Қазақстан үшін биыл Каспий теңізі арқылы шектесетін Каспий маңы елдері мемлекет басшыларының бесінші саммитін өткізу маңызды әрі елеулі оқиға болмақ. Өткен жылдың жазында Әзербайжан, Қазақстан, Ресей, Иран және Түрікменстанның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары кезекті рет кездесіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауға қатысты біржақты шешім қабылдай алмағаны есімізде. Сондықтан да, осы жағдайға байланысты бес мемлекет басшыларының қатысуымен саммит өткізу белгісіз мерзімге кейінге қалдырылған еді.
Сарапшылар пікіріне сүйенсек, айтулы жиынға әзірлік жұмыстарының басталып кетуіне байланысты, аталған саммиттің биыл өтуі әбден мүмкін. Себебі, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасы жөніндегі Каспий маңы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі Арнайы жұмыс тобының 48-отырысы Әзербайжан астанасында 25-26 қаңтарда өткені белгілі. Ал Әзербайжан СІМ баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесінде жиынға Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов, Қазақстаннан СІМ-нің Ерекше тапсырмалар бойынша елшісі Зүлфия Аманжолова, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур, Түрікменстан Президенті жанындағы Каспий мәселелері бойынша мемлекеттік кәсіпорын басшысы Мурад Атаджанов пен Ресей Президентінің шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі арнайы өкілі Игорь Братчиков бастаған делегациялар қатысқан.
Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов өзінің сөзінде Каспий маңы елдері мемлекеттер басшылары мен Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі мұндай келіссөз жүргізу – тараптардың ұстанымын едәуір жақындатып, нәтижелі жетістіктер әкелгенін білдірген. Сондай-ақ, ол кезекті саммитті өткізу қарсаңында Конвенция жобасындағы барлық негізгі келісімдерді бекітуде Каспий маңы елдері серіктестігі мен келешектегі өзара әріптестігінің жан-жақты құқықтық негізін құру мақсаты көзделуі тиіс екендігін де атап өткен. Осылайша, әзербайжандық БАҚ мәліметтерінің дерегінше, делегация өкілдері келіссөздер қорытындысына оң баға беріп, отырысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан тарапына зор алғыстарын білдірген. Осы деңгейдегі Арнайы жұмыс тобының ендігі кездесуі Түрікменстанда ұйымдастырылады деп күтілуде және оның өтетін мерзімі дипломатиялық желілер бойынша келісілетін болады.
Сонымен қатар, жақында Каспий экономикалық форумын құру идеясын Түрікменстан билігі де ілгерілететіндігі белгілі болды. «Каспий экономикалық форумын құру үкіметаралық және іскерлік топ өкілдері арасында келіссөздер жүргізуде тиімді әрекет алаңы болады» деп хабарлады Түрікменстанның мемлекеттік ақпарат агенттіктері.
Ал әзербайжандық «trend.az» порталының хабарлауынша, мұндай форум құру әлемдік бизнес пен халықаралық беделді ұйымдармен табысты байланыс орнатуға мүмкіндіктер береді. Естеріңізде болса, осыдан 3 жыл бұрын Астраханда өткен Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов тарапынан осындай нақты ұсыныстар айтылған болатын.
«Бүгінде Түрікменстан Каспий маңы елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыс пен әртараптанған кең ауқымды қор құруды, энергетикалық, индустриялы және Каспий аймағы арқылы жүзеге асыруға болатын көлік-транзиттік әлеуетті дамыту сияқты салаларды жаппай қолдауға бейіл танытуда. Міне, бұл Еуразия орталығының геосаяси және экономикалық аймақ ретінде белсенді даму ретінде мойындалғаны» деп жазды түрікменстандық БАҚ. Жалпы, мұндай жағдай Каспий аймағына тартылатын инвестиция көлемін арттырып, ондағы бейбіт мақсаттағы қарым-қатынастардың интеграциялануына зор мүмкіндіктер береді.
Оның үстіне, соңғы жылдары Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындауға қатысты мәселеде белгілі бір деңгейде ілгерілеушілік айқын аңғарылуда. Әсіресе, қазақстандық маман Лидия Пархомичиктің айтуынша, Каспий теңізінің мәртебесін айқындауда барлық мүдделі мемлекеттер мәселеге қатысты алғашқы кездегі ұстанымдарын өзгерткен. Соның ішінде жұмсақ саясат ұстану Ресей, Әзербайжан және Қазақстан тарапына тән. Ал сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары мұндай қадамға Түрікменстан тарапы да оң қабақ таныта бастаған. Әсіресе, мұны 2015 жылы қазақ-түрікмен секторындағы Каспий теңізінің шекарасын бөлу туралы Қазақстан-Түрікменстан келісімінің ратификациялануынан да байқауға болады.
Алайда, бұл мәселеде Иран тарапының ұстанымы әлі де болса өзгеріссіз күйде қалып отыр. Тіпті, кейбір мамандар халықаралық санкциялардан босатылған соң, Тегеранның ұстанымы жұмсаруы мүмкін деп күткен де болатын. Қалай десек те, Иран билігі әуелдегі Құқықтық мәртебе туралы конвенцияға қол қою мәселесінде мәмілеге келмеді.
Каспий маңы елдерінің басшылары саммитіне дайындық қолға алынуына байланысты, бүгінгі таңда Каспий тақырыбы қайта күн тәртібіне шығып отыр. Өткен жылы ұйымдастырылуы тиіс саммиттің биылға қалуына орай, тараптар кездесуде мемлекеттер басшылары нәтижелі шешімге келуі үшін бір-бірінің «жанасу нүктелерін» дөп басуға барын салуда. Сол себеппен де өткен аптада Ашғабадта Каспий маңы елдері Сыртқы істер министрлері өкілдерінің кездесуі өтті. Алқалы жиынға Каспий аймағы елдерінің салалық министрлері мен ведомстволарындағы кәсіби жетекші мамандармен бірге бөлім басшылары да қатысты. Атап айтқанда, олардың қатарында Ресейдің Қаржылық даму министрлігі мен СІМ, Иранның Сауда және даму ұйымы, Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері болды.
Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауға қатысты мәселе Кеңес Одағы құлағаннан кейін күрт күшейді. Себебі, КСРО ыдырағаннан кейін аймақта халықаралық құқықтық мәртебесі бар Әзербайжан, Қазақстан мен Түрікменстан сынды жаңа мемлекеттер пайда болып, Каспий шекарасын бес ел арасында қайта бөлу қажеттігі туындады. Түйінді тарқатудағы тағы бір қиындық, халықаралық құқық саласында Каспийді теңіз немесе көл деп тануға қатысты пікірдің әр алуандығы да себеп болып отыр.
Руслан ІЗІМОВ,
саясаттанушы