15 Ақпан, 2017

Әкімдер «ұрыс» естіді

349 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Үкіметте «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы қаралды «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде автожол, тұрғын үй құрылыстарына, сонымен қатар, әлеуметтік салаға зор серпін берген экономикалық өсімнің негізгі локомотиві болып саналатыны белгілі. Елбасының биылғы Жолдауында да бұл бағдарламаға айрықша басымдық берілді. Ал бүгінге дейін оның жүзеге асырылу барысы қай шамада, қанша қаржы игеріліп, қандай жұмыс атқарылды? Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында міне, осы мәселелер қаралды.

100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

2015-2019 жылдарға арналған бағдарламаның әр кезеңде ба­ғын­дыруы тиіс межесі бар. Осы­ған байланысты өткен жылда «Нұрлы жол» не тындырды деген мәселе бойынша бірқатар ми­нистрліктер Үкімет басшысына есеп берді. Әрине, ауызды қу шөппен сүртетін жағдай емес, атқарылған жұмыс баршылық. Мәселен, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, 2016 жылы осы бағдарлама негізінде 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жыл қорытындылары бойынша мақсатты трансферттердің 469,6 млрд теңгесі немесе 99 пайы­зы игерілген. Толық игеріл­меу жайттары негізінен мемле­кеттік сатып алулар бойынша үнемдеулермен байланысты. Қаржы министрі Бақыт Сұл­­танов та «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасының бюд­жеттік бөлігінің жылдық жос­пары 100 пайызға дерлік иге­ріл­генін айтты. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, ТКШ мен тұрғын үй құрылысын дамы­туға, білім беру саласындағы инфрақұрылымды жүзеге асыру қаражаты толық көлемде пай­даланылған. Жергілікті дең­гейде мемлекеттік бағдар­лама қаражатын игеру де айтар­лықтай жоғары, яғни 98,7 пайыз­ды құрады. Сондай-ақ, «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдар­ламасына қатысқан төлемші­лерден бюджетке салық көле­мі­нің өсімі байқалады. Олардың көлемі 2016 жылы 43,5 млрд теңге­ні құрады, бұл 2015 жылғы­дан 1,4 есеге жоғары көрсеткіш.

4,4 мың шақырым жол салынады

Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қа­сымбек өз кезегінде 2017-2019 жыл­дары автожол саласында 1,7 трлн теңге сомасына ұзын­дығы 4,4 мың шақырым бола­тын 23 жобаны жүзеге асы­ру қарастырылғанын баянда­ды. Бөлінген қаражат есебі­нен 7 өтпелі жобада –Аста­на – Қа­ра­ғанды, Орталық – Шы­ғыс, Бейнеу – Ақтау, Орта­лық – Батыс, Қап­шағай – Талдықорған, Астана – Пет­ро­павл және Орал – Каменка ба­ғыттары бойынша жұмыстар жал­ғас­ты­рылады. Жыл қоры­тынды­сында 602 шақырым жол­да жұмыстарды аяқтауды жоспар­лауда. Республикалық бюджет­тен бөлінетін қаражат есебінен жалпы ұзындығы 1 мың шақы­рымнан асатын 8 жаңа жобаны бастау межеленіп отыр. Ұзын­дығы 2 184 шақырым болатын тағы 8 жобаны қаржы­ландыру халықаралық қаржы инс­титуттарының займдары есебінен қарастырылған.

33,8 мың отбасы тұрғын үймен қамтылады

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламада тұрғын үй құры­лысы мәселелері де қарас­ты­рылған. 2016 жылы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұ­ры­лымына 400 млрд теңге бөлін­ген, ол жалға берілетін, несие­ге берілетін және коммер­ция­лық тұрғын үйлерді, инже­нер­лік-коммуникациялық ин­фра­құрылымды салуға және Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі салымшыларын несие­лен­діруге бағытталды. Соның нәти­жесінде 2016 жылы 8,3 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтылды. 2017 жылдың соңына дейін аталған қаражат есе­бінен қосымша 33,8 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз еті­леді. Аталған мәселелер одан әрі де «Нұрлы жол» бағдар­лама­сының аясында жүзеге асырылады.

Тағы да игерілмеген қаржы «жыры»

