Бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыру бағытын жалғастыру басты міндеттердің бірі болып қалуда. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомствоға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек.
Елбасының биылғы Жолдауында осындай міндеттер нақтыланды. Осыған орай Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрлiгiне экспорт саясаты жөніндегі кеңес құру бойынша ұсыныстар енгiзудi тапсырды. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруі тиіс. Сондай-ақ, 1 қыркүйекке дейін бірыңғай экспорт стратегиясын қабылдау керек.
Қазіргі таңда елдің экономикалық өсімінде отандық өнеркәсіптің үлесі артып келе жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Оның бір дәлелі, өткен жылғы ІЖӨ өсімі 1 пайызды құрады. Қазіргідей әлемдік нарықтағы тұрақсыздық, шикізатқа бағаның төмендігі сияқты келеңсіз шақта бұл көңіл қуантарлық жағдай. Себебі, бұрын елімізде ішкі жалпы өнім көлемінің негізгі бөлігі осы шикізат өнімдерінен түсетін, бірақ қазір жағдай өзгерген. Отандық өндірістің өркендеуі сыртқы нарықтағы шикізат бағасына тәуелділікті азайтты. Мұның негізгі тамыры елімізде қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында екендігі анық. Қазіргі таңда еліміз бұл бағдарламаның екінші бесжылдығына аяқ басты.
Ресми деректерге сүйенсек, жалпы, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4,6 трлн теңгенің 961 жобасы жүзеге асырылса, өткен жылда 179,2 млрд теңгенің 63 жобасы іске қосылған. Бұл – 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны. Қолға алынған жобалар арқылы 7,5 трлн теңгенің шамасында өнім өндірілсе, оның 1,8 трлн теңгесі соңғы он айға тиесілі.
Қазір Үкімет алдында 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр. Міне, осы межеге жету үшін әлі талай жұмыстар атқарылуы тиіс. Сол мақсатта экспорт саясаты жөніндегі кеңес құрылып, бірыңғай экспорт стратегиясын қабылдау керек.
Бүгінде Елбасының халыққа арнаған Жолдауы қызу талқыланып, қолдау тауып жатқаны мәлім. Соған сай ұсыныстар да айтылуда. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Жолдауға қолдау білдіре отырып, қазақстандық кәсіпорындарды жаңғырту және технологиялық тұрғыда дамыту мәселесіне байланысты пікірімен бөліседі. Оның айтуынша, басты мәселе зауыттардың технологиялық мүмкіндіктері мен өндірістік деңгейін ешкім қадағалап отырмағандығында болып отыр. Олардың қандай халықаралық стандарттарға сай жұмыс жасап жатқандығын да ешкім білмейді, дейді депутат. Сондықтан, қолда бар кәсіпорындарды жаңғыртып қана қоймай, индустрияландыру аясында жаңа жобаларға деген көз-
қарасты өзгерту керектігін, мемлекеттік қолдауға ие жобаларды технологиялық стандарттарға және әлемдік үрдістерге жауап беретін техникалық регламенттерге бағалап отыру керектігін айтты.
Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов БАҚ өкілдері үшін өткізген баспасөз мәслихатында Жолдаудың басым бөлігі кәсіпкерліктің қатысуымен жүзеге асатынын айта отырып, индустриялық аймақтардың жұмысына қатысты бірқатар мәселені қозғады.
«Расын айтсақ, кәсіпкерлердің барлығы да жергілікті жерде, нақты бір аймақта қызмет жасайды. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті дамытудағы міндеті, жауапкершілігі Жолдауда нақты айтылған. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлікті дамытуға жергілікті билік те қатысып жүрді. Бірақ, байқасаңыздар, жергілікті билік көбінесе әлеуметтік салаға мән береді», деді А.Мырзахметов. Басқарма төрағасы осы ретте жергілікті кәсіпкерліктің дамуына кедергі болатын жайттарды да айтты. «Біздің әрбір ауданда филиалымыз бар. Сондықтан, жергілікті жерлердегі кәсіпкерлік жайынан хабардармыз. Таяуда Елбасының қабылдауында болғанымызда да баян еткенбіз. Жергілікті жерлердегі кәсіпкерлерді толғандыратын мәселенің бірі – жер. Жергілікті жерлерде жер телімдерінің кәсіпкерлерге еш кедергісіз, қағазбастылықсыз, ашық, жария түрде берілуі әлсіз жүруде. Өкінішке қарай, онлайн алаңдар дұрыс жұмыс істемеуде. Екінші мәселе, құрылыс салуға қажет құжаттарды алудағы қиындықтар болып отыр. Мұнан бөлек, бірқатар салықтар да бар. Қазір бізде 60-қа жуық индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Бірақ олардың жұмыстары кәсіпкерлердің көңілінен шықпайды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бар. Олардың жұмыстары да кәсіпкерлер үшін көмескі», деді А.Мырзахметов. Яғни, жергілікті әкімдіктердің қолында кәсіпкерлерге арналған сан-алуан ауқымды құралдар болғанымен олардың тиімсіз болып отырғандығын жеткізген.
Негізінен, межелеген мақсатқа жету үшін көптеген іс қолға алынып, осы күнге дейін тиімділігін көрсете алмаған кейбір тетіктер жаңаруы, технологиялық тұрғыдан жаңғыруы керек-ақ. Соған сай ұсыныстар қабылданып, тың іс-шаралардың да жүзеге асуы өте маңызды. Ал негізгі нәтиже, әрине, уақыттың ғана еншісінде.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»