосы, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіп­жанов сияқты әншілер «Өз елім» әнін орындап, жиналған жұрт­шылықтың жігеріне жігер қосты. Одан әрі еліміздің барлық өңір­лерінен келген қоғам қайрат­керлері атынан  Парламент Мәжі­лісінің депутаты, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының мүшесі Ро­за­құл Халмұрадов, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары ассоциа­ция­сының төрағасы Бақытбек Смағұл, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыздықов, жастар атынан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің студенті Екатерина Хомутова сөз сөйлеп, Президенттің сайлаудағы жеңісіне байланысты өз ойларын ортаға салды. Парламент Мәжілісінің депутаты өз сөзінде Елбасының бұл жеңісіне барлық азаматтардың о бастан сенгенін, Президенттің сайлау­дағы жеңісі – ел бірлігінің, бо­ла­шағымыздың жеңісі екенін айт­ты. «Сіздің кемеңгер саясаты­ңыз­дың арқасында еліміздің ынты­мағы жарасып тұр. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш. Осы 20 жылда жастарымыз қан төгісті көрген жоқ. Бұл да болса сіздің көрегендігіңізді көрсетіп тұрса, сол үшін барлық этнос өкілдері атынан Сізге шын жү­регімнен алғысымды білдіремін. Сіз бүгінгі таңда халқымыздың басына қонған бағысыз, сол ба­ғы­мызды қадірлеп-қастерлей білейік, ағайын! Сізге зор ден­сау­лық, ұзақ өмір тілей отырып, бірлігіміз нығая берсін, Елбасы­мыз­бен бірге жеңістен жеңіске жете берейік дегім келеді», – деп атап көрсетті. Ал Семей уни­вер­си­тетінің ректоры Ерлан Сыдықов: «Біз осыдан жүз күн бұрын референдум өткізу туралы бастама көтеріп едік. Сол сәтте бес жарым миллион отандастарыңыз сіздің саясатыңызды қолдаған болатын. Біз бүгін түпкілікті мақ­сатымызға жетіп отырмыз. Ха­лықтың тілегі қабыл болды, ағай­ын! Сіз біздің ғасырлар бойы ар­ман­даған тәуелсіздігімізді құрды­ңыз, қазақ халқын алға бастап келе жатырсыз. Елдің жоғалтқанын түгендеп беріп отырсыз. Арқа­ның төрінде әдемі, сұлу Астана тұрғыздыңыз. Дүние жүзіне Қа­зақстанның демократиялық ел екенін танытып, елімізді әлемдік деңгейге көтердіңіз. Осының бәрі сіздің ерен еңбегіңіздің арқасы. Сондықтан халқымыздың бәрі сізге бірауыздан дауыс берді», – дей келіп, мұндайда қазақтың бүгінгі күнді «Ақ түйенің қа­рны жарылған күн» дейтінін, кемең­гер басшысы бар біздің еліміздің бағыты айқын, бола­шағы жарқын екенін айтты. Жастар атынан сахнада тұрып, тол­қып сөйлеген студент қыздың сөзі де әсерлі шық­ты. Ол сайлау кезінде Қазақстан жастарының Елбасыға дауыс бергенін, өйткені, тәуелсіздік ал­ған кезден бері Президенттің жүргізіп келе жатқан саясатымен өскен жастар өз болашағын қа­зіргі Мемлекет басшысымен байланыстыратынын, жастардың бәрі Елбасыға ғана сеніп, оның саясатына әрқашан қолдау көр­сететінін атап өтті. Ауған соғы­сының ардагері, жазушы Бақыт­бек Смағұл да Президенттің сайлаудағы жеңісіне байланысты алғыс сезімін білдіріп, жыр жолдарын оқып берді. Ол Елба­сының сайлаудағы жеңісі – алты алаштың ықыласы мен үкілеген үміті екенін, оның қазіргі жүргі­зіп отырған саясаты жеңімпаздар буынын сабақтастырып жатқа­нын жеткізді. «Бүгінгі жеңіс өзіңізбен бірге қуанған, бәйге атындай шұ­балған, 20 жылда сы­налған тәуел­сіз еліміздің, тәуел­сіз жастары­мыздың төл жеңісі!», – деді ол. Жеңімпаздар форумы одан әрі Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Бекболат Тілеухан, «МузАрт» триосы және басқа да әншілердің «Атамекен» әнін орындауымен, оны жиналған жұртшылықтың қолдауымен жалғасын тапты. Дастан КЕНЖАЛИН.