24 Ақпан, 2017

Дәрі-дәрмек: баға мен сапа сай ма?

435 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ақпан айының басын­дағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «СК-Фармация» ЖШС-нің кепілдендірілген тегін медицина­лық көмек аясында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дәрі-дәрмектерді сатып алудағы үстемдігін асыра пайдаланатынына байланысты қатаң шаралар қолдануды тапсырған еді. Ауыр айып тағылған осы компанияның жұмысына оңтүстікқазақстандық дәрігерлердің де көңілі толмай отыр. Облыстық онкологиялық дис­пансердің науқастары қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіл­мепті. Сегіз түрлі препарат келмеген. Науқастар дәрігерлерден талап етеді. Ал дәрігерлер... Осы мәселені көтерген диспансер басшысы «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Серікбол Мусиновқа «Дәрінің келмегенін науқастарға қалай түсіндіреміз?» деген сауал қойды. Бұл мәселе Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті және Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Шымкентте өткен көшпелі отырыста көтерілді. С.Мусиновтың мәлімдеуінше, негізгі препараттар компания тізімінде жоқ, министрлік тізімге қосса сатып алынбақ. «СК-Фармация» өкілінің жауабын басқосуға қатысып отырған мамандар түсінген болар. Алайда, дәрі-дәрмекке мұқтаж науқастар ондай жауапқа қанағаттана қоймасы анық. Бұл «Қазақстан Республикасында халықты тегін медициналық көмектің кепілді берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы және фармацевтика саласының жай-күйі және дамуы туралы» тақырыбындағы парламенттік тыңдауды дайындау бойынша өткен арнайы уақытша комиссия мүшелерінің екінші көшпелі отырысы. Басқосуға қатысушы депутаттар мен мамандар, тиісті министрліктер, қоғамдық ұйымдар, денсаулық сақтау саласының өкілдері дәрі-дәрмектер бағасының өсу себебіне, сапасына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ­стан­ның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеу қажеттігін айтқан болатын. Комиссия жетекшісі, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік мәдени даму комитетінің хатшысы Б.Мамраев көшпелі отырыс Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 19 мамырда өтетін парламенттік тыңдауға дайындық екенін атап өтті. Жалпы, әлемде жыл сайын дәрі-дәрмек көлемі 5-6 пайызға өседі. Қазақстанда 119 фармөндірушілер болса, оның 51-і дәрі-дәрмек, 68-і медициналық құрал-жабдықтар шығарады. Отандық өндірушілер 32 млрд теңгенің өнімін өндірген. Елімізде шығарылатын дәрілердің 90 пайызы дженериктер, 10 пайызы ғана қазақстандық. Бұл орайда, отандық тауар өндірушілердің белсенділігі маңызды. Оңтүстік Қазақстан облысында 1700-ге тарта мемлекеттік және жекеменшік медициналық нысандар халыққа қызмет көрсетеді. Оның 847-сі мемлекеттік болса, 982-сі жекеменшік. Сондай-ақ, облыс көлемінде 1655-ке тарта дәріхана бар. Дегенмен, 836 елді мекеннің 230-ында дәріханалар тапшылығы сезіледі. Жалпы, облыста 18 ірі дәріханалар жүйесі жұмыс атқарады. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың мәлімдеуінше, соңғы үш жылда дәрілік заттар мен медициналық қызметті қамтамасыз етуге бюджеттен бөлінген қаржы 19,2 млрд теңгеден 21 млрд теңгеге дейін өскен. «Жалпы, мемлекеттік тапсырыстағы отандық тауарөндірушілер үлесі 2016 жылы 20 пайызға жетіп отыр. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Осы саладағы өндіріс орындарына тоқталар болсақ, 2016 жылы облыстағы фармацевтикалық кәсіпорындар 17 млрд 600 млн теңгенің өнімін өндірді. Өндіріс орындарының қуатын өсіруге қатысты өзекті мәселелер де жоқ емес. Негізгі мәселе – өндірілген өнімге мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыру. Кәсіпорындардың өндірістік қуаты бір облысты ғана емес, республиканы қамтамасыз ете алады», деді Е.Садыр. Отандық өнім үлесін өсіру мақсатында «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС биыл екінші өндіріс орнын іске қосты. Серіктестіктің қос зауыты сапалы өнімімен ел нарығын толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда, отандықтан бұрын өзгенің өнімін алатындар да аз емес. Серіктестік директорының міндетін атқарушы Гүлия Бексұлтанқызының айтуынша, еліміздегі 885 медициналық мекеменің 773-і «СК-Фармация» арқылы сатып алса, оның ішінде 65-і қызмет көрсететін тұрғындар санына сай келмейтін аз көлемде алады. Ал 111-і мүлде тапсырыс бермейді. «Отандық өнімді алмас үшін емдеу-сауықтыру меке­мелерінің басшылары басқа тауар өндірушілердің мүддесін қорғайды. Мысалы, қытайлық өнімдерді алады. Осы­лайша, қызмет көрсету бағасын өсіреді», дейді Г.Бексұлтанқызы. Ал «Зерде-фито» ЖШС-нің бас директоры Мұхтар Битеміров бәсе­келестікті арттырып, ұзақ мер­зімді келісімді қайта қарау қажет деп есептейді. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді келісім бастапқыда саланың аяқтан тұруына ықпал еткен. Бірақ бүгінде тауар өндіруші­лердің екінші толқыны пайда болған, олар мемлекеттік тапсырыстан тыс қалуда. Қазақстанда сатылатын дәрі-дәрмектердің атауы 70 мыңға жуық. Мемлекет дәрі-дәрмектің 54 пайызға жуығының құнын реттейді екен. Яғни, реттеу көрсеткіші көбейсе дәрі-дәрмек бағасын қазіргіден едәуір төмендетуге болады. Ол үшін препараттардың құны мемлекеттік деңгейде реттелуі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрайымының міндетін атқарушы Лариса Пактың айтуынша, осы мақсатта қолданыстағы кодексті өзгерту қолға алынған. Ел нарығындағы дәрі-дәрмектердің сапасын қатаң тексеру үшін мықты заңдық жүйе керек. Дәрі-дәрмекке сұраныс артқан сайын Қазақстандағы фармацевтика саласына шет елдік трансұлттық компаниялар көптеп еніп жатыр. Бұл қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың дамуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан, Үкі­мет алдындағы міндетті меже отандық дәрі-дәрмектер үлесін 50 пайызға жеткізу болып отыр. Жалпы, еліміздегі медициналық препараттар нарығы 360 млрд теңгені құраған. Оның 160 млрд теңгесін мемлекет төлеп, тегін дәрі-дәрмек таратады. Ал нарық­тың өзге бөлігінде өзекті мәселе көп. Атауы мен құрамы бір бол­ғанымен, бағасы екі түрлі дәрі-дәрмектер аз емес. Көршілес Ресей­дің өзінде сатылатын меди­циналық препараттың құны елімізде екі есе қымбат. Сондай-ақ, көшпелі отырыста ауруханалар­да дәрілер қисынсыз көп мөлшерде белгіленетіні, тұтынуды азайту қажеттігі айтылды. Бүгінде дәрігердің белгілеуінсіз-ақ дәрі ала­тындар көбейген. Дәрі-дәр­мек­тің сапасы бақылауға алынып, бағасы реттелуі, қауіпсіз болуы тиіс. Осы орайда, Мұқан Егізбаев тізгінін ұстаған жергілікті ден­саулық сақтау саласының өкілдері де көкейде жүрген ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы