Кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы «кооператив» деген сөзге «бірігіп әдіс қылу, бір одақтас, бір қостас, бір оттас, құрдас болу» деп анықтама берген. Қазақ әу бастан «төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді», деп бірлікке үндеген. Ұлы Абай болса «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп пысықтаған. Өткен ғасырдағы жекешелендіру саясаты кезінде колхоз-совхоздар ыдырап, мал-мүліктің бөлініп берілуі мен пай үлесі нәтижесінде біреулер ұтқан, енді біреулер ұтылған ұсақ меншік иелері пайда болды. Араларында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер арқылы байып, ауқаттанғандары да жеткілікті.
Алайда, ауыл халқының тұрмыс деңгейі біркелкі деп айтуға да келмейтіні ақиқат. Бар малын базарға шығарып, пұлдап жүрген шаруа қожалықтары болмаса, көбісі алдындағы азын-аулақ тұяқтысын көбейте алмай әуре. Пай үлесіне алған егістік алқабын техникалары жоқтықтан игере алмай отырғандар қаншама!
Бір кездері мал шаруашылығын өркендетуде атағы алысқа кеткен Қазақстанның бүгінгі таңда ет, сүт өнімдерін шет елден тасымалдауы, әрине, мақтанарлық әрекетке жатпайды. Сондықтан, осының бәрін саралаған Елбасымыз дәстүрлі саланы қайта өрлетіп, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек деп талап қойып отыр. Кооперативтер құра отырып өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың және өткізудің тиімді жүйесін құрып, 2021 жылға қарай азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейту міндеті алға қойылған.
Өткен жылы күшіне енген «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заңды іс жүзіне асыруда әр аймақта іс-шаралар жүргізілуде. Айталық, Талас және Сарысу аудандарында кооперативке бірігеміз деп жатқан шаруа қожалықтары жоқ емес, бар. Жергілікті биліктегілердің мәлімдеулеріне қарағанда, Таласта 2 кооператив құжаттары әділет органдарында ресімделуде. Сарысуда да сол шамада.
Шынтуайтында, кооперативтерге бірігу, ең алдымен, ауылдардағы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік әпереді және экологиялық таза өнімдер шығаруға мүмкіндік туады, үшіншіден, ауылдан қалаға көшу үдерісіне тосқауыл қойылады деп топшылайды ғалымдар. Әрине, бұл болжамдар құлаққа енеді. Біздің зерттеуіміз өзгешелеу. «Сыбаға», «Құлан», «Асық», «Ырыс» бағдарламалары арқылы әл-ауқатын көтеріп алған ірі шаруа қожалықтарының бірігуге құлықтары жоқ. Ал елді мекендердегі үй шаруашылықтары ол «байлармен» бірігуге құлықсыздау. Жасыратыны жоқ, жекешілендіреміз деп біз жастарды жалқаулыққа бейімдеп алдық па деймін. Көбінің үйден ұзап, маңдай терін төгіп еңбек еткісі келмейді. Ұрлық-қарлықтың да бір жағынан белең алып тұрғаны содан болуы мүмкін.
Енді не істемек керек? Заң, әрине, бірігіп еңбек етіп, өнім өндіріп, оны өткізуге алғышарттар жасап отыр. Алайда, құрылғалы жатқан кооперативтердің материалдық-техникалық базаларын нығайтумен қатар, ең алдымен, мал жайылымдықтары мен шабындықтарының мәселесін шешкен дұрыс па деймін. Көріп отырғанымыздай, Мойынқұмдағы жайылымның дені орман және аң шаруашылығы мекемесінің қарауына өтіп кеткен. Онда бүгінгі таңда ақыға жүздеген шаруа қожалықтары малдарын қыстатады. Жаз жайылымдықтың да жай-күйі соған ұқсас. Ертең мал өсіремін, шөп орамын, егіс егемін деген кооперативтердің тығырыққа тірелетіні айдан анық. Ең алдымен жергілікті атқарушы органдар осы мәселені түгендей алса жөн болар еді. «Жайылымдық туралы» заңда «жайылымдық – мемлекеттік» делінген, демек әр кооперативтің әл-ауқатына қарай жайылымды реттеуге болатын шығар. Содан кейін Елбасы өз Жолдауында жерді пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында суармалы егіс алқабын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет, деді. Естуімше, биылғы жылдың өзінде 600 мың гектар суармалы алқап жүйесі қалпына келтірілмек. Олай болған күнде Ақкөл, Ойық, Жиембет су жүйелеріндегі тозған алқаптарды қайтып қалпына келтіруді кезең-кезеңімен жүзеге асырып, кооперативтердің иелігіне бөліп берсе жөн болар еді.
Содан кейін кооперативтерді өнімі ертең өтетіндей бағытта ұйымдастырған жөн. Құр мал басын өсіріп, оның етін өткіземін деу алысқа апармайды. Мысалы, Талас ауданындағы Тамды ауылындағы кооперативтер сүт, көкөніс өсірумен айналысса, оның пайдасы мол болмақ. Іргесінде қала бар, өндіріс орындары бар дегендей. Таулы аймақтар малмен қатар егіс алқаптарын игерумен айналысса кәне. Айталық, Сарысу ауданындағы Түркістан ауыл аймағы 10 мың гектар алқапқа арпа, бидай, мақсары егіп, одан тесілі өнімдерін алып, жылдан-жылға бақуаттанып келеді. Түркістандықтардан жерінің құнарлылығы жоғары Талас ауданының тау жотасындағы шаруашылықтар туралы әзірге мақтана алмаймыз. Себебі, егіс алқабын игеруге ол ауылдарда техника жеткіліксіз.
Әрине, нарық бәрін реттейді дегенді әзірге қоя тұру керек. Шүкір, қазір азық-түлік тұтынатын мекемелер жеткілікті. Экологиялық жағынан ең таза өнім шығарып, «қазақстандық брендті» қалыптастырайық деп Елбасы ұдайы айтып жүр. Оны жүзеге асыратын өзіміз. Аллаға шүкір, биылдан бастап ауылда да, қалада да жаңа кәсіппен айналысамын деушілер 16 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Кооперативтерге де жасалатын жеңілдіктер қарастырылған. Егер ауылдағылар жеке бастарының қамын ойласа, медициналық әлеуметтік сақтандыруға табысының бір бөлігін аударта алады. Табыс және әлеуметтік салықтар да шешімін табады. Өмірінің соңына дейін зейнетақы жарнасын жинақтау мүмкіндігіне ие болмақ. Үкімет, жергілікті атқарушы органдар кооперативтердің аяғынан қаз тұрып кетуі үшін 2-3 жыл субсидия төлеуді қалыптастырса ғана ол мәселелер шешімін табады. Сонда, шаруалардың да сенімі артар еді.
Қысқасы, кооперативке бірігу адамдардың бір-біріне деген құрмет сезімін қалыптастырып күшті, тәрбиелі ұжым құруға мүмкіндік әперетінін, мейірім мен кісілікке бастайтынын еске салғымыз келеді.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Талас ауданының құрметті азаматы
Жамбыл облысы,
Талас ауданы,
Қаратау қаласы