Президенттің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы бойынша өз пікірімді айту менің жаныма жақын десем артық айтқандық болмас. Біріншіден, оны оқып шыққанда «Барлық басымдықтар қандай өзекті, олардың әрқайсысы бойынша міндеттер қалай дәл қойылған» деген ойға қалдым.
Индустрияға цифрлық технологияны енгізу жөніндегі бірінші басымдықты қуана қабылдадым. Неге екенін түсіндірейін. 2009 жылы телевизияның баламалы нұсқасының орнына цифрлық нұсқаны енгізуді ұсынып, оның бастамашыларының бірі болғанымда, бізді барлық деңгейде дұрыс қабылдамады, бюджет мүлде аз бөлінді, Қазақстанның осы индустриядағы өз орнын жоғалтып алмауы үшін идеямызды тек қана ынта-жігермен іске асыруға тура келген болатын. Бүгінде ол жағдай ұмытыла бастады, бірақ қазақстандықтардың күнделікті өмірінде цифрлық телевизия кеңінен пайдаланылуда.
Сондықтан Мемлекет басшысы ІТ-саланы бірінші басымдық ретінде мемлекеттік деңгейде қойғанда, бұл бір жағынан қуантады, екінші жағынан тарихтың көлеңкесінде қалып қоймас үшін біздің барлығымызды осы заманғы цифрлық технологиялардың негізінде жаңа индустрияны дамытуға, экономиканың қазіргі құрылымын жетілдіруге жаңа бетбұрыстар жасауға итермелейді.
Әлбетте, бұл басымдықты ілгерілету, бейнелеп айтар болсақ, іс жүзінде әрбір қазақстандықтан жарық жылдамдығына тең жеделдікті талап ететіні ақиқат – өйтпеген жағдайда жетістікті ұзақ күтуге тура келеді, жайбарақаттыққа жол беру жақсылыққа әкелмейді, «әйтеуір бір болар» деген қағида бұл жерде қисынсыз. Бұл жастардың ісі деп жас ұрпаққа итере салудың да перспективасы бар деп айту қиын: сондықтан жас та, кәрі де ІТ-білімін жедел меңгеруге және күнделікті өмірде оны белсенді түрде пайдалануға тиіс.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі ретінде Жолдаудың бизнес мәселелері жөніндегі ережелерін айналып өте алмаймын. Біздің нарықтық қатынастарды дамыту жолына түскеніміз рас болса, онда сол талап ететін жағдайларда шеберлікті, дағдыларды меңгеруге, соған сай өмір сүруге және еңбек етуге тиіспіз. Жақсылықтың бәрі аспаннан өздігінен түсе қалады деп күтпей, әлдебіреулерге үміттенбей, мемлекет жасап отырған барлық жағдайды пайдаланып, кәсіпкерлікті дамыту, одан өз орныңды табу, тіпті болмағанда отбасылық бизнес ашу, қаржылық сауаттылықты жедел меңгеру қажет. Бүгінде Елбасы бізді осыған бағыттап отыр.
Бұл жерде өз бизнестерін дамыту жолында талай тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген біздің тәжірибелі кәсіпкерлеріміз өздерінің салмақты сөздерін айтуға, өздерінің мол тәжірибелерімен бөлісуге тиіс деп ойлаймын. «Тиіс» деген сөзді әдейі айтып отырмын, өйткені, олардың өз ісін дамытуы үшін жақсы жағдайлар жасалып келді, қазір де жасалуда. Енді бұқаралық кәсіпкерліктің кең дамуына жол ашу үшін олардың өз еліне, өз халқына, табысты жолды іздестіруге артық уақыт жұмсамай кәсібін жетілдіруге көмектесетін, бизнес негіздері бойынша тиімді білім алу мүмкіндігін беретін уақыт келді.
Мені, мұғалім ретінде, әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйін жақсарту қажеттігі туралы басымдық та бейжай қалдырған жоқ. Сондықтан олардың әрқайсысының дені сау, сауатты, талантты, барлық жағынан бәсекеге қабілетті болуы қажет. Ал ол үшін барлық күш-жігер оқуға және еңбек етуге арналуға тиіс, сонда ғана өмір сүру мазмұнды болады және сапалы әрі жаңа өмір сүру деңгейі қамтамасыз етіледі. Біздің балаларымыз мол білім деңгейіне ие болып қана қоймай, оны өмірде пайдалана білуге, кез келген жағдайда, әсіресе, жаңа технологиялар дәуірінде абыржып қалмас үшін бірнеше тілді меңгеруге тиіс. Және балалар ғана емес, біздің өзіміз де жас ерекшелігімізге қарамастан, уақыттың қатаң талаптарына сәйкес, ана тілімізбен қатар ағылшын тілін де оқып-үйренуге, ІТ-білімнің негіздерін меңгеруге тиіспіз. Олай болмаған жағдайда, айталық, өмірімізге дендеп еніп келе жатқан, бүгінде оларсыз аттап баса алмайтын мобильдік банкингті, электрондық қызметтерді қалай пайдаланбақпыз.
Ал денсаулық сақтау жүйесіне келетін болсақ, бұл жерде ешкім де немқұрайлылық танытпайды деп ойлаймын. Дәрімен қамтамасыз ету жөнінде жағымды сөз айтатындар аз: бірінші кезекте көпшілікті дәрі-дәрмектің қымбаттығы толғандырады. Сол себепті Мемлекет басшысының дәрілік заттардың бағасына мемлекеттік реттеуді енгізу жөніндегі тапсырмасын қазақстандықтардың қуана қабылдағаны анық.
Дегенмен, денсаулық туралы айтқанда, ең алдымен өз денсаулығымызды өзіміз қолға алуға, өз денсаулығымызға деген көзқарасымызды өзгертуге, дәрігерлерге ғана үміт артуды азайтуға тиіспіз, өйткені, денсаулық жағдайымыздың 85 пайызы өз қолымызда. Ол туралы ұмытуға болмайды.
Көпшілік ел Президентінің Жолдаудағы мына сөздеріне назар аударды деп ойлаймын: «Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет. Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек». Шын мәнінде, қазақстандықтарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге мол ақша бөлінеді. Сондықтан аталған министрліктердің жанында жұмыс істейтін Қоғамдық кеңестердің мүшелері олардың пайдаланылуын тиісті түрде бақылауға, барынша тиімділік пен пайдаға қол жеткізуге тиіс.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Қазақстанға қатысты көптеген жайлар туралы ұнамсыз пікірлер жиілеп кетті, әрі ол пікірлер өз азаматтарымыз тарапынан болып жатады. Осындай әр жағдай бойынша наразылықтың туындайтыны түсінікті. Алайда, кешіріңіз, құқық бұзушылықты, жол-көлік оқиғасын кім жасайды, дәрігерлік қателіктерге, дүкендерде сапасыз қызметтер көрсетуге кім жол береді, кім дөрекілік көрсетеді және т.б? Әрине, өз азаматтарымыз. Ол неліктен? Өйткені, біз: отбасында, мектепте, ұжымдарда тәрбие мәселелерін назардан тыс қалдырамыз. Біз жақсылықты көруге, өзіміздің ғана емес, айналамыздағы адамдардың да табыстарына қуануды үйретпейміз. Отансүйгіштік те, еңбекқорлық та туа бітпейді. Отбасынан бастап рухани-адамгершілік мәселелеріне жүйелі түрде келу қажет. Сонда жастар елден тыс жүрген кезде ғана емес, әрдайым Қазақстанның әрбір кіші және үлкен жетістігін бағалайтын, өз елімен мақтанатын болады, Отанымызға қатысты барлық жайлар үшін жауапкершілікті сезінетін болады.
Бүкіл әлемде терроризм, діни экстремизм өршіп отырған жағдайда еліміздің ең бағалы игілігі халық достығы, бейбітшілік пен келісім, бірлік пен топтасқандық екенін біз түсінеміз, оны бәріміз бірге сақтап, нығайта түсуге тиіспіз.
Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері тәуелсіздік жылдары Президентіміз сөзімен ғана емес, ісімен де кепілгер болып жүрген ішкі саяси тұрақтылық пен этносаралық татулыққа тікелей байланысты.
Майра АЙСИНА,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы
фракциясының мүшесі