12 Сәуір, 2011

Арманды ақиқатқа айналдырған тұлға

379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Еліміз үшін осындай сындарлы сәттің тұсында менің өз пікірімді білдірмей қалуым мүмкін емес. Жарты ғасырға жуық еңбек өтілімінің 37 жылы қиындығы мен жауапкершілігі мол мемлекеттік қызметке арналып­ты. Ал оның жиырма жылдайын тағ­дыр маған Елбасының коман­да­сы сапында еңбек етуді бұйыр­тыпты. Мен қазір мемлекеттік қызметкер емеспін. Он сегіз жыл бойы Жаңа­қала ауданы­ның әкімі болып, үздіксіз еңбек етіп, абыроймен зейнетке шық­қан адаммын. Осы жылдарда Елбасының Жарлығымен бірнеше орден, медалдармен наградталдым. Қа­лай болғанда да Елбасына көмекші, пікірлес бола алдым деп ой­лай­мын. Сондықтан кө­ңіл­дің төрін­де жатқан, жылдар бойы жинақ­талған ой орам­дарын бұқараға жеткізбей қала алмадым. Еге­мендіктің таң ша­пағы себелеген сонау 1991 жылы Елбасымыз қандай еді? Қазір қандай? Төрткүл дүниеге Қазақстанды мәшһүр етуімен бірге өзінің де есімі қазір жа­һанға жария. Иншалла, содан жазбасын! Бұрын ел басқару болған жоқ. Өйткені, бодандықта ғұ­мыр кештік. Тәуелсіз елдің тәуелсіз Президенті деген үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ. Тағдыр осынау тарихи мис­сияны қазақтың баласы Нұр­сұлтанның маңдайына жаз­ды. Ол сол миссияны қайыспай көтеріп, Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салды. Небір қиын асулардан аман алып өтті. Өзіңіз салыстырып көріңіз, егемендіктің елең-алаңында жан басына шаққандағы жалпы өнім 700 долларды құраса, бү­гінде ол 9 мың АҚШ долларынан асып тұр. ТМД елдерінің таң­дайын тақылдата­тын жетістік емес деп кім ай­тады? Мен жұмыс бабында Нұре­кеңмен сан мәрте кездестім. Арнайы қабылдауларында бол­дым. Талай рет алдында сөй­ледім, толқып тұрып өз пікірімді білдірудің де сәттері түскенін мақтанышпен айта аламын. Қиын кездер болды, жұмыссыздықтың қыл бұрауы адымды аштырмай, халыққа жалақы, зейнетақыны бере алмай, шаруашылықтар тарап, елдің етегі ебіл-дебіл болған жыл­дар ұмытылар ма? Сол бір тар жолтайғақ кешулерден Нұ­рекең біздің Қазақстанның сан ұлттан құралған халқын бөле- жармай, аман-есен алып өтті. Елдің іргесін бекітіп, шекараны шегендеді. Қырық жылдан астам Қазақстанның қасіретіне айнал­ған атом деген аждаһаны қазақ топырағынан аластатты. Алас­та­тып қойған жоқ, жер бетіндегі бес державаны, бес мемлекетті Қазақстанға тиіспеуі жөніндегі та­рихи мәмілеге келтірді. Төл тең­гемізді айналысқа енгізді. Елдің басты құжаты – Конституция қа­был­дады. Тұңғыш рет қос палаталы Парламент құ­рылды. 1997 жылы 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағдарлама қа­былданды. Жасыратын несі бар, «2030 деген немене?» деп күлген іші тарлар да болды. Оларға сол 1997 жылдан бермен қарай, 14 жылда жеткен жетістігімізді көретін көз керек дер едім! Бүгінде 110 елдің арасынан елуінші орынға табан тіреуіміз жетістік емей немене? Оңтүстік астанадан қозғалған көрікті көшіміз бүгінде әлемнің назарын аударған, алыс-жақын­нан келетін қонақтардың көзін суырған Астанаға айналған жоқ па? Аспан астындағы шырайлы шаһар болып, күннен-күнге қана­тын жайған оның әр ғимараты сәулет деген өнердің құйылып түскен қайталанбас туындысы емес пе? Ал ол дегеніңіз Ел­басымыздың «Елім!» деп бесігін тербеткен Қазақстанның келешектегі келісті келбетін арман­даған қиялынан туған қала ғой! Кімге болса да ұялмай, кеудеңді мақтаныш кернеп көрсететін арман қала ғой! Қазақ топырағы не көрмеді? Көп әріге бармай-ақ, депортациямен, репрессиямен, тың игерумен келген сан түрлі ұлт өкілдері қазақ халқынан сан жағынан басым түсіп, халқымыз тілінен, салт-дәстүрінен айырылып қала жаздағаны да күні кеше болған жоқ па? Тағдырдың айдауымен келген сол халықтың көпшілігі бүгінде Қазақстанды өз отаны санап, қазақ жерінде мәңгілікке мекендеп, өсіп-өніп келеді. Біз бүгінде оларды тілегі мен арманы бір арнаға тоғысқан, қазақ деген ха­лықтың қадірін бек бағалай­тын, ұйысқан ұлт өкіл­дері деп білеміз. Көрші елдерде ты­ныштық пен бейбітшілік арман болса, біз оның қы­зығын көріп отырмыз. Соның бәрі саясатта сұңғыла, өмірде дара да дана Президентіміздің ар­қасы. Жер шарының халқы кешегі күні Қазақстанға көз тікті. Әлденеше жыл бір үстелдің басында бастары бірікпей келген кейбір елдердің үміт отын маздатқан ол кездесуге 56 ел­дің басшылары мен халық­ара­лық ұйым өкілдері ат арытып, әдейі келді. Саммит деп ата­лып, тарихта мәңгі қалған ол кездесу де Қазақстанның абы­ройын аспандатты. Қазір еліміз айдай әлемге өз болашағын айқын­даған беделі биік мемлекет. Ондай биіктерге дара туған тұл­ғалар жеткізеді. Ал біздің тұл­ғамыз елін сүйген, елі сүйген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев десек, еш қателес­пейміз! Төлеген МЕРҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы. Орал.