Иә, министрлер баяндама­сында мін болмағанымен, Қаржы министрі бағдарламаға бөлінген қаржыны толық игермеген облыстардың да барын тілге тиек еткен еді. Ал бұл мәселе бұған дейін кеңейтілген отырыста Елбасының да сынына ұшыраған. «Игерілмеген қаржы жыры» Үкімет басшысын да әбден ашуландырған сыңайлы. Премьер-Министр жалпы 2016 жылғы бағдарламалардың негізгі шаралары атқарылғанын айта келіп, сонымен қоса жыл қорытындысы бойынша белгілі бір игерілмеген қаражаттар бар екенін тағы еске салды. Үкімет басшысы министр­лердің баяндамаларын тыңдап болған соң, облыс әкімдеріне жеке-жеке назар аударып, әрбір тиын бойынша жауап беруін талап етті. Сөйтіп, Ақмола облысының Бұланды ауданында инженерлік желілерді тартуға бөлінген 900 млн теңгенің не себепті игерілмей қалғанын облыс әкімі Сергей Кулагин түсіндіруге тырыс­ты. Әкімнің сөзіне қарағанда, аталған қаржы жылдың соңында бөлінген. «Ақшаның жалпы сомасы – 1,1 млрд теңге. Ол ақшаны үш лотқа бөліп, конкурс өткіздік. Біріншісі – су құбырлары жүйесі, 411 млн теңге. Екінші лот – кәріз жүйелері, 300 млн теңге. Ал үшінші лот – ол энергетика. Бірінші лот бойынша кон­курсты бірден өткізіп, қара­шаның орта шенінде тиісті жұмыстарды бастадық. Екіншісі бойынша конкурсты екі рет өткіздік. Желтоқсан айында кәріз жүйесін тартуды бастадық. Ал үшінші лот бойынша конкурсты екі рет өткізсек те, қаржылық бақылау қызметі жұмысты бастауға жол бермеді», деген С.Кулагин ақшаның кеш бөлінгенін алға тартты. Бірақ Үкімет басшысы ондай жауапқа қанағаттанбағандай. «Негізі, қаржылық бақылау қызметі тексере ме, конкурсты уақытында өткізбеді ме, оның бәрі xалықтың мәселесі емес. Ең бастысы, ақша бөлінді, бірақ ол игерілмей қалды. Соның салдарынан xалыққа тиісті жағдай жасалмады. Бәлкім, аймақтар жылдың соңында ақша сұраса, оны мүлдем бермеген дұрыс болар. Жылдың аяғында миллиард теңге бөлудің қандай пайдасы бар? Бәрібір конкурстың өтпейтінін, бақылаушы орган­дардың тексеріс жасайтынын білеміз. Одан да келесі жылға қалдырайық», деді Б.Сағынтаев.

«Ақшаны игере алмасаңдар, сұрамаңдар!»

Осыдан кейін Қостанай об­лысының әкімі Арxимед Мұ­хам­бетов игерілмей қалған 300 млн теңге төңірегінде түсінік берді. Ол да басқалар сияқты қо­сымша қаржыны бөлгені үшін өз алғысын білдіріп, алдағы уа­қытта бюджет ақшасын уақы­тында игерілетінін жеткізуге тырысқан. Үкімет басшысы әкім­нің әңгімесін төтесінен үзді. «Ақ­шаны игере алмасаңдар, онда оны мүлдем сұрамаңдар! Мұ­ны барлығыңа айтып отырмын», деп ескертті Үкімет басшы­сы. 208 млн теңгені игере алмаған Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Ерік Сұл­танов та, «игерілмегені» бар Қа­ра­­ғанды облысының әкімі Нұр­мұxаммед Әбдібеков те ақта­луға тырысқанмен Үкімет бас­­шысынан «жақсы баға» ала ал­мады. Әкімдердің есебінен соң, Үкімет басшысы Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа да бір «ұрысып» алды. «Президент сізге ескерту жасады ғой. Қатаң талап қойыңыз», – деді Премьер-Министр. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болса, игерілмей қалған 300 млн теңгені наурызға дейін қайтаруға уәде етті. Павлодар облысының әкімі де ақшаны қайтаруға дайын. Де­генмен, Үкімет басшысы ол екі әкімнің де «басынан сипай» қойған жоқ. «Жасағаныңыз дұрыс, қайтарғаныңыз одан да жақ­сы. Алайда игерген кезде заңға сәйкес игеру керек. Заң бұзу­­шылық болмауы қажет», деді Үкімет басшысы.

«Кім кінәлі?»

Б.Сағынтаев өткен жылдың қыр­күйегінде Үкімет отырысында бағдарламалардың әкімші­леріне уақытылы игеру мен жоба­лардың қатаң бақылауда іске асырылуы туралы тапсырма бергенін еске салды. «Сондықтан да игерілмеудің негізгі себебі әкімдердің тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан деп есептеймін. Тағы бір мәселе – бөлінген қаражатты жоспарлау сапасы мен игерудің мерзімі. Қаржыландырудың екі жылдық жоспарында едәуір көлем екінші жылдың соңына қойылған, сол себепті мұны қалай ретке келтіруге болатыны туралы ойлану керек. Сондай-ақ, игерілмеу қаупі бар шаралар бойынша қаражатты қайта бөлу ұсыныстарын енгізу қажет», деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, Премьер-Министр министрлерге облыс әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатысу үшін өңірлерді аралау кезінде міндетті түрде «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі нысандарының құрылыс барысымен танысып, өз есептерінде сол туралы атап өтуді тапсырды. Үкімет отырысында қарал­ған екінші мәселе бойынша – Алматыда өткен 28-ші Бүкіл­әлемдік қысқы Универсиада қорытындылары туралы Мәде­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы баяндады. Министр атап өткендей, Уни­вер­сиада-2017-ге барлығы 57 ел­ден 1 632 спортшы қатысқан. 3 000-нан астам ерікті үлес қос­ты. Универсиаданың барлық іс-ша­раларына 230 мың­нан астам билет са­тылды. Үкімет басшысы Ба­қытжан Сағынтаев Универ­сиа­да жеңімпаздары мен жүлде­ге­рлеріне уақытылы төлем жүргізуді тапсырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»