ДЕПУТАТТЫҢ УӘЖДЕРІ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙТЫНЫН ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ АЙҒАҚТАЙДЫ
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар «Егемен Қазақстанның» облыстағы тілшілер қосынымен хабарласып, Мәжіліс депутаты Петр Дмитриенконың республикалық баспасөз мәслихаты арқылы таратқан мәлімдемесінің кей тұстарымен үзілді-кесілді келіспейтіндерін білдірді. «Халық қалаулысы бағаны тұрақтандырудың жолдарын ұсынып, Үкімет назарын аударғаны дұрыс-ақ. Алайда, Солтүстік Қазақстан облысынан келтірген мысалдары ешқандай шындықпен үйлеспейді. Оның жергілікті ахуалды терең зерттемегені көрініп тұр», деп қара қазандай өкпелерін жайып салды.
Олардың ренжитіндей жөні бар. Депутат «Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық округтерінде сиыр еті 480 теңге тұрса, көтерме сауда жасаушылар ет бағасын 3000 теңгеге дейін (астын сызған – біз) шарықтатып жіберген» деп айды аспанға бір-ақ шығарған. Дмитриенконың солтүстікқазақстандықтардың өңі түгіл түсіне енбеген бағаны қайдан алғаны түсініксіз. Басқарма бастығы Нұрлан Биболаев қол қойған анықтамаға сүйенсек, сиыр еті елді мекендерден 650-720 теңгеге сатып алынып, базарларда 750-800 теңгеге сатылуда. Қой еті де осы шамалас. Шошқа, құс етінің бағасы төмен. Сол сияқты халық қалаулысының бидай бағасының 40 мың теңгеге дейін көтеріліп кетуіне байланысты Петропавл нан пісіру комбинатында нанның бағасы 48 теңгеге жетіп, оның соңы 5 фирмалық дүкенінің жабылуына алып келді деген пайымдаулары ақиқат ауылынан алыс жатқанын аталмыш кәсіпорынның коммерциялық директоры Серік Рамазанов жоққа шығарды. Ол берген анықтамада облыстық әкімдікпен жасалған меморандумға сәйкес бидайдың әр тоннасы 26 500 теңгеден босатылып, бір бөлке нан 45 теңгеден аспайтыны, дүкендердің үзіліссіз жұмыс істеп жатқаны келтірілген.
Бағалардың қай жерде болсын сынаптай мың құбылып тұрғаны рас. Сол себепті көп тұтынатын тауарлар мен азық-түлікті қымбаттатпау – көкейтесті мәселелердің бірі. Қызылжар өңірінде аса қажетті азық-түлік түрлері мен тағамдардың бағасын тұрақтандырып, қолжетімді етудің мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған. Бір мысал. Қырғызстаннан жеміс-көкөністі тікелей жеткізу жұмыстарын жүйелі ұйымдастырудың нәтижесінде картоп, сәбіз, қырыққабат арзандады. Қант, күріш, өсімдік майы тұрақты бақылауда. Ет-сүт өнімдерінің бағасы ежелден қолжетімді.
Айтпағымыз, бағаларды тұрақтандыру мақсатымен жергілікті билік орындары тарапынан атқарылып жатқан кешенді шараларды біле тұра Парламент Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз П.Дмитриенконың деректердің өңін айналдырып, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етуі халық қалаулысы деген мәртебелі атқа жарасып тұрған жоқ.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.