24 Ақпан, 2017

Әбілқайырдың аты сұранып-ақ тұр

590 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әбілқайыр хан туралы кеу-кеулеп, алуан түрлі жағымсыз әңгімені қоздатқанмен, Қажы сұлтан ұр­па­ғының қазақ тарихындағы ор­ны бө­лек. Орыс патшасының бо­дан­ды­­ғына бас ұрды деу – орынсыз жа­з­ғыру. Сол заманда орыспен одақ­таспаса, қазақтың болашақ тағ­дыры қалай болатынын бір құ­дай біледі. Әбілқайырдан бұрын оры­с патшасымен одақтас болуға Тәуке хан да ұмтылған жоқ па? Тарих ғылымдарының кандидаты Ға­ни Меңілбаев: «Тәуке хан Ресейдің қол астына кіру дегенді одақтасу деп түс­ін­ген. Мәскеу мұрағаттарында (122-қор, 7-тізім, 4-іс) Тәуке ханның осы жө­нін­де жазған хаттары жатыр. Онда «Біз­ді қол астыңызға алыңыз. Қиын-қыс­тау заманда бір-бірімізге көмек жасап, қа­л­мақтармен бірлесіп соғысайық. Әскер­ле­р­імді қай жерге әкел дейсіз, сол жерге апа­­р­амын» деп жазыпты» деген деректі кел­­тіреді. Осылайша орыспен одақтасу ту­­ралы мәселе Әбілқайырдан бұрын да кө­терілген. Ендеше, «Әбілқайыр бол­ма­ған­да қағанағымыз қарқ, cағанағымыз сарқ болады деу – тым ұшқары пікір». Қал­мақ пен жоңғар қазаққа қоқаңдап, ауыл­дарға ойран салатын кез емес пе еді ол?!. Академик Манаш Қозыбаевтың «Ұлт­ты сақтап қалу үшін қолайлы жағ­дай­ды қалыптастыру мақсатында қаз­ақ­тардың империя билігін мойындауға мәж­бүрлігін қалыптастырған тарихи жағ­дай деп түсіну керек» дегенінен ар­тық не айтуға болады Әбілқайыр хан­ның орыс бодандығын қабылдауына байланыс­ты... Басқасын айтпағанда, Әбілқайырдың Бұланты шайқасында қазақ әскерінің қол­басшысы болып сайлануы кез­дей­соқ­тық па?! Сөзіміз жалаң болма­сын деп, кәсіби тарихшылардың тө­ре­лі­гіне арнайы жүгініп отырмыз. Ш.Уә­ли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғы­­лым­дарының докторы, профессор Хан­гелді Әбжанов Әбілқайыр ханның қа­зақ тарихындағы орны хақында тө­мендегіше ойын білдірген-ді: «Кәсіби тарих­шы ретінде Әбілқайырды әйгілі ұлт қай­раткері деп пайымдаймын. «Ақтабан шұ­бырындыдан» кейін Ордабасында бас қолбасшы болып сайлануы және Бұ­ланты шайқасында жеңіске жеткен қаз­ақ әскерін басқаруы оның есімін ұлт та­рихында мәңгіге қалдыратын оқиғалар тіз­бесіне кіреді. Жоңғарға қарсы соғыста Әбілқайырдың ерен еңбегі бар екенін даланың ауызша тарихнамасының да, ресми орыс құжаттарының да дәйектеуі әсте бекер емес». «Бекер емес» екендігіне ұлы дала тө­с­індегі жер атаулары куә деп айтуға бо­лады. Арқадағы «Қалмаққырылған», со­ның үстімен ағатын «Әбілқайыр өзе­ні», Шу мен Талас өзендерінің ара­сын­да­ғы «Әбілқайыр даласы», Қаратау қой­­науындағы «Әбілқайыр бұлағы», ал Бал­қаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңы­рақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге жа­қын – Хантау, одан Шуға қарай созылып жат­қан «Әбілқайыр жалы» – қаһарман қол­басшының халық жадында сақтаған ер­ліктерін әйгілеп тұр емес пе! Ал бүгінгі күннің тұрғысынан қа­рай­­тын болсақ, қазақ тарихындағы өзін­­дік орны бар Әбілқайыр ханды ұлық­тау өз деңгейінде деп айту қиын. Ақ­­төбе қаласындағы ескерткішті айт­па­ған­да, асқақ ескерткішін орнату ­ту­р­алы әң­гіменің жөні тіпті бөлек. Ал Ас­та­на төріндегі көшелердің біріне Әбіл­қай­ырдың есімін беру бабалар ерлігіне қой­ылған бір белгі болар еді. Ал ханның атын­да Алматыда көше бар екен, бірақ ол Әуезов ауданының қай қиы­р­ында жат­қанын бір құдай біледі?! Елдік дегеннің өзі өткен тарихқа де­­ген, тарихи тұлғаларға деген сарабдал бағаммен өлшенеді емес пе! Олай бол­са, Әбілқайырдың жоғарыда айт­қа­­нымыздай, қазақтың игі жақ­сы­лары мен батырлары бас қосқан ал­қалы жиын­да бас қолбасшы болып сай­ланғаны тарихқа таңбаланған ақи­қат. Басқасы басқа, Әбілқайырдың қол­бас­шы ретінде қазақ сарбаздарын ша­буыл­ға бастап, жоңғарларды жеңуге дем бер­геніне, рухын көтергеніне ешкім кү­мән кел­тірмесі хақ. Бұл өз кезегінде өс­ке­лең ұр­пақты ерлік рухында баулуға тұ­рар­лық тұлғаның тағылымы. Ендеше, Ал­ма­тыдағы Құрлық әскерлерінің әскери инс­титутына Әбілқайыр ханның аты сұ­ранып тұрған жоқ па! ...Біз деуін дедік. Қоғамдық пікір не дейді, көпшілік қауым не дейді? Келесі гәп сонда. Сәдуақас ЖҰБАТОВ, запастағы полковник АСТАНА
Соңғы жаңалықтар

Әділ қоғам жауапкершіліктен басталады

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:10

Бес жыл күткен ғасырлық той

Руханият • Бүгін, 08:50

Әлеуеті артқан шаһар

Экономика • Бүгін, 08:45

Жылылық

Руханият • Бүгін, 08:40

Түйенің құмалағы

Таным • Бүгін, 08:35