«Тараз» триосы қазақ даласына ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де танымал өнер ұжымы. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарынан бастап қазақ даласын әнге бөлеп, әйгілі Кенен ақынның көркем әндерін қазақ кеңістігіне қайта насихаттаған да осы трио болатын. Бүгінгі таңда «Тараз» триосы сахнадан көп көрінбейді деген сөз де халық арасында айтылып
қалады. Осы мақсатта «Тараз» триосының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңірековпен хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Біз Жамбыл облысының шеңберінде өткізіліп жатқан ешқандай іс-шарадан қалып жатқан жоқпыз, – деді бізбен әңгімесінде Асылхан Шүңіреков. – Ал енді Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға барып, жекелеген концертімізді беріп жатпағанымыз шындық. «Тараз» триосының тарихы тереңде. Бірақ біз телеарналардан аз көрінеