24 Ақпан, 2017

Бала құқығы басты назарда тұрса игі

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңға сәйкес, елімізде баланың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын бірқатар ұйым, оның ішінде, кәмелетке толмағандарды бейімдеудің 20 орталығы (КБО), мiнез-құлқы ауытқымалы балаларға арналған 7 арнаулы бiлiм беру ұйымы, 4 пана үйі (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарына жатады) жұмыс істейді. Аталған ұйымдардың функция­лары, жобалық қуаты, штаттық кестесі мен инфрақұрылымы олар құ­ры­лған кездегі талаптарға сәйкес ай­қындалды. Алайда, қазіргі уақыттың болмысы аталған ұйымдар қызметінің тиімділігін, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласы үшін ең өзекті міндеттерді қайта қарау қажеттілігін көрсетіп отыр. Мәселен, КБО-лар Білім және ғылым министрлігінің юрис­дикциясына ауысқаннан кейін, кәмелетке толмағандарға көрсе­тіле­тін қолдаудың негізгі бөлігі – бала­ның ата-анасын іздестіру, оның КБО-ны бітіруі үшін қажетті құжаттармен жұмыс жүргізу болып табылады. КБО-дағы балаларға педагоги­калық және психологиялық қолдау да көрсетіледі, алайда, уәкілетті органдармен келісілген, біртекті, арнаулы әлеуметтік қызметтер ныса­нында іске асырылған оңалту және тәрбие беру бағдарламалары ұсынылмайды. Кәмелетке толмаған­дар­ды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарына қара­ғанда, солардың негізінде құрылған КБО-лар қылмыс жасаған және қоғамнан уақытша оқшаулануы тиіс балаларды ұстауды жүзеге асыр­майды. Функцияларын қысқарту және өзге де объективті себептер нәтижесінде штаттық кестесі жүз бірлікке дейін жететін көптеген КБО-ларда бір мезгілде ұсталатын балалардың саны, көбінесе, оларға қызмет көрсететін персоналдан әлдеқайда аз болады. Кейбір өңірлерде КБО-лармен қатар, олардың функцияларын қайталайтын пана үйлері жұмыс істейді. Мiнез-құлқы ауытқымалы балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарының ресурстары бұдан да аз деңгейде пайдаланылып келеді. Олардың барлығы дерлік едәуір аумақта орналасқан, бірнеше корпустары бар және айтарлық­тай материалдық-техникалық ресурстарға ие. Оқу бағдарламаларын жетілдіру және оны жергілікті мектептер­дің базасында жүзеге асыру қажет­тілігі бөлігінде кәмелетке толма­ған­дарды оқыту процесін ұйымдас­тыру мәселесі көңіл бөлуге лайық. Арнаулы мектептердің басым бөлігінің тәрбиеленушілері үшін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша бірін­ші кәсіпті алу үшін толыққан­ды жағ­дай жасау талап етіледі, себебі, оқыту өңірде сұранысқа ие мамандықтар ескерілмей, көрі­неу ескірген жабдықта жүзеге асы­рылады, осыған байланысты оларға формальды сипат тән. Елімізде тұрмысы қиын жағ­дайдағы балалармен жұмыс істеу үшін кадрлық және материалдық-техникалық ресурстардың жетіс­пеушілігі жоғарыда аталған ұйым­дардың жұмыс істеуінің, оның ішін­де соларды ұстауға бағытталатын қара­жатты пайдаланудың тиімділігін арттыру мәселесін айрықша өзекті етіп отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, КБО-лардың функ­цияларын нақтылау және олардың базасында (не солардың жанынан) тұрмысы қиын жағдайдағы, оның ішінде заңды бұзған кәмелетке толмағандарды бейімдеу және оңалту орталықтарын құру орын­ды. Мұндай орталықтар күндізгі уақытта балаларға және олардың отбасыларына кешенді әлеуметтік, психологиялық және басқа да көмек түрлерін көрсетер еді. Осы орталықтар мектепке бар­майтын балалармен жүргізілетін жұмыс­та жалпы білім беретін мектеп­терге де қолдау көрсете алады. Білім алушылардың оқитын орны бойынша тұру мүмкіндігі ескеріле отырып, арнаулы мектептердің босатылатын материалдық-техникалық базасын өңірлерде кәсіптік-техникалық білім берудің жаңа мемлекеттік бағ­дар­ламаларын іске асыру үшін пай­да­лануға болады. Бұл жұмысқа үкі­мет­тік емес ұйымдарды тарта оты­рып, мектептердің базасында бала­ларға ғана емес, сонымен қатар, осы жер­дің халқына да қажетті басқа да бағдар­ламаларды дамыту мүмкін болар еді. Осы проблемалар депутаттар тарапынан тиісті заң жобасында заңнамалық деңгейде көрсетілген. Соны­мен бірге, олардың басым бөлігіне, негізінен, ұйым­дас­тыру­шылық сипат тән. Оларды шешу үшін қымбат тұратын және ұзақ мер­зімді бағдарламалық құжаттар­ды қабыл­дау талап етілмейді. Сон­дықтан Үкімет оларды шешуге назар аударар деген үміттеміз. Светлана БЫЧКОВА, Мәжіліс депутаты