24 Ақпан, 2017

«Мекалай заманы»

871 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
1917 жылдың ақпан айында Ресейде жүзеге асқан Ақпан төңкерісі дүниежүзілік маңызы бар оқиға болды. Ол империяны 300 жылдан астам уақыт (1613 жылдан бері) жеке-дара билеп, патшалықтың тағында мызғымай отырған Романовтар әулетін төңкеріп, билікті Уақытша үкіметтің қолына алып берді. 1894 жылдан бастап 23 жылға жуық тақта отырған ІІ Николай тақтан өз еркімен бас тартуға мәжбүр болды. Тұтқындалған бойында оны Уақытша өкімет Царское Селодағы резиденциясына апарып, барлық отбасы мүшелерімен бірге үй қамаққа алды. Кеңес Одағы жылдарындағы таптық идеологиямен жазылған тарих қазақтар «Мекалай заманы» деп атаған заманды да, патшаның өзін де тек теріс жағынан су­рет­тейді. «Мекалай заманын­да» Ресейдің эко­но­микалық дамуы бір­шама қар­қын­ды болды. Сонымен қ­а­тар, әлеу­меттік-саяси текетірестер мен төң­керісшіл рух қатты өрістеді. 1904-1905 жылдардағы Жапониямен болған со­ғыс­та жеңілуі 1905-1907 жылдардағы төң­­керіске ұла­сып, патшаны жуасытып, бір­шама ли­бералды шаралар жасауға мәж­бүр етті. Соның ішінде 1905 жылғы ма­нифесімен Мемлекеттік думаны ша­қыр­­ғанын ай­ту­ға болады. Бірнеше сая­си партияның өкіл­дері енген І және ІІ Ду­маға қазақтар ара­сынан Ә.Бөкейхан, Ш.Қос­шы­ғұлұлы, А.Қалменұлы, С.Жантөрин, А.Бірім­жан­ұлы, Т.Нұ­ре­кен­ұлы, Д.Ноян-Тұндыт, М.Ты­ныш­пай­ұлы, Т.Аллабергенұлы, Б.Қа­ра­тай, Б.Құлманұлы, М.Тайынұлы де­путат болып сайланғанын айта кетейік. ІІ Николайды Ресей халқы өз арасын­да «қан­ды Николай» деп атаған. Бұл атақты алу­ға оның патшалық құрған кезеңдегі көп­теген жосықсыз іс-әрекеті себеп болды. Алдымен... Ни­ко­лайдың таққа отыруы Мәскеуде той­ланған 1896 жылдың 18 ма­мы­рын­да қаланың батысындағы Ходын да­ла­сын­да көп жиналған халықтың бірін-бі­рі жан­шып, таптауынан 1379 адам қы­ры­­лып, 900 адам жарақат алған... Бұл оқи­­ғаны тарихшылар болмаса көп адам бі­ле бермейді. Ходын даласының кеңдігі 1 шаршы ша­қырымдай. Осы алаңда Мәскеудің билігі жаңа патшаның құрметіне ха­лық­қа 30 мың шелек сыра мен 400 мың сый­лық дорбасы тегін таратылатынын жа­рия­­лаған. Осыларды алмақ үшін Мәскеу хал­қы таң атпай қаптап, жиналады емес пе? Кейінгі зерттеулерге қарағанда, осы ш­а­ғын жерге 500 мың адам келген екен. Қай күнгідей тобырды толқытқан қаңқу мұн­да да шығып, дорба таратушылар сый­лықтарды тек өз адамдарына ғана бе­ріп жа­тыр екен дегенге алданған халық бір­ін-бірі басып, сыйлық беретін жерлерге қа­рай лап қояды... Соның нәтижесінде, жо­ға­рыдағыда айтқанымыздай 1400-ге жуық адам бірден өлген. Осындай жағдайға қа­ра­май Николай патшаны ұлықтау шара­ла­ры одан әрі жалғаса берген... ІІ Николайдың халық арасында «қан­ды Николай» атануының басы осы оқиға. Одан кейін, көпке белгілі 1905 жыл­ғы «Қанды жексенбі», 1912 жылғы «Лена қырғыны» болды. Екеуінде де бұй­рық бе­ру­шілер ереуіл жа­­саған бей­біт жұ­мысшыларға пат­ша­­ның атынан оқ атқ­ыз­ған. Екі қыр­ғынның да еш қи­сыны жоқ еді. 1905 жыл­дың 9 қаң­тарындағы қыр­­­ғын­­ға қатысқан жұ­мыс­шылар пат­шаға се­ніп, «Санкт-Петербургтің фабрика-зауыт жұмысшыларының жиналысы» ат­ты заңды ұйымның басшысы Георгий Га­пон­ның түрлі әділетсіздіктерді айтып, оны түзетуді талап етіп жазған пети­ция­сын жұмысшылар өз қолдарымен тап­сы­ру­ға шыққан. Патшаны ақтаушылар сол кү­ні оның Қысқы сарайда болмағанын ай­тады. Алайда, патша шықпаған соң сол­даттардың қатарын бұзып, сарайға күш­пен ұмтылушыларды әскер бастығы ату­ға бұйрық береді. Екі жүздей адам қаза тауып, 800-дей адам жараланған бұл атысты сол кездегі прог­ресшіл әлем тегіс айыптады. Ал 1912 жыл­ғы сәуірде Лена өзенінің бой­ын­­дағы ал­тын кенінде болған 2 мың­нан артық жұ­мысшылардың бей­біт ереуілін атуға жан­дармның рот­мистрі Трещенков 1905 жыл­ғы үлгі­мен патшаның атынан атуға бұй­рық бер­ген. Нәтижесінде, 300-дей адам қы­ры­лып, 250 адам жараланған. Кеңес одағы жылдарындағы әде­биет Николайды әсіресе осы екі оқиға үшін қат­ты айыптайтын. Сонымен бір­ге, бар­лық саяси әдебиеттерде төң­ке­рістің ал­ғы­­ш­арт­­тары әбден пісіп жетілгенін, пат­ша­ның бұдан былай елді басқара алмайтын бол­­ғандығын дәлелдейтін. Соның ішінде Ле­ниннің «жоғарыдағылар басқара ал­май­ды, төмендегілер көне алмайды» де­ген сөздерін басшылыққа алып, оны тео­рия­лық тұрғыдан негіздейтін. Ақпан төңке­рі­с­іне халықтың революцияшыл көңіл-күйі емес, басты себептердің бірі – нан тапшылығы туралы дүрлігістің түрт­кі­сі болғанын көп адам біле бермейді. Пат­шалық Ресейде нан тапшылығы өте си­рек болатын оқиға еді. Профессор С.Покровскийдің 1947 жылғы деректеріне қара­ғанда, Ресей 1912 жылы 548,5 млн, 1913 жылы 647,8 млн пұт астықты сырт­қа шығарған әлемдегі астық сатушы ал­па­уыт елдердің бірі болған. Алайда алға­ш­қы дүниежүзілік соғыс жылдарында мұ­жық­тардың жаппай әскерге алынуымен ас­тық­тың шығымы азайып, оның үстіне қа­ла­ларға жеткізілуі де кеміп қалады. 1916 жы­лы да сондай сирек оқиғалардың бірі бол­ған. Патшаны құлатуды ойлап жүрген сая­си партиялар мұндай қысылтаяңды өз­дерінің пайдасына жаратуды ойлап, жұмысшылар арасына жақында нан таусылады, патша тақтан кетпесе мұндай жағдай жалғаса береді деген насихаттарды жел­дей естіреді. Нан ләпкелерінде бірін-бірі жаншып, ашынып тұрған халықтың жүрегіне мұндай үндеулер қона кетіп, пат­шаға қарсы лағнет сөздер қарша борай­ды. Шын мәнінде нан тапшылығын ұйым­дастырып, халықтың ашу-ызасын тудырып жүрген саяси партиялардың өкіл­дері еді. Ол жалғыз большевиктер мен меньшевиктер ғана емес, кадеттер, эсерл­ер және т.б. болатын. Сол кездегі Петроградтың күзет бөлімінің бастығы К.Глобачевтің жазуына қарағанда: «1917 жылғы ақпанда Петроград тұр­ғын­дарының тұтынуына ұн мөлшері жет­кі­лікті болды. Оның үстіне күн сайын қа­л­аға вагондармен жеткілікті көлемде ас­тық әкелініп тұрды. Ал «жақында аш­тық болады» деген хабарларды таратып, ха­лықтың ашу-ызасын туғызып, жап­пай тәр­тіпсіздіктерге шақыру тек қа­на аран­да­ту­шылардың әрекеті еді. Ақы­рын­да олар өз мақсаттарына жетті». Тіпті, қалаға ұн әкеліп жатқан темір жол составтарын да жолдан тоқ­татып, бас­қа бағыттарға жіберген қас­күнемдер де кез­­десті. Соңғы зерттеу­лер­ге қарағанда, олар­­дың арасында жол қатынастары ми­ни­стрлігі бас­шыларының бірі Ю.