17 Ақпан, 2017

Үш тіл білгеннен ұтылмасымыз анық

518 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік тізгіні қолы­мызға тиіп, егемен ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ елімізде тіл саясаты Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен сали­қалы да сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Елбасы жыл сайынғы Қазақ­стан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауларында да тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне көңіл бөліп отырады. Білім мен ғылым, экономика, бизнес, жалпы, бәсеке­лес­тік қарыштап дамып отыр­ған бүгінгідей жаһандану кезе­ңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Мемлекет басшысының 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақ­стан» атты Қазақстан халқы­на арнаған Жолдауында «Үш­тұғырлы тіл» мәдени жо­басын ұсынған болатын. Ел­басы өзінің осы Жолдауын­да «Қазақ­стан бүкіл әлемде хал­қы үш тілді пайдаланатын жо­ғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт­аралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық эконо­микаға ойдағыдай кіру тілі», деп атап көрсетті. Бұл дегеніміз, оқу орындары алдына жаңа міндеттер, жаңа талап, жаңа мақсаттар қойылып отыр деген сөз. Негізгі мақсат – өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көп тілді және көп мәдениетті құзыреттілікті игерген полимәдениетті жеке тұлға қалыптастыру. Сон­дық­тан үш тілді меңгеру заман талабы деп ойлаймын. Өткен тарихымызға үңілсек, ұлы ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби өмірінде 76 ұлт­тың тілін білсе, Ұлы Абай орыс, қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Өр рухты дауылпаз ақын Махамбет пен қазақтың біртуар ұлы Шоқан да бірнеше тіл білсе керек. Қазақ тілінің еш уақытта өзімен көршілес халықтар тілдерінен кенже қалып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз үлесін ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан мәлім. Олай болса, неге біздің ұрпағымыз баянды болашақ үшін өзге тілді жетік меңгермеске?! Көп тұғырлы білім беру са­ла­­сы қазіргі таңда АҚШ, Ресей, Үнді­стан, Нигерия сияқ­ты жүз­­деген ұлт пен ұлыс ме­кен­дей­тін мемлекеттерде кеңі­нен қа­нат жайған. Осындай әлемге әй­гілі, дамыған мемлекет­термен бә­се­кеге қабілетті болу үшін тіл­ді білу, қазақ тілін әлем­ге әй­гілі ету басты мақсат болуы керек. ХХІ ғасыр – жаңа техно­ло­гия­лар мен ғылымның дамыған заманы. Тіпті оларсыз өмірді көз­ге елестете де алмаймыз. Ал бі­лім беру саласында ғылым мен білімнің бірге жүретіні бел­гілі. Олай болса, ғылымның дамуын­дағы басты қағида – тілді білу. Үш тұғырлы тілді мең­геру қалталы азамат­тар­дың ғана емес, қара­пайым ауыл­­да­ғы ағайын­дардың да бала­­лары­ның сондай мәртебеге қол жет­кізуіне себепші болмақ. «Үш тілді білім беру – бола­шаққа бастар жол» демекші, үш тұғырлы білім берудің маңызы мен алға қойған мақсаттары да орасан зор. Әлемде дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында ғылым, білім, тілімізді дамытып, жаңа заман талабына сай, бәсекелестікке қабілетті ел болуымызға апаратын бірден-бір жол да осы. Ләззат ДОСТІЛЕУОВА, Опорный орта мектебінің жаратылыстану пәндері бірлестігінің жетекшісі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы