20 Ақпан, 2017

Қайрат Мәми қаржы секторын дамытудың тың әдісін ұсынды

132 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Жолдауды орындау және билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу реформасын жүргізу бойынша судьялар корпусының алдында тұрған міндеттерді іске асыру бағытындағы Жоғарғы Соттың жұмысы туралы хабардар етті, деп жазады ведомстваның баспасөз қызметі.

«Мемлекет басшысының конституциялық реформа мен Жолдау шеңберіндегі бастамалары біздің еліміз үшін айрықша стратегиялық маңызға ие. Олар Қазақстан үшін ішкі және сыртқы сын-қатерлерді анықтап, оларды еңсерудің жолдарын табуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, осы реформалар мемлекетімізді одан әрі дамытып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуын қамтамасыз етуі тиіс», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.

Аталған бастамалардың табысты іске асуы, негізінен, қоғамның оны дұрыс қабылдауы мен қолдауына, қойылған барлық міндеттердің түпкі мәнін ұғынуына байланысты екендігі атап өтілді. «Осы ретте ғылым саласының өкілдері мен профессор-оқытушылар қауымдастығының атқаратын рөлі зор. Дәл осы ғылыми-ағартушылық ортада, сіздердің принципті пікірлеріңіз, тіпті сыни ойларыңыз ортаға салынып, орынды шешімдер қабылданып, мемлекеттік реформаларды жүзеге асырудың жолдары қарастырылуы қажет. Бүгінгі конференцияның практикалық маңызы да осында», - деді Қ.Мәми.

Конференцияға қатысушылар Конституцияны өзгерту бойынша заң жобасына сот жүйесі енгізген ұсыныстар туралы хабардар болды. Ұсыныстар судьяларға қатысты талаптарды тиісті Конституциялық заңға ауыстыру және жоғары сот органының үш сатылы сот жүйесіне көшуі және оған кассациялық саты мәртебесінің берілуі ескеріле отырып, Жоғарғы Соттың мәртебесі туралы Ата Заңның 79 және 81-баптарына қатысты. Түзетулердің үшінші бөлігі сот бақылауын күшейту мәселелерімен байланысты.

Сот жүйесінің барлық бастамалары қолдау тапқаны және Мемлекет басшысына талқылау үшін ұсынылған заң жобасына енгізілгені айтылды. «Жұмыс тобының мүшесі болғандықтан, маған заңгерлер қауымы да жүгінуде. Олар соттар жұмысынан бөлек өздерінің сындарлы әрі барынша дәйекті ұсыныстарын енгізуде. Солардың қатарында заңнамалық процес, Үкімет мүшелерінің есептілігі, Конституциялық Кеңестің өкілеттігі мен өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар бар», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.

 Қ.Мәми мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлудің екінші кезеңінің шеңберінде Конституциялық заңдар мен өзге де заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралатынын атап өтті. Осы орайда Жоғарғы Сот Ұлт Жоспарын іске асыру аясындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдарын орындауға байланысты шараларды ұсынды.

Жоғарғы Сот Төрағасы Жолдауда көзделген басымдықтар барлық соттар үшін жұмыстың маңызды бағыттары болып табылатындығын айтты. «Сот жүйесі құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ете отырып, Жолдауды табысты іске асырудың маңызды буыны болып табылады. Осы орайда соттар сот жүйесіне тән бағыттар бойынша ғана емес, өз құзыреті шеңберінде барлық басым бағыттар бойынша белсенді жұмыс істеуде», - деді Қ.Мәми.

Сот төрелігін жүзеге асыру бойынша күнделікті жұмыс судьяларға неғұрлым жиі кезедесетін әлеуметтік-экономикалық мәселелердің қысқаша тізімін тұрақты түрде айқындап, олар бойынша өз шешімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Солардың қатарында жеке меншікті қорғау, шетелдік инвестицияларды тарту, бұқаралық кәсіпкерлікті қолдау, салық-бюджет саясатын жақсарту, бюджетті оңтайлы қолдану салалары аталды.

Жоғарғы Сот Жолдаудың басымдықтары бойынша сот практикасына қорыту жүргізу, заңнаманы қайта тексерістен өткізу және тиісті органдарға кешенді ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмысты бастап кетті.

Қаржылық секторды «қайта жүктеу» бөлігінде коллекторлық қызмет туралы заң жобасы бойынша және банктерге арнайы талап-арыздардың ескіру мерзіміне қатысты бірқатар түзетулер ұсынылды.

Әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесіне жіті назар аударылуда. Қоғамдық қауіптілігі төмен экономикалық қылмыс құрамдарын қылмыссыздандыру мәселелерін пысықтау басталды.

Жоғары сот органының бастамалары – қазіргі қоғамдағы сот жүйесі рөлінің нақты көрінісі. «Осы орайда соттар да елмен бірге даму үстінде және алдағы жаңғыруға барынша әзір» - деді Қ.Мәми және конференцияның қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдар  Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды сапалы іске асыру үшін барынша пайдалы болады деген сенім білдірді.

Конференцияның күн тәртібіне сәйкес оған қатысушылар үш секция шеңберінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы тұрғысынан тәуелсіз Қазақстан Республикасының конституциялық-құқықтық даму мәселелерін, жаңғыру кезеңіндегі еліміздің сыртқы саясатының басымдықтары мен экономикалық өсімнің жаңа моделіндегі білім беру мәселелерін талқылады.

Конференцияға қатысушылар Мемлекет басшысы талқылауға ұсынған Конституцияға түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасына жоғары баға берді. Жұмыс тобының қарауына жолданатын бірқатар ұсыныстар айтылды.