Ло­мо­носов болыпты. Ол қалаға астық әке­ле жат­қан составты Петроградқа жеткізбей, жол­дан қайтарған. Сол кездегі Петроградта шығып тұр­­ған «Биржевые ведомости» га­зе­тінің 21 ақпан­да­ғы нөмірінде нан жет­пегеніне ашынған ха­лық «Нан, нан!» деп айғайлап, көшеге шық­қан. Олар шағын нан мен тоқаш ләп­келерін төңкеріп, тонауға кіріседі. 23 ақпанда бұл толқуларға Путилов зауыт­ы­ның және басқа кәсіпорындардың жұ­мы­с­шылары қосылып, «Нан, Нан!» деген үн­деулерге «Соғыс тоқтатылсын!», «Пат­ша жойылсын!» деген саяси ұрандарды қо­сып, көшені басына көтереді. Сол кез­дегі деректер бойынша ереуілдеген ха­лық­тың саны 90 мыңнан асқан екен. Халықтың толқуын қайтсе де өз ма­қ­с­атына пайдалануға тырысқан саяси пар­тиялардың әре­кет­тері белсенді бола түс­кен. Олар сти­хиялық қозғалыстардың ал­дын­да сөй­леп, стачкалардың саяси рең­­кін қою­латып, барлығы патшаның та­яз, көрбала саясатының кесірінен деген үн­­­деулерді барынша мол таратып жатты. 23 ақпаннан бастап Петроградтағы әс­кер бөлімдер көтерілісшілер жағына шыға бас­тайды. 25 ақпанда қаланың әскери ко­менданты С.Хабаловтың майданның став­касында жатқан Нико­лайға берген же­делхатында қала көше­ле­ріне ереуілге шық­қандар саны 240 мыңдай болғаны ай­тылады. Монархияны қорғауға тиісті пат­шаның сенімді күштері бүкіл астананың бойына жайылған ереуілді құрықтай алмады. Ал май­даннан патшаны қорғауға әкелінген әс­керлер қалаға кіре де алмады. Оның үстіне 1 сәуірге дейін жұмысын тоқтату ту­ралы жарлық шық­қан Мемлекеттік ду­мадағы оппо­зи­ция енді патшаның жа­рл­ы­ғына ба­ғын­байтын Уақытша комитет құр­ды. Сөйтіп, наннан басталған дүрбелең ақы­рында, жоғарыда айтқанымыздай, пат­ша­­ны тақтан тайдыруға әкелді. Уақытша өкі­метті алғашында князь Георгий Львов басқарған. Ол барлық билік тармақтарын өзіне бағындырып, халыққа біршама жеңілдіктер жасады. Соның ішінде саяси қылмыскерлерге амнистия жариялап, ха­лыққа азаматтық бостандық берілді. Жер­гі­лікті өзін өзі басқаруға реформа жасалды, полицияны «милиция» деген сөзбен ал­мас­тырды және т.б. Бірақ құрылымы мен бағыты демократиялық республика болуды көздеген оның билігі баянды бол­мады. Мың түрлі қайшылықтары шие­ленісіп тұрған империядан қалған қор­жынды либералдық шешімдермен мең­ге­ріп кету оңай емес-ті. Ақыры билікті то­талитарлық жолмен жүргізуді мақсат ет­кен большевиктер қарулы көтеріліспен қа­зан айында тартып алып, 70 жыл бойы қа­лай басқарғанын бәріміз білеміз. ІІ Николайды Уақытша өкімет Тобыл қа­ласына жер аударған. Ал большевиктер оны Екатеринбургке алдырып, 1918 жы­лы барлық бала-шағасымен бірге атып тас­тады. Міне, Ақпан төңкерісінің аяғы осын­дай оқиғаларға ұласқан еді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»