Ішкі істер органының ардагері Асылбек Кенжин кешке, жұрт жұмыстан қайтар кезде көшеде аяңдап келе жатқан. Кенет әйелдің айқайлап көмек сұраған ащы дауысы шықты. Сөйтсе әйелдің ішінде ақшасы, банкомат карточкасы бар сөмкесін бір жігіт қолынан жұлып алып, қаша жөнелген. Оны бірден байқаған Асылбек жігіттің артынан тұра ұмтылды.
– Он бес минуттай ұрының соңынан қудым, ақыры ұстадым. 34 жастағы жігіт екен, полицияны шақырып, тапсырдым. Менен қашамын деп әйелдің сөмкесін ашып та үлгермепті, –дейді А.Кенжин.
Лисаков қаласының 60 жастағы тұрғыны Татьяна Шрам жап-жас жігіттің мына қылығына қатты қапаланды.
– Қорыққанымнан менің жан дауысым шықты, сол кезде ұрыны қуа жөнелген ер кісіні байқадым, ақыры ұстап алды. Асылбекке алғысым шексіз, «полицей – қашанда полицей» деп бекер айтпайды ғой, – дейді зейнеткер Т.Шрам.
А.Кенжиннің ішкі істер органынан зейнетке шыққанына үш жыл болды, бірақ ол қашанда жаттығуларды тастамай, өзінің дене шымырлығына жауапкершілікпен қарайды. Жол полициясында қызмет еткендегі полицейлік тәсілдері бұл жолы да бұзақыны ұстауға мүмкіндік берді. Қазір ол кәсіпкерлікпен айналысады. Лисаков қалалық ішкі істер бөлімі қылмыскерді ұстаудағы көмегі үшін Асылбек Кенжинге Алғыс хат тапсырды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Лисаков қаласы