17 Ақпан, 2017

Әбден пісіп-жетілген мәселе еді

452 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 25 қаңтары Қазақ елінің тарихындағы ең айтулы күндердің бірі болды. Біз сол күні Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін теледидар арқылы мұқият тыңдадық. Шын мәнінде бұл – ел өміріндегі айрықша елеулі маңызы бар оқиға. Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арналған Үндеуінде: «Мықты президенттік билік мемлекеттің қалыптасу кезеңінде ауыр белестерді өткеру үшін аса қажет болды. Ол өз уақытында өзін өзі ақтады. Біздің барлық жетістіктер осы жүйенің негізінде келді», деп билік тармақтарын бөлу барысында 40-қа тарта президенттік құзыреттің Парламент пен Үкіметке берілетінін жария етті. Негізі, бұл реформа басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Ол екі бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, Президенттің әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеудегі бірқатар өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілмек. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламент сессиясының аяғына дейін енгізуі тиіс. Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Ендігі жерде Үкімет құруда Парламент рөлін, министрлердің депутаттар алдын­дағы жауапкершілігін күшейту аса маңызды. Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия Үкімет жасақтауда шешімді түрде әсер ете алады. Осыған байланысты, енді Үкімет өкілеттігін бұрынғыдай Президент алдында емес, Парламент алдында тоқтатуы заңды болады. Біздіңше, Конституция мен заңдарға ішінара өзгерістердің енгізілуі қоғам мен мемлекеттің алдындағы көптеген түйткілді мәселелердің оң шешілуіне де ықпал етпек. Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуді қарастыру ел дамуының жүйелі және заңды кезеңі іспетті. 25 жылда мемлекет болдық, талай жетістіктерге жеттік. Енді ел дамуының алдағы кезеңдерін ойластырған абзал. Үкімет пен министрліктер мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына жауапты болса, Парламент пен қоғам соны қадағалуы тиіс. Қазіргі заман талабы осы. Жаңа мемлекет, жаңа қоғам, жаңа экономика осыны талап етеді. Мұны біз елімізде демократияның тереңдетілуіне батыл қадам жасалынуы, 5 институттық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нақты іс жүзіне асырыла бастауы деп қабылдадық. Қалай болғанда да реформалар аяқсыз қалмауы тиіс. Жалпы, Елбасы өкілеттіктерін бөлу ісін әбден пісіп-жетілген мәселе деп санаймыз. Бұл өзгерістер мемлекеттің келешегі үшін маңызды. Оған біз бек сенімдіміз. Алмас МҰХТАРОВ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» ТМҚМ-ның бөлім басшысы ТАРАЗ