Ресейдің Тверь облысындағы Ржев қаласының басшысы Александр Щетинин Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбековтің атына хат жолдап, барша қазақстандықтарды Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы зор жеңісімен құттықтады. «Қазақстан халқы тұрақтылықты сақтауды, қоғамның жаңаруын және мемлекеттің серпінді дамуын қолдап, өз еркін білдірді»,– деп жазады ол.
Өткен жылы Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясының, Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдап, көмектесуімен Ржев қаласында қазақстандық 100 және 101-дербес атқыштар бригадаларының қаза тапқан жауынгерлеріне арналып, еңселі ескерткіш тұрғызылды. Елшілік дипломаттары Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан қазақстандық 10 мың жауынгердің аты-жөнін тауып, бұл есімдер кешеннің гранит қабырғасына ойып жазылған болатын.
«Осы мемориалдық кешен орнатылғаннан бері біздің өзара достығымыз бұрынғыдан да нығая түсті, – дейді Ржев қаласының басшысы. – Қазір барлық ржевтіктер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жеңісімен қазақстандықтардың осынау бүкілхалықтық қуанышына ортақтастығын білдіруде».
Жақсылық жақсылықты шақырады деген рас екен. Ржев қалалық думасы Қазақстан елшілігінің ұсынысын қолдап, осы қаладағы жалпы білім беретін №5 орта мектепке қазақстандық 100 және 101-дербес атқыштар бригадаларының атын берді. Бұл білім ұясы бұдан былай «Тверь облысының Ржев қаласындағы 100 және 101-дербес атқыштар бригадалары жауынгерлері атындағы жалпы білім беретін №5 орта мектеп» деп аталатын болды.
Ржев қаласы басшысының пікірінше, аталған шешім Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қаһарман жауынгерлер есімін мәңгі есте қалдыру жолындағы Қазақстан мен Ресей мемлекеттері атқарып келе жатқан бірлескен жұмысты дәстүрге айналдырып, екі елдің арасында қалыптасқан тарихи байланыстарды нығайтуға, жастарды патриоттық рухта тәрбилеуге қызмет етеді.
Елшілік қазір Тверь облысы аумағында соғысқан тағы да 6 қазақстандық әскери құрамалардың жауынгерлері туралы деректер іздестіру жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ елшіліктің осы өңірде Ржев-Вяземск шайқасының мұражайын құру туралы бастамасын «Единая Россия» партиясының басшылығы, Мәскеу мэриясы, Тверь облысының әкімшілігі, Татарстан және Якутия республикаларының басшылығы қолдады. Аталған жоба «Нұр Отан» және «Единая Россия» партияларының қамқорлығы аясында Мәскеу түбіндегі шайқастың 70 жылдығына орай жүзеге асырылады.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.