Бүгінде уақыт өзгерістері өте жылдам өтуде. Ол өмірімізге интернеттің тереңдеп еніп кеткеніне тікелей байланысты дер едім. Кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсариннің осыдан бір жарым ғасырдай бұрын «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» деп ғылымның, оқу-білімнің маңызын айтқан сөзі ақиқат шындыққа айналып отыр. Қазір жердің қай нүктесінде не болып жатқанын сол мезетінде біліп отырмыз. Оқушылардың болашақ мамандығын таңдауында осы интернеттің ықпалының да жоқ емес екендігін айтқым келеді. Қазір мектеп бітіретін түлектер мұхиттың арғы жағындағы Американың, жалпы, жер жүзіндегі қай елдің қай қаласында қандай оқу орны бар, ол несімен ерекшеленетіні туралы интернет арқылы біледі. Ал осыдан 25-30 жыл бұрын мектеп оқушыларының мамандық таңдауында ұстаздардың ықпалы ерекше күшті болатын еді. Сонымен қатар, ол кезде жағдай да басқаша болатын. Ол заманда бүкіл елімізде екі ғана университет, ал Қостанай облысында екі институт қана болды. Сондықтан мектеп оқушылары үшін таңдаудың өзі көп бола бермейтін. Бірақ біздің тұстастарымыз болашақта кім болатынын армандап, кейін меңгерген мамандығымен ғұмыр бойы еңбек етті. Алматыдан, Қостанайдан жоғары оқу орнын бітіріп, туған ауылына қызметке келетін. Бәріміз де солай еттік. Қостанайдан педагогика институтын бітірген соң еңбек жолымызды ауыл мектебінде бастадық.
Қазір олай емес, «елу жылда – ел жаңа» дегендей, мектеп түлегі мамандық таңдағанда «ертең жұмыс таба аламын ба, жоқ па?» деп ойлануы керек. Несін жасырамыз, мамандық таңдауда балаға үйдегі ата-анасының ықпалы айтарлықтай. Егер олардың пікірі өмірдің шынайы көрінісімен сәйкес келсе, құба-құп қой. Мысалы, қазір экономист пен заңгер мамандығын меңгергендер жетіп артылады. Оның есесіне инженер, технолог секілді мамандықтарға өңдеу кәсіпорындары мұқтаж болып отыр. Өкінішке қарай, үйдегі ата-ана баласының кім болатынын қаласа, түлек те сол шешімді қабылдайды. Әдетте, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дейін мектепте түлектермен олардың таңдаған мамандығы жайлы әңгімелер өткізіледі де, басты пәнді де соған лайықты таңдайтын еді. Тіпті, кейінгі кездері Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін күні оқушының мамандық туралы шешімін өзгертетін сәттері аз болмады. Түлектің бұл асығыс әрі ойланбай жасаған шешімі әркез сәтті бола бермейді.
Біздің мектепте негізінен гуманитарлық пәндерге басымдық беріледі. Балалардың бейімі де солай. Кейде ата-аналар баласының қабілетіне көңіл бөлмей, оның Назарбаев зияткерлік мектебінде оқығанын қалап тұрады. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің бағыты да, бағдарламасы да физика-математика пәндеріне негізделген. Сондықтан біздің мектепте қанша үздік оқығанымен, бала онда барған соң қиналады, кейін мамандық таңдауда да қателесуі мүмкін. Сөз жоқ, егер жаратылыстану пәндеріне бейімі бар дарынды оқушылар зияткерлік мектеп өткізетін байқауға қатысып, сонда өтіп жатса, бұл біз үшін де қуаныш. Мұндайда дарынды оқушының бағын байламай, қайта бұлақ көзін ашу керек. Солай етіп те келеміз. Бірақ кейбір ата-аналарға «балам сондай мектепте оқып жатыр» деген атақ бәрінен қымбат көрінеді. «Әке – балаға сыншы» дегендей, ата-ана да, ұстаздар да көз алдында өскен баланың мамандық таңдауда бейімін, қабілетін және дайындығын, мүмкіндігін ескерсе кейін түлек те тура жолда болады деп білемін.
Қазір мемлекеттік білім гранттары елімізде өмірдің қай саласына мамандар қажеттігін ескере отырып бөлінеді. Кейде ата-аналар баласы әйтеуір тегін білім алып қалуы үшін де түлектің мамандық таңдаудағы көңіл қалауына теріс ықпал етеді. Педагогика институтына, ауыл шаруашылығы академиясына, университеттеріне түсіп, кейін әсіресе, агроном, мал дәрігері, зоотехник болып ауылға, ауыл мектебіне бармай, қалада кез келген жұмысты таңдайтындар, бір жоғары оқу орнынан кейін басқа мамандыққа екі жыл оқып алатындар аз ба? Біз сол үшін де 9-сыныптан бастап ата-аналармен арнайы әңгіме өткіземіз. Оқушылармен тәрбие сағаттарында ұстаздар, сынып жетекшілері, пән мұғалімдері мамандық туралы айтып отырады.
Мектеп оқушылары оқу жылында түрлі пәндер бойынша қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысады, ғылыми жұмыстармен айналысады. Мұның өзі де баланың мамандық таңдауына жақсы бағыт-бағдар береді. Дегенмен, жоғары сыныпқа келген соң болашақ мектеп түлегіне мамандық таңдауда айналасының, ата-анасының ықпалы күшті әсер ететінін жоғарыда айттым. Мен ата-ананың бәрі қателеседі деп айтудан аулақпын. Әншейін дақпыртқа салынбай, баланы дұрыс бағыттаса, ол үшін мектептегі ұстаздармен тығыз жұмыс істесе дұрыс болады дегенді тағы да айтқым келеді.
С.Мәуленов атындағы гимназия облыстағы қазақ мектептері арасында таңдаулы білім ошағы болып саналады. Өткен жылы аттестациядан облыс мектептері арасында бірінші орын алдық. Өткен оқу жылында пәндер бойынша біздің оқушыларымыз облыста «үздік олимпиадалық команда» деген атты иеленді. Бұл оқушыларымыздың білім деңгейін көрсетсе керек. Жыл сайын жоғары оқу орындарына түскен түлектеріміздің кемінде 60 пайызы мемлекеттік гранттарға қол жеткізеді. Мұның барлығы біздің ұстаздар мен ата-аналардың тізе қосқан жұмысының арқасы деп білемін.
Бегежан КӨШМҰРЗИН,
С.Мәуленов атындағы гимназияның директоры
ҚОСТАНАЙ