15 Ақпан, 2017

Ассамблея алқалы жиын өткізді

458 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйлері мен өңірлердегі «Қоғамдық келісім» кеңестерінің директорларына арналған республикалық кеңес өтті. Кеңес барысында Ел­ба­сы­ның Қазақстан халқына арнаған Жол­дауы кеңінен талқыланды, сон­дай-ақ ЭКСПО-2017 ха­лық­­­­аралық көрмесіне атса­лы­суға дайындық жұмыс­тары қарастырылды. Бұған қоса, жер-жердегі мекеме­лер­дің бас­шылары өз өңірлер­ін­де атқа­рылып жатқан жұмыс­тар­дың жай-күйі туралы баяндады. Жиында сөз алған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы хат­шы­­лы­ғының сектор меңге­ру­шісі Азат Жолдыбаев Елба­сы Жолдауын және билік тар­мақтары арасында өкілеттік­терді қайта бөлу мә­селелері жөнін­дегі Үндеуін ха­лыққа түсін­діруде Достық үй­лері мен «Қоғамдық келісім» кеңес­теріне үлкен міндет жүк­телетініне тоқталды. – Біз осы айдан бастап наурыздың 5-не дейін Алма­ты­­дағы Достық үйінің базасын­да республикалық 18 шара өт­кі­зуді жоспарлап отыр­мыз. Оның 14-ін тікелей этномәдени бір­лестіктер жүргі­зеді. Бір шара ғылыми-сарап­шы­лық топтардың қаты­суымен, әдістемелік бағытта өтеді. Жалпы, жұмыс форматы дөңгелек үстел, семинар түрінде болуға тиіс. Дәл осындай жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүргізілуі керек, – деді Азат Жолдыбаев. Оның айтуынша, ша­ра­лардың міндетті түрде рес­пуб­ликалық ауқымда болуы шарт емес. Олардың қай-қайсысы да маңыз­ды. Себебі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ресурстарын тиімді пайдаланып, Жолдаудың, конституциялық реформаның мәнін әрбір азаматқа жеткізу керек, ең ма­ңыздысы осы. Өңірлердегі Достық үйлері жер­гілікті халықтың аяғы үзіл­мей­тін, тіршілік қыз-қыз қайнап жат­қан мекеме болуы керек. «Қо­ғамдық келісім» респуб­лика­лық мемлекеттік мекемесі төраға­сының орынбасары Талғат Жақия­нов осын­дай ой айтты. – Жақында Оңтүстік Қазақстан облысында еліміз­де­гі ең үлкен Достық үйі құ­рыл­ғалы жатыр. Осындай Дос­тық үйлері барлық облыстар­­да бар. Өкінішке қарай, өңір­лер­ді аралап жүргенімізде кей­бір Достық үйлерінің қаңы­рап бос тұрғанын көреміз. Негізі, ол мекемелерде түрлі шара­­лар үздіксіз өтіп жатуы тиіс. Дос­тық үйінде кіріп-шы­ғып жат­қан адамдар, түрлі ұйымдарға келген жастар, мә­дени шаралар­ды тамашалауға келген жандар көп болуы керек. Біз бүгін елордаға жи­налған қауыммен бірлесіп, осыған қатысты ұсыныстарды қарастырғанымыз жөн, – деді Талғат Жақиянов. Кеңеске қатысушылар Мем­­лекет басшысының Қа­зақ­­стан халқына арнаған Жол­дауы­ның, ұсынылған конс­титу­ция­лық реформаның қан­ша­лықты зор маңызға ие еке­нін халық­қа түсіндіру жолдарын ұйым­дастыру туралы өзара ой бөлісті. Бұдан бөлек, ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне атса­лысуға әзірлік барысы да сөз болды. Сонымен қатар, жиында Достық үйлерін дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған тұжы­рымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары ортаға салынды. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар