20 Ақпан, 2017

ОҚО әкімі ағын су мәсе­лесі бойынша құрыл­ған жұмыс тобы­­мен кездесті

195 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Оңтүстіктің диқан қауымы шіліңгір шілдеде су тапшылығынан күйініп жүреді. Өйткені, өлкеге келетін ағын судың дені өзге елден бастау алады. Мәселенің мәнісі осында жатыр. Ел аузында Мырзашөл деп аталып кеткен өңірге су аспанмен амандасқан Қырғыз Алатауы мен Тәжіктің Памир тауларынан ағып келеді. Ортада бүкіл Кеңестер Одағына мақта өсірумен даңқы шыққан, еңкейген қарт, ашамайға мінген баласына дейін еңбекқор Өзбекстан тұр. Мақтаарал ауданына «Достық» каналы арқылы ке­летін судың мөлшері екі рес­пуб­лика тарапынан шотқа қағы­лып, есептелгенімен су мөлшер­дегідей берілмейді. Өзбек ди­қандары көз алдында мол су ағып жатқаннан кейін өз алқабына жырып алып қала береді. Әрине, содан соң мақтааралдық диқандар мазасызданады. «Өзеннің басында отырғандар су, соңында отырғандар у ішеді» деген қанатты сөз осындайдан қалған. Мақталығы және көкөнісі күнге күйіп, солып бара жатқан соң диқандардың аз суға таласып, кетпендесіп қалатын оқиғалары жиілеп кеткен еді. Енді, осы шетін мәселенің шешімі табыла бастаған сыңайлы. Жақында Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Жан­сейіт Түймебаев ағын су мәсе­лесі бойынша Қазақстан мен Өз­бекстан арасында құрыл­ған мемлекетаралық жұмыс тобы­­ның өкілдерімен кездес­ті. Екіжақты кездесуге Қазақ­стан Респуб­ликасы Ауыл шаруа­шы­лығы министрінің орынбасары Е.Ны­санбаев, осы министр­лік­тің Су ресурстары комите­тінің төр­ағасы И.Әбішев, Өзбек­стан Рес­публикасы Ауыл ша­руа­шылығы және су ресурс­тары министрінің орынбасары Ш.Хамраев, Өзбек­стан Республикасы «Госвод­хоз­над­зор» мемлекеттік инспекция­сының бастығы Н.Эрназаров бастаған ресми өкілдер қатысты. Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі бұл басқосу көршілес жатқан екі мемлекетке де тиімді болатынына сенім білдірді. – Екі ел арасындағы ынты­мақ­тастықты арттыруда және сауда айналымын жақсартуда біз әріптестік байланысты нығай­тып келеміз. Бұл үлкен маңыз­ға ие мәселе. Мен жуырда Ел­басының қабылдауында болып, онда Өзбекстанмен байланыс­ымыздың жай-күйі жөнінде баян­дадым. Елбасы бастамамызды қолдайтындығын айтып, шекаралас аймақ ретінде көрші елмен тығыз байланыста жұмыс істеуімізге кеңес берді. Осы орайда, біз сауда-экономикалық, гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта түсуіміз қажет. Бұл реттегі қарым-қатынасқа екі тарап та қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Екі тараптың бірлесіп шешуге тиісті мәселелері жетерлік. Бүгінгі жұмыс тобының кездесуінде қаралатын су ресурс­тарын игеру, ағын су мен таза ауыз су мәселелері оң шешімін табатынына сенімдімін, – деді Жансейіт Түймебаев. Жиында сөз алған Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруа­шылығы және су ресурстары министрінің орынбасары Шав­кат Хамраев екі ел арасын Сырдария өзені байланыстырып отырғанын жеткізіп, өзара ынтымақтастықты дамытуға қос ел де мүдделі екендігін айтты. – Ағын суды игеру, су тасқы­ны­ның алдын алу екі тарапқа да ортақ мәселе. Сондықтан осы түйт­кіл­дерді бірлесе шешуде бар мүм­кін­дікті пайдалануымыз қажет. Бү­гінгі кездесуіміздің маңызды­лығы да ерекше. Екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынас бұ­дан да алға ілгерілей беретін­дігіне сенімдімін, – деді Ш.Хамраев. Еліміздің Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Су ресурс­тары комитетінің төрағасы Ис­лам Әбішевтің осы жиында айт­қан пікірі Өзбекстан мен Қазақ­стан арасындағы «Достық» каналы­ның суын теңдей бөлумен мәсе­ленің бітпейтіндігін аңғартады. Мақала басында осы екі мем­лекетке негізгі су қоры Қыр­ғызстан мен Тәжікстан таулары­нан келетіндігін айттық. Сон­дықтан Су ресурстары коми­тетінің төрағасының «Достық» ка­налына келетін су тек Өзбек­стан мемлекетіне байланысты емес, егер біз келісімге келіп, барлығы дұрыс дегеннің өзінде ертең жазда тәжіктермен және қырғыздармен келісімге келмесек, жазда қайтадан проб­лема болуы мүмкін», дегені құлаққа кіреді. Ендігі әңгімеге сол ағайындардың да тартылуын меңзейді. Ислам Әбішев Өзбекстанда өткен алғашқы жиында трансшекаралық өзендер мен каналдарды екі жаққа да тиімді жолмен пайдалану жайы қаралғандығын айтты. Яғни, алғашқы келіссөзде қос тарап «Достық», «Зах» және «Ханым» ка­нал­дарындағы бар суды соның бойын­да орналасқан суармалы жер­лердің көлеміне сәйкес, теңбе-тең бөлу жөнінде келісімге келген. Ал Оңтүстік өңірінде өткен кездесуде жұмыс тобы өкілдері транс­шекаралық аймақта ор­на­лас­қан Өгем өзенінен халық­ты таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік бе­ретін ірі жобаны іске асыру жа­йын талқылады. Екіжақ­ты келіссөз оң шешімін тапса, 2020-2030 жылдар аралығында жер асты суы жоқ Сарыағаш, Қазығұрт аудандарымен қатар, Мақтаарал, Шардара аудандарын, яғни 1 миллионға жуық тұрғынды таза ауыз сумен қамтуға болатын мегажоба қолға алынатын болады. Өзіміздің тау сілемдерінен аққан судан құралған «Өгем» өзені Өзбекстанға ағып өтіп жатыр. Бір кәсіпкер арынды өзеннің иірімін бөгеп, шағын электр стансасын салуды ойластырып жүр. Ешқандай тыңайтқыш қал­дықтарымен былғанбаған таудың таза суы осы өзенге жақын отыр­ған аудандардың ауыз су мәсе­лесін шешуге сеп болар еді. Жұмыс тобы екі мемлекет арасындағы ағын суға байланыс­ты мәселелерді шешуде бірталай уағдаластықтарға қол жеткізді. Енді оның алғашқы нәтижесі су аса қат жаз мезгілінде белгілі болады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы