17 Ақпан, 2017

95 ауылды су басу қаупі бар

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Синоптиктердің мәлім­деу­інше, қаңтар айында жау­ған ақ ұлпаның қалың­ды­ғы 45 сантиметрге жеткен. Бұл – өткен жылға қара­ғанда 15 сантиметрге қалың деген сөз. Ақпан, нау­рыз айларында қардың түсуі нормадағыдан мол бо­лады деп күтілуде. Ал сол­­түстікқазақстандықтар был­тырғы тасқынның сал­ған әлегі мен тудырған дүр­белеңін әлі ұмыта қойған жоқ. оңғы ширек ғасырда бол­маған зардаптың орын алуы салдарынан 400-ден астам үй мен 35 елді ме­кен қызыл су астында қалып, 1,3 миллиард теңге шы­ғын келген болатын. Осы жағы сабақ болды ма, әлде қар­дың қалың жауғанын ескер­ді ме, тиісті орындар сақ­тық шараларына алдын ала кірісіп, тас-түйін дайын­дық жұмыстарына жұмы­ла кірісіп кеткен. Тө­тенше жағдайлар жөнін­дегі облыстық комиссия оты­рысында биылғы су тасқы­нының мал-жанға ерекше қатер төндіретіні айтылып, бейқам қалмау жағы қатаң ескертілді. Төтенше жағдайлар жө­­ніндегі департамент бас­­шы­сының орынбасары Ерік Сарыбаев берген мә­­лі­­­меттерге сүйенсек, Пет­­ро­­павл қаласы, Есіл, Та­й­ын­­ша, Аққайың ау­дан­­­дары ерекше қауіпті ай­мақ­­тарға жат­қызылған. 95 ел­ді мекен­ді су басу қаупі бар. Ол жерлерде 1,5 мың­нан астам тұрғын үй орна­лас­­­қан. 4,7 мыңдай адам тұ­ра­­ды. Соны­мен қатар, ұзын­ды­ғы 50 ша­қырым болатын 153 ав­то­мобиль және темір жол учас­келеріне де қатер келтіруі мүмкін. Қазіргі уақытта су тасқы­нының алдын алу шаралары жан-жақты ойластырылған. Бұған дәлел ретінде, 70 елді мекенді тасқыннан қор­ғау бойынша инженерлік жұ­мыс­тар аяқталып, жол-көлік ин­фрақұрылымдары мен гид­ротехникалық құрыл­ғылар орнатылғанын айту­ға болады. Тұр­ғын­дар­ды басқа аймақтарға көші­ру, жатын орындармен қамта­ма­сыз ету мәселелері жіті қарас­тырылған. Облыс орталығында арнайы штаб құрылып, алдын ала дайындалған іс-жоспар бойынша әрекет ететін болады. Су тасқынының алдын алу мақсатымен жергілікті қа­зы­надан 270 миллион тең­ге бөлініп, жарты миллион текше метр қар сыртқа шы­ғарылған. Жылда қарғын су үлкен әбігерге салатын Жұ­мысшы, Заречный, Бере­ке, Ойқала шағын ау­дан­да­ры қала әкімінің тікелей бақы­лауына алынған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы