Кеше Парламент Сенатында «Бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттің осы саладағы өзара іс-қимылы туралы» деген тақырыпта Парламенттік тыңдау болды. Оның жұмысына Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Өз сөзінде Қ.Тоқаев бизнестегі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін заң тұрғысынан қорғауды қамтамасыз ету – өзекті мәселе екенін айтты. Одан әрі Төраға Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында бизнес ахуалды түбегейлі жақсарту және оның аясын кеңейту – негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Президент біздің алдымызға бұқаралық кәсіпкерлік пен бәсекелестікті одан әрі дамыту, бизнес шығындарын барынша азайту, мемлекет көрсететін қызметтердің бірқатарын бизнеске беру, баға мен тарифтерді белгілеуде ымырашылдыққа жол бермеу жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы міндеттердің орындалуы мемлекеттің экономикадағы үлесін ІЖӨ-нің 15 пайызына дейін төмендетуге, ал шағын және орта бизнестің үлесін ІЖӨ-нің 50 пайызына дейін ұлғайтуға септігін тигізуі тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет, деді Қ.Тоқаев.
Одан әрі Төраға елімізде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың заңнамалық және ұйымдастырушылық негіздері қалыптасқанын, ал кәсіпкерлерге салынатын салықты, оларға берілетін несиелер мен гранттардың шарттарын жеңілдету бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры еліміздегі барлық кәсіпкерлерге үлкен көмек көрсетуде. Елбасының тапсырмасы бойынша «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес-2020», Индустриялық және инновациялық даму бағдарламалары әзірленіп, тиімді іске асырылуда. Биылғы жылдан бастап кәсіпкерлікті ынталандыру және дамыту мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған "Тиімді еңбекпен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын" іске асыру жұмысы басталды, дей келіп Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің бизнес-ахуалды жақсарту үшін бар күш-жігерін салып отырғанын сөз етті. Сонымен бірге ол қабылданған шаралардың әлі де жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. Ел экономикасының басым бөлігін әлі күнге дейін мұнай және тау-кен металлургиясы секторынан тұратын ірі бизнес құрайды, яғни экономиканы әртараптандыру туралы айту әлі ерте. ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 25 пайыздан аспайды. Оның басым бөлігі сауда және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Ал дамыған елдерде шағын және орта бизнес экономиканың негізгі арқауы болып табылады және ол ІЖӨ-нің 50 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Отандық бизнес-орта инновацияларды пайдалануда әлі де белсенді емес. Қазақстанның ІЖӨ-сіндегі инновациялық өнімнің үлесі 2015 жылдың қорытындылары бойынша шамамен бір-ақ пайызды құрағанын көлденең тартады. Біз Елбасы айқындап берген міндеттерге қайшы келіп отырған осындай ахуалдың не себептен орын алып отырғанын егжей-тегжей қарап, анықтауымыз қажет, деді ол.
Одан әрі Төраға осындай ахуалдың орнап отырған себептеріне тоқталды. Көптеген дамыған елдерде, мысалы, Германияда мемлекеттің қолдауына қарағанда кәсіпорынның дербестігіне басымдық берілетінін атап өткен жөн. Мемлекет кәсіпкерлікке технологияларды ұсыну, тиісті экономикалық ақпарат беру, инновациялық қызмет түрлерін ынталандыру арқылы ғана қолдау көрсетеді, деді ол. Біз еліміздегі өндірістік және жоғары технологиялы бизнесті дамытуға ерекше назар аударуымыз қажет. Мемлекеттік қолдау дәл осындай кәсіпкерлікке бағытталуы тиіс, оның ішінде оларды квазимемлекеттік сектор тарапынан тапсырыстармен қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан, өндірістік бизнесті, атап айтқанда, келешегі зор деп саналатын салаларды ынталандыруда мемлекет өндіріспен айналысатын кәсіпкерлерді іріктеп, соларға қолдау көрсетіп, неғұрлым қолайлы жағдай туғызуы қажет. Бұл салық салу жүйесіне де қатысты. Өндіріспен айналысатындарға елеулі артықшылықтар ұсынылуы қажет. Кәсіпкерлердің қызметіне қатаң бақылау жүргізіп, оларды бірден жазалау шараларын қолданғаннан гөрі, сондай жағдайларды болдырмаудың амалдарын қарастырып, ескерту жасау тетіктеріне көшу қажет.
Сөзінің қорытындысында, Қ.Тоқаев Президенттің жаңа Жолдауындағы талаптарды іске асыру шеңберінде экономика саласындағы қылмыстарға қолданылатын жазаларды жеңілдетіп, кәсіпкерлік ортадағы құқық бұзушылықтарға қатысты санкциялар қолдану мәселесіне салмақты түрде қарағанымыз жөн екенін атап көрсетті.
Парламенттік тыңдауда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов негізгі баяндаманы жасап, бизнес-ахуалды жақсартудың жолдары туралы айтты. Оның ойынша, алдымен салық салуды жеңілдету керек екен. Салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, берілетін жеңілдіктерді дұрыс арнаға бұру маңызды міндет дей келіп ол: «Бүгінгі таңда осы мәселені кеңінен сараптау керек. Салықтық шаралар инвестиция тартуға, отандық экономиканың өндірістік саласын дамытуға қызмет етуі керек. Бизнес-ахуалды жақсартудағы екінші мәселе ШОБ-тың дамуына еркіндік беріп, оны мемлекеттік реттеуді азайту қажет. Бұл тұрғыда тексерістер мен бақылауларды барынша азайтқан жөн», деді ол.
Парламенттік тыңдауда А.Мырзахметовтен басқа Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» ассоциациясы басқармасының төрағасы Ульф Вокурка, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Марғұлан Кәрібеков және т.б. сөз сөйледі.
Отырысты модераторлық етуші Асқар Бейсенбаев қорытындылап, бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері толық қаланған және соңғы жылдары іскерлік жағдай жақсаруда деп айтуға барлық негіз бар екенін айтты. Құрылған экономикалық институттар тұрақты экономикалық өсімге тікелей ықпал етеді. Ал экономикалық өсімнің негізгі элементтерінің бірі – жекеменшік құқығын қорғау болып табылады. Қазақстандағы бизнес құқығы мен мүддесін қорғауды заңнамалық қамтамасыз етуде бүгінгі тыңдауда айтылған ұсыныстар мен ескертпелердің барлығының да үлкен тәжірибелік құндылықтары бар және алдағы уақытта Сенат депутаттары, мемлекеттік органдар оларды зерделеп, өз жұмысында ескеретін болады, деді.
Отырыстың аяғында Парламенттік тыңдаудың ұсыным жобалары қабылданып, іске асырылуы үшін олар Үкіметке, салалық орталық және жергілікті атқарушы органдарға, тиісті ұйымдарға жіберілетін болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»