Кеше Астана қаласында Ұлттық экономика министрлігі мен Экономикалық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы өтті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауын қолдап, насихаттауға арналған шарада институттың басқарма төрағасы Сержан Мәдиев сөз сөйледі. Ол бас құжаттағы басым бағыттарды атап, бұл ел дамуының жол картасы екенін әңгімеледі.
Басқосуда институт жанындағы сараптамалық зерттеулер орталығының директоры Сара Алпысбаева мекеме сарапшыларының 2017 жылғы экономика өсіміне қатысты болжамдары Үкіметтің жасаған болжамдарынан жоғары болып шыққанын мәлімдеді. «Біздің жобалауымызша, Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қатерлер төмендеді. Биылғы ел экономикасына саладағы белсенділік, xалық кірісінің артуы, сонымен қатар, кен өнеркәсібінің өсуі қолдау жасайды. Институт мамандары ағымдағы жылы еліміздің экономикалық өсімі 2,7 пайыз болады деп жоспарлауда», деді ол. Ұлттық экономика министрлігі ішкі жалпы өнімнің болжамды деңгейін 1,9 пайыздан 2,5 пайызға дейін көтергені есімізде. Сара Алпысбаеваның айтуынша, Қазақстан үшін ең төменгі болжамдарды Дүниежүзілік банк жария еткен – небәрі 2,2 пайыз.
«Шикізат экспорттаушы мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда, біз өсім болатынын болжап отырмыз. Дегенмен, ол біздің біршама тұрақты екенімізді білдірмейді. Модель одан өзгермейді. Біз шикізатқа тәуелді болып қалудамыз. Меніңше, Президент өзінің Жолдауында атап өткен үрдістер экономика үшін өте маңызды, әсіресе институттық өзгерістердің орны ерекше», деді өз кезегінде Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы аға экономисі Ілияс Сәрсенов.
Асхат РАЙҚҰЛ
«Егемен Қазақстан»