23 Ақпан, 2017

Мақсат – еліміздің өсіп-өркендеуін қамтамасыз ету

163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған екі құжат елімізді әрі қарай өсіп-өркен­детуге бағытталған. Үндеу мен Жолдаудың еліміздің өрке­ниетті демократиялық мемлекет ретіндегі одан әрі қалыптасуы саясатын сатылап жалғастыратыны сөзсіз. Конституциялық рефор­малар – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Қазақстан конституциялық реформалардың үш сатысынан өтті, осы жолғысы заман талабына жауап беру мақсатында Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылып отыр. Тоқсаныншы жылдары Парла­мент пен Үкіметте өкілет­тіктер­дің баршылық болғанын бәріміз білеміз. Ол кезде жаңа сайланған Президенттің өкілеттігі енді-енді бастау алып жатты. Одақ ыдыраған жағдайда барлық экономикалық байланыстар үзіліп, кәсіпорын­дар тоқтады, адамдар жұмыссыз қалып, инфляция 2 мыңнан астам пайызды құрады, еңбек нары­ғын­да құлдырау орын алды. Жағ­дайды дұрыстау үшін Үкімет мүшелерін ай сайын ауыстыруға дайын адамдар баршылық болды. Бірақ бұл сол кездері мүмкін бол­мады, өйткені, базис жоқ еді. Еліміз нарықтық қатынастар­дан бейхабар-тын. Нарықта қа­лай өмір сүру керектігін ешкім білме­ді. Сол кездері өкілеттіктер тек сая­­с­и-экономикалық дағдарысқа әке­ліп соқты. Мұндай жағдай көп­теген елдерде қайталанды. Осы­ған орай ерекше өкілеттік­тер Мем­лекет басшысына берілді. Ол тез шешімдер қабылдаумен өзін ақ­тады. Елбасының заң күші бар Жар­лық­тары еліміздің эконо­мика­лық әлеуетін арттыруға зор ықпал етті. Біз енді ғана 25 жылдық нәти­жемізді шығардық: халық­аралық деңгейде қандай жетістіктерге қол жеткіздік, өз елімізде не істедік, әлеу­меттік-экономикалық дамуда қан­дай өзгеріс бар? Әрине, 2009 жыл­ғы мен биылғы дағдарыс бол­ма­ғанда, біз дамудың елеу­лі саты­сы­на көтерілер едік. Соң­ғы да­ғ­­дарыс біздің шикізат ресурс­тары­мыз бойынша көрсеткіш­терімізді елеулі түрде төмендетіп, экономикалық дамуымызға зор нұқсан келтірді. Бірақ біз енді шикізатқа ғана арқа сүйей бермей, өндірісті өркендетуге ден қойып отырмыз. Конституциялық реформа өкі­леттіктерді бөлуге бағытталған. Ол ішкі саясаттағы ауқымды үде­ріс­терді қамтиды. Сыртқы саясат Елбасының еншісінде. Олар – қорғаныс мәселесі, қауіпсіздік пен бейбітсүйгіштік бағыттар. Қазіргі күрделі жағдайда сыртқы саясат кез келген мемлекеттің маңызды басымдығы болып табылады. Екінші дүниежүзілік соғыс­тың аяқталғанына 72 жыл өтсе де, әлемде соғыс өрті басылмай тұр. Сирияда аға мен аға, іні мен іні соғысуда. Қазіргі күні лаңкестік те кең етек жайып барады. Сондықтан шекараны да, ішкі қауіпсіздікті де нығайтудамыз. Осы жағдайларда Елбасы сыртқы саясатты дамыту керек деп шешті. Ал заман талабы өкілеттіктерді бөлу қажеттілігін көлденең тартты. Билікті бөлу – күрделі үдеріс. Енді осы саясатты алға тартып алып кететін кадрлар туралы ой­лану керек. Өйткені, кез келген жер­­­де мәселені басшылық шешеді. Үкі­­­мет пен Парламенттің жаңа өкі­­лет­­тіктері аясында еркін қи­мыл­­дап, әрекет ете алатын адам­дар­ды таңдай білуіміз керек. Бұл мә­се­ленің кәсіподақтарға да қатысы бар. Жалпы, кәсіподақтар билік­тен алыс, өйткені, олардың басты мін­деті – еңбек адамын қор­ғау. Бірақ кім қорғауы керек? Ол білім­ді, адамдармен тез тіл табы­са ала­тын және олардың мүд­де­лерін қор­ғай алатын адам болуы шарт. Сондықтан да біз лайық­ты кадрлар табуға тиіспіз. Кәсіп­одақ­тардың негізін бастауыш ұйым­дар құрайды, олардың саны бізде – 18 021. Онда бар­лық басшыларды қатардағы жұмыс­керлер тағайындайды. Ал орташа буынның (обком, қалалық комиссиялар) саны бізде – 242. Оларда да бастауыш ұйымдардың жұмысына дер кезінде қолдау көрсете алатын сенімді әрі лайық­ты адамдар болуы керек. Біз кадр­лық құрамымызды өз ішімізде жаң­ғыртып, сол арқылы жаңа өкі­лет­тіктері бар Үкімет үшін нағыз әлеу­меттік әріптес болуды ұсынамыз. Біздің тарапымыздан ат­қарыл­ған оңды істер баршылық. Бірақ олар одан да көп болуы керек. Кәсіподақтар еңбек адамының құқық­тарын қорғау миссиясын тек қо­ғамды мойындату үшін емес, әр қазақстандықтың мүддесі үшін атқаруы тиіс. Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы