Рухани-адамгершілік тәрбиенің өзектілігі неде? Ел тәуелсіздігін алғанға дейін біз ұлт ретінде ұрпақ тәрбиелеу, ұлттық қасиетімізді дәріптеу, толық адам ретінде әлеуметтену деген мәселелерді кең түрде толғап та, кең түрде халықтың санасына беріп те жарытпадық. Әрине, өткенге топырақ шашпаймыз. Ол кездегі тәрбиенің де жақсы тұстары болғанын ешкім жоққа шығармайды. Рухани-адамгершілік тәрбиенің өзектілігі – ол барлық пән арқылы жеке тұлғаның адами қасиеттерді меңгеруін, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректе болуын талап ететін, адамның өзін өзі реттеуін жүзеге асыруын, әлеуметтенуін қамтамасыз ететін ұлттық құндылықтар арқылы ата-бабамыздың қанында бар қасиеттерді бойға сіңіруді көздейтіндігінде.
Өзектілігі – бұл тәрбиенің ешуақытта қатып қалған қағидаларға сүйенбейтіні, нәтижесінің бірден көзге көрінбейтіндігі. Біздің халық сөзге мән берген, сөзге тоқтаған, үлкенін құрмет тұтқан. Сол қасиеттерімізді мектеп қабырғасында бойға сіңіру жауапты да үлкен міндет болып саналады. Мен өзім қызмет ететін мектептегі рухани-адамгершілік тәрбиенің барысына тоқталуды жөн көрдім. Рухани-адамгершілік тәрбиенің мақсаты жалпыадамзаттық құндылықтармен, нормалармен және дәстүрлермен үйлесетін моральдық қасиеттер мен көзқарастар қалыптастыру болып табылады.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін «Өзін өзі тану» пәнінен бөлек, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндері арқылы да ұлттық құндылықтарды пайдалана отырып, рухани-адамгершілік тәрбие беруге болады. Қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасында ұлы Абай шығармалары бірнеше сағатқа берілген. Абай шығармаларын тәрбие тұжырымдамасына кіріктіру рухани-адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі болары сөзсіз. Осы бағытты жүзеге асыру мақсатында «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» атты Абай шығармаларына негізделген тәрбие бағдарламасын құрастырдым. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сүйенген бұл бағдарлама Абай шығармалары арқылы жеке тұлғаның нағыз адам болуын, ізгі қасиеттерді ұлттық тұрғыда меңгеруін, ар-ожданды сақтап, адамдарға риясыз қызмет ету, мінез-құлықты жетілдіру сияқты міндеттерді көздейді. Абай сөздері адамзат тарихында ескірмейтін, мәнін жоймайтын сөздер болғандықтан, оның ұрпақ тәрбиелеуде атқарар рөлі де орасан зор. Мысалы, Абай
«Ойға түстім, толғандым
Өз мінімді қолға алдым», – дейді. Осы өлең жолдарының жас ұрпаққа берер өнегесі – адам баласының өз мінез-құлқын көре білу қабілетімен, жеке тұлға ретінде танылу қасиетінде. Адам – осындай ерекшелігімен де адам.
Абай 18-қарасөзінде «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», – дейді. Жас ұрпаққа осы сөздің мағынасының өзі өнеге. Сөз арқылы жас ұрпақ санасына сілкініс жасау, ойландыру мектепте жұмыс істейтін әр мұғалім парызы болса керек.
Оқушыға қазақтың ұлт ретіндегі бейнесі қандай болуы керек екенін ұғындырып, адами қасиетке жат қылықтар жөнінде Абай болып ой тастау, әрине, сөзге тоқтайтын әрбір қазақ баласына әсер етері сөзсіз. Мәңгілік Ел азаматы болуға ұмтылған қазақ баласының бойында ата-бабамыздан келе жатқан қайсарлық, уәдеге беріктік, бұзылмас дін мен діл әбден керек-ақ. Мәңгілік ел идеясын, әсіресе, әдебиет сабақтарында көбірек айтуымыз қажет. Өйткені, біріншіден, әдебиет – ардың ісі, екіншіден, адамға жақсы мен жаманды, ұлттық рухты сіңіртетін осы пән. Рухани-адамгершілік тәрбие арқылы Мәңгілік Ел идеясын ұғындыру мектептерден бастау алуы тиіс, сондықтан Абай шығармаларын тәрбиеде пайдалану тиімді нәтиже береді деп ойлаймын.
Тағы бір мысал, азаматтық-патриоттық, құқықтық тәрбиені тек сынып сағаттары арқылы беру сыңаржақтық болар еді. Ұлтына адал қызмет етіп, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстануға өсиет айтқан Абайдай тұлғаның сөзі өміріміздің шамшырағына айналуы тиіс. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының басты мақсаты – отанын сүйетін жеке тұлға тәрбиелеу. Мектеп қабырғасында жүрген оқушы келешекте өз елінің бір «кетігін тауып қалануы тиіс». Жеткіншекті осы бағытта тәрбиелеу үшін мектептегі түрлі шаралармен қатар, қазақы қасиетімізді, асыл сөздің құдіретін де оқушыларға жеткізе білу шарт.
Жас ұрпаққа әлеуметтік бағдар беру – үлкен жауапты іс. Оқушыға Абай сөздері әсер етуі үшін мектепте пікірталас, топтық жұмыстар, әдеби кештер, тренингтер, кездесулер өткізу орынды болмақ.
«Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың», деп Абай айтқандай, нағыз адами құндылықтарды меңгерген жасөспірімнің Мәңгілік Елдің азаматы болып шығары сөзсіз.
Мірболат МЫРЗАҒАЛИЕВ,
А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы
Суретті түсірген Ерлан Омаров, "Егемен Қазақстан"