Қазақстанның мәдениет пен өнер саласындағы шығармашылық одақтарының өкілдері кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысын зор ризашылықпен қабылдап, бұл сайлаудағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісін айрықша қуанышпен қарсы алды.
Шығармашылық одақтар Тәуелсіздіктің таңынан бастап Тұңғыш Президентіміздің елдік мұрат, ұлттық мүдде тұрғысында ұстанған бағытын әрдайым қолдаумен келеді. Елбасымыз мемлекетіміздің әл-қуатын нығайтумен қатар, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына да, мәдениет пен өнердің өркендеп дамуына да ұдайы көңіл бөліп отырғанын атап өтеміз.
Өмірдің сан түрлі саласындағы мемлекетіміздің қол жеткізген бүгінгі толайым табыстары, биік нәтижелер берген қоғамдағы оң реформалар – Елбасының алысты болжай білетін, өзгелерді соған иландыра алатын көреген саясатының арқасы деп білеміз.
Сайлауалды науқан басталғаннан-ақ біз Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын табанды түрде жақтайтындығымызды ашық білдірдік. Көпшілігіміз түрлі деңгейдегі штаб жұмысына жұмыла араласып, жақтастар тарапынан ұйымдастырылған акцияларға белсенді қатынастық.
Әсіресе, Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы жылғы Жолдауындағы жаңа міндеттер өнер қайраткерлерінің шабытына шабыт қосып, айрықша жігер берді. Бұл бағдарламаның ойдағыдай жүзеге асатынына нық сенеміз.
Біз, музыка мен театр саласының, композиторлардың, кинематографистердің, сәулетшілер мен суретшілер одақтарының шығармашылық өкілдері, Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрып, оның экономикалық әлеуетін мықтап, әлемге танымал ету жолындағы қажыр-қайратын жоғары бағалаймыз.
Өз кезегінде біз де еліміздің мәдениетін одан әрі өркендету ісіне, халқымыздың келешегінің кемел болуына барлық қажыр-қайратымызды жұмсаймыз деп сендіреміз.
Ермек СЕРКЕБАЕВ, Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Балнұр ҚЫДЫРБЕК, Игорь ВОВНЯНКО, Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, Байтұрсын ӨМІРБЕКОВ.