Ісмет аға өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін рим цифрымен нөмірлеп, бір парақ ақ қағазға жазып кеткен екен. 1-кезең ауыл мектебінде молдадан оқыған 7 жыл мерзімді қамтиды. Онда осы жылдарда алған білімі мен оқыған кітаптары туралы мынадай деректер келтірілген. Оны өзі араб санымен белгілеген екен. Мен де сол тәртіппен беріп отырмын:
1.Әбжад, аууаз, хұтти, қаламан
2. Әптиек
3. Құран
4. Сопалдиар (шағатай тілінде)
5. Фикайдан (парсыша)
6. Мұхтасар (екі тілде: арабша, парсыша)
Бұл келтірілген деректерден ағаның бала кезінде ауыл молдасынан алған білім деңгейін шамалау қиын емес. Біріншіден, араб әріптерінің қыр-сырын, мән-мағынасын түсініп, жақсы біліп алған. Екіншіден, әптиекті тамамдап, Құран Кәрімді түпнұсқадан оқи алатын дәрежеге жеткен. Үшіншіден, араб-парсы тілдерінен хабардар болған. Төртіншіден, шағатай тілін жақсы меңгерген.
Ісмет аға 1921-1922 жылдары Түркістан қаласындағы мектепте, 1922-1926 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақ ағарту институтында оқиды. 1926 жылы осы институт қазақ педагогикалық институты болып қайта құрылған кезде соған түседі де, оқуын әрі қарай жалғастырады. Дарындылығымен, зеректігімен көзге түскен студент екінші курсты бітіргеннен кейін 1928 жылы қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтының түркология бөліміне ауысады (Ол кезде Түркология семинары деп аталған). Мұнда ол аттары әлемге әйгілі оқымыстылардың дәрісін тыңдап, жалпы лингвистикалық, түркологиялық білім алады. В.В.Бартольд түркі халықтарының тарихынан, А.Н.Самойлович жалпы түркологиядан, С.Е.Малов көне түркі жазба ескерткіштерінен, И.Ю.Крачковский, Н.Я.Марр, И.И.Мещанинов яфетидологиядан, Л.В. Щерба жалпы тіл білімі мен жалпы фонетика пәндерінен дәріс оқыған.
1931 жылы Шығыстану институтын бітіріп, Алматыға келеді. Ісмет Кеңесбаевтың өмір жолы, еңбекке араласуы, негізінен алғанда, осы кезден басталады. Сол жылдары оқу-ағарту мекемелері мен мектептер бағдарламалар мен оқулықтарға аса мұқтаж еді. Ісмет аға мәдени құрылысымызда мәні зор бұл іске белсене араласады. Бастауыш мектептің 1-2-сыныптарына арналған қазақ тілі оқулығы 1934-1936 жылдары 3 рет басылыпты. Алғашқы басылымы 1938 жылы жарық көрген әліппе 1963 жылға дейін 25 рет қайта басылған. 1949 жылға дейін жеке өзінің авторлығымен шықса, одан кейін басқа авторлармен бірлесіп жазған екен. 5-6-сыныптарға арналған «Қазақ тілі грамматикасы» да 1942 жылдан 1965 жылға дейін 15 рет қайта басылыпты. Бұл оқулықтың 7 басылымы С.Жиенбаевпен, 8 басылымы А.Ысқақов және К.Ахановпен бірлесіп жазылған.
1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде жазылған еді. Осы оқулықтың фонетика бөлімін Ісмет Кеңесбаев жазды. Міне, сонау 30-жылдардан бастап күні бүгінге дейін басылып келе жатқан Ісмет Кеңесбаевтың оқулықтарынан қаншама бүлдіршін сауатын ашып, қаншама студент-жастар ана тілінің қыр-сырына қанығып келеді десеңші?! Ғалымның осы саладағы сіңірген ұлан-ғайыр еңбегін профессор Керімбек Сыздықовтың мына сөзімен әдіптесек: «Қазіргі аға буын, кейбір орта буын өкілдері мектепте академик Ісмет Кеңесбаев жазған «Әліппеден» сауат ашып, орта мектепте сол кісі жазған «Қазақ тілі» оқулығынан тіл ұстартып, жоғары оқу орындарында «Қазіргі қазақ тілі» еңбегінен кәсіби мамандық алған. Олар үшін «Қазақ тілі» пәні мен І.Кеңесбаев есімі егіз ұғым сияқты болғаны анық».
Тақырыптық жағынан ғалымның ғылыми жұмыстары сан салалы болып келеді. Біраз еңбектері қазақ әдеби тілінің проблемалық мәселелерін зерттеуге арналған. Ісмет Кеңесбаевтың «Абай – основоположник казахского литературного языка» деген мақаласы 1955 жылы жарияланды. Бұл мақаласында «Абай Құнанбаев, великий поэт и мыслитель казахского народа, вышел в историю культуры и как основоположник нового казахского литературного языка», деп жазды. Жазба әдеби тіліміздің қайнар көзі туралы сөйлеген сөзінде ғалым «Қазақ жазба әдеби тілінің іргетасын қалаушы Абай мен Ыбырай тілі мәселесі, негізінде, басы ашық, даусыз мәселе. Ғылыми, әдеби жұртшылығымыз мәселенің бұл жағын талассыз деп таниды», десе, әрі қарай «Ауыз әдебиеті тілі мен ауызекі тілді әдеби тіл дәрежесіне жеткізу традициясының бастамасы Абай, Ыбырайдан басталған болатын. Ол тек бастама еді. Сан жағынан да, сапа жағынан да әдеби тілімізді ең жоғары сатыға шығарған – қазақ жазушылары», дейді.
Ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым лексикология мен лексикография салаларынан да кесек-кесек дүниелер берді. Түркологияда аз зерттелген лексикография теориясынан құнды еңбек жазды («Сөздің мағыналық сипаты хақында», 1959 ж.). Әртүрлі сөздіктерді құрастыруға, редакциялауға белсене ат салысты. Қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігінің екі басылымы да (1963, 1978 жж.) І.Кеңесбаевтың тікелей қатысуымен, редакциясымен шыққаны мәлім. Сондай-ақ, түркітану тарихындағы тұңғыш сөздік – екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» (1959, 1961) шығуына басшылық етті. 1956 жылы филология ғылымының докторы Т.Жанұ-зақовпен бірлесіп, лингвистика терминдерінің орысша-қазақша сөздігін құрастырып бастырды. Ол сөздік 1966 жылы толықтырылып, қайта басылып шықты. «Абай тілінің сөздігі» (1968), 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986), 2 томдық «Орысша-қазақша сөздік» (1978-1981) сияқты лексикографиялық еңбектердің шығуына редакция алқасының мүшесі ретінде көп еңбек сіңірді.
Академик Тіл білімі институтындағы түркология мен қазақ тілі тарихы бөлімінің басшысы ретінде соңғы жылдары жазба ескерткіштерді зерттеу жұмысына да белсене араласты. «Орта ғасыр ескерткіштерін зерттеу жайында бірер сөз» деп аталатын проблемалық көлемді мақала жазып, ең алдымен оларды баспа жүзінде жариялап, ғылым игілігіне айналдыру керектігін баса айтты. «Мәдени, әдеби, тілдік мәні зор бұл ескерткіштер проблематикасын тарих таразысына салып, көзден түгелдеп өткізудің тетігі комплексті түрде зерттеуде жатыр», деп түйіндеді. Өзінің ұйымдастыруымен және редакциялық басшылығымен тіл тарихына арналған бірнеше жинақ та жарық көрді. Мәселен, «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары» (1981 ж.), «Ескі түркі жазба ескерткіштері туралы зерттеулер» (1983 ж.) деп аталатын екі жинақ шыққан бойда халық арасына тез тарап кетті.
Академиктің бар күш-жігерін сарп етіп, ұзақ жылдар бойы ізденіп, арнайы шұғылданып негізін қалаған ғылым салалары – фонетика мен фразеология. Фонетика саласынан жазылған «Қазақ тілінің екпін категориясы», «Қазіргі қазақ тілінің дауыссыз дыбыстары», «Осы күнгі қазақ тілінің дауысты дыбыстары», «Қазіргі қазақ тілінің буын категориясы» сияқты мақалалары сонау 1940-1950 жылдары жарық көрген екен.
Дыбыс жүйесінің келелі мәселелері жайындағы ғалымның әр жылдарда жүргізген осындай зерттеулері «Қазіргі қазақ тілі» (лексика, фонетика) деген кітаптың «Фонетика» бөлімінде жаңадан қайта жинақталып, 1962 жылы жарық көрді. Академиктің бұл еңбегінің белгілі тіл маманы, білікті ғалым Сейітбек Нұрханов аударған орысша нұсқасы «Современный казахский язык» (Алматы, 1962) атты кітапқа енді.
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің жиналып, бір жүйеге түсуі және оның теориясының жасалып, көптеген түйінді мәселелерінің шешім табуы І.Кеңесбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұрын-соңды ешкім қалам тартып көрмеген тіл білімінің осы бір тың жатқан саласымен айналысуды ғалым 1930 жылдардың аяғында қолға алған екен. Отыз жылдан астам уақыт бойында ғұлама тіліміздің мәйегі болып есептелетін тұрақты сөз тіркестерін жинауды әсте тоқтатпаған. Тек жинап қана қоймай, ұшан-теңіз материалдарды сұрыптап 1977 жылы «Ғылым» баспасынан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Бұл – бүкіл түркология әлемінде көлем жағынан да, сапа жағынан да осы саладағы тұңғыш еңбек болып саналады. Сөздіктің көлемі 88 баспа табақ (711-бет). Мұнда халық өмірінің әралуан жақтарын бейнелеп көрсететін он мыңнан астам фразеологизм қамтылған. Бұл еңбекте тұрақты тіркестерге байланысты терең теориялық тұжырымдар да берілген. Сөйтіп, тіліміздің нақыл сөз байлығының үлкен саласы – фразеология өз алдына дербес пән екендігін дәлелдеп, тұжырым жасады. Бұл теориялық концепция Сөздіктің қорытынды шешімінде анық дәлелденген. Сөздік авторы І.Кеңесбаевқа 1978 жылы Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Еңбек жарияланған бойда белгілі ірі түркітанушы ғалымдарымыз оны жоғары бағалады. А.Н. Кононов, Ә.Нәжіп, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Т.Жанұзақов, шетел ғалымдарынан Т.Текин, И.Циртаутас, т.б. әділ сындар жазды. Сөздік «Шыңжаң халық баспасынан» 1990 жылы араб әрпімен қайта басылып шықты. Сөйтіп, бұл еңбек Қытайда тұратын қазақтардың да игілігіне айналып отыр.
Академик І.Кеңесбаев көп жыл бойы басшы қызметтерде болды. 1946 жылы 39 жасында Ұлттық академияның толық мүшесі болып сайланды. 1951 жылға дейін оның вице-президенті болып, бүкіл қоғамдық ғылым саласына басшылық етті.
1961 жылдың мамыр айында Тіл мен әдебиет институты негізінде екі дербес институт ашылды. Оның бірі – Тіл білімі институты, екіншісі – Әдебиет және өнер институты деп аталды. Бұлайша бір институттың екі дербес институтқа айналуына Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовпен қатар, Ісмет Кеңесбаев та бір кісідей ат салысқан екен. Сол 1961 жылдан 1978 жылға дейін Тіл білімі институтын өзі басқарды. Осы жылдары институт жұмысы ілгері басып, оның зерттеулері Одақ көлемінде танылды. Бұл кезеңде қазақ тіл білімінің кемеліне келе зерттелуі, қарыштап дамуы, күллі түркі тілдерінің алдыңғы қатарынан орын алуы І.Кеңесбаевтың қайрат-жігерінің, ұйымдастырушылық зор қабілетінің нәтижесі екені даусыз.
Алматы қаласында үлкен ғалым, белгілі педагог, қоғам қайраткері Ісмет Кеңесбаевтың атында көше бар. Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында ғалым туған ауылдың ең үлкен көшесін жерлестері Ісмет ағаның атымен атаған болатын. Ал 1996 жылы Таукент поселкесіндегі №36 қазақ орта мектебіне академик-ғалым Ісмет Кеңесбаевтың есімі берілді. Ендігі бір үлкен тілек – республикамыздағы жоғары оқу орындарының біріне ғалымның қасиетті есімі беріліп, алдына бюст қойылса. Бұл – көптеген шәкірттерінің тілегі.
Әжібай КЕРІМҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент