23 Ақпан, 2017

Базалық мөлшерлеменің төмендетілуі қаншалықты орынды?

188 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ішкі және сыртқы факторлардың қаржы секторындағы ахуалға, сондай-ақ экономикалық өсудің серпініне және тиісінше базалық мөлшерлеме бойынша кейінгі шешімдерге әсері – бұл мәселелер кеше Ұлттық Банк өкілдері мен Қазақстанның сараптамалық қоғамдастығының кезекті кездесуі барысында талқыланды. «Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық Банк кеше базалық мөлшерлемені 11%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеменің дәлізі +/- 1 пайыздық тармақ деңгейінде қалды», - деді өзінің кіріспе сөзінде ҚРҰБ Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин. Ол базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылданған факторларды қысқаша атап өтті, олардың бірі инфляция деңгейі болып табылады. «Жылдық инфляция 2017 жылғы қаңтарда баяулап, 7,9%-ды құрады, бұрын Ұлттық Банк болжағандай нысаналы дәліз шегіне кірді. Инфляцияның құрылымында азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсу қарқынының 9,7%-дан 9%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 9,5%-дан 9,2%-ға дейін, ақылы қызмет көрсетудің 6,1%-дан 5,3%- ға дейін төмендеуі жалғасты», - деп атап өтті В. Тутушкин. Оның айтуынша, инфляция 2017 жылғы қаңтарда 0,8%-ды құрады, бұл 2016 жылдың осындай кезеңінің көрсеткішінен едәуір төмен. «Бұл жалпы алғанда жыл басындағы инфляциялық үрдістерге сәйкес келеді, – деп атап өтті ол. – Инфляцияның жекелеген құрауыштары бойынша бағаның неғұрлым жоғары өсуінде тұтынушылық бағалардың жалпы деңгейінің жеделдеу тәуекелі болмайды және басқа тұтынушылық тауарлар мен қызметтер бойынша қалыпты баға серпінімен өтеледі». Халықтың инфляциялық күтулері туралы кездесуге қатысушылардың сұрағына жауап бере отырып, В. Тутушкин пікіртерім нәтижелері келесі айда (2016 жылғы желтоқсандағы 22%-дан 2017 жылғы қаңтардағы 8%-ға дейін) да, келесі 12 айда да (60%- дан 53%-ға дейін) бағаның қатты өсуін күтетін халық үлесінің айтарлықтай төмендеуін көрсеткенін айтып берді. «Инфляциялық күтулердің сандық бағасы 2017 жылғы қаңтарда 6,6%-ды құрады. Халықтың күтулері нысаналы дәліз ішінде қалыптасады және қаңтарда инфляцияның нақты мәнінен төмен деңгейде тіркелді. Халықтың қабылдайтын жылдық инфляциясы деңгейінің төмендеуі де байқалғанын атап өткен жөн, бағаны бұрынғыға қарағанда жылдамырақ өсті деп санайтын респонденттер үлесі 60%- дан 49%-ға дейін төмендеді, - деп түсіндірді ол». «Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қолайлы макроэкономикалық жағдайлар аясында қабылданды», - деп толықтырды өз кезегінде ҚРҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова, ол сол сияқты базалық мөлшерлеме деңгейінің төмендеуіне ықпал еткен факторлардың бірі ретінде валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтылығын атап өтті. Ұлттық Банк өкілдері базалық салалардың даму үрдісін сипаттайтын қысқамерзімді экономикалық индикатор 2017 жылғы қаңтарда жылдық көрсеткіш бойынша 3,8%-ды құрағандығын, бұл 2013 жылғы желтоқсаннан бастап ең жоғары көрсеткіш болып табылатындығын хабарлады. Мәселен, 2016 жылғы 12 ай ішінде жинақталған қорытындысымен осы көрсеткіштің өсуі жылдық көрсеткіш бойынша 0,8%-ды құрады. «Экономикалық өсу қарқыны 2017 жылы 2,2%-ға дейін, 2018 жылы – 4,7%-ға дейін өсті. ІЖӨ-нің серпініне нақты экспорттың өсуі үлес қосты, бұл энергия ресурстары бағасының тұрақтануына, сыртқы сұранысты қалпына келтіруге және мұнай өндіру көлемінің өсуіне байланысты», - деді В. Тутушкин. Оның айтуынша, халықтың және кәсіпорындардың жаңа жағдайларға біртіндеп бейімделуі, валюта нарығында ахуалдың тұрақтануы, инфляция және долларландыру деңгейінің төмендеуі аясында ішкі тұтынудың қалыпты түрде қалпына келуі күтіледі. «Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру инвестициялардың өсуіне және экономиканың мұнайға жатпайтын салаларының дамуына ықпал ететін болады. Жалпы алғанда инфляцияның біртіндеп төмендеуін және іскерлік белсенділіктің қалпына келуін қоса алғанда, Қазақстан экономикасының одан әрі дамуын оң бағалау Ұлттық Банкке базалық мөлшерлемені 11%- ға дейін төмендету туралы шешім қабылдауға мүмкіндік берді», - деп қорытындылады ол. Өз кезегінде, сарапшылар еліміздің қаржы нарығындағы ағымдағы ахуал мен өзгерістер туралы шынайы ақпарат алу мүмкіндігі бар қаржы реттеушісінің өкілдерімен осындай кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Ұлттық Банкі осындай іс-шараны қаржы реттеушісінің нарықпен және жұртшылықпен белсенді коммуникациялар саясаты шеңберінде тұрақты түрде өткізіп келе жатқанын естеріңізге салайық. Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2017 жылғы 10 сәуірде Астана уақыты бойынша сағат 17.00-де жарияланады.