Ұлттық ұлан Петропавл әскери институтында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары қауымдастығының республикалық отырысы өтті. Оған өңірлердегі ассамблея кафедраларының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, жастар, әскери институттың жеке құрамы қатысты.
Талқыға «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы шығарылып, Елбасы белгілеп берген бес басымдық басты тақырып арқауына айналды. Жиынның модераторы, саяси ғылымдар докторы Жұмабек Ахметов өз сөзінде Президент жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдік тұрақсыздық жағдайында да Қазақстан халқын жарқын белестерге бастап келе жатқанын, үшінші жаңғыру 2012 жылы қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясының жарқын жалғасы болып табылатынын, басты мәні отыз елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуді қамтамасыз ететінін атап көрсетті.
Облыстық Ассамблеяның хатшылық меңгерушісі Наиль Салимов жаңа кезеңге қадам басқан еліміздің кез келген қиындықты еңсере алатынын жеткізді. Ширек ғасыр ішінде теңдессіз тәжірибе жинақтадық. Басты күшіміз бірлікте, ынтымақта екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл бағыттағы таңдауымыз айқын дей келіп, Қостанай, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының жұмысына сәттілік тіледі.
Отырыста облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Лаура Қайыржанова, еврей мәдени орталығының төрағасы Рашбиль Евдаев, «Барбанг» күрдтер ассоциациясы жергілікті филиалының жетекшісі Рашид Надиров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптама тобының төрағасы, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық қатынастар, тарих және әлеуметтік мәселелер кафедрасының меңгерушісі Ардақ Қапышев, Ұлттық ұлан Петропавл әскери институтының курсанты Руслан Сухоручкин сөйлеп, Елбасы жүктеген келелі міндеттердің маңыздылығына, өміршеңдігіне жиналғандардың назарын аударды.
Шешендердің қай-қайсысы болсын түбегейлі өзгеріс кезеңінде экономикамен қатар, әлеуметтік салаларға да ерекше екпін түсірілгенін, алда өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеудің шараларын күшейту міндеттері тұрғанын тілге тиек етті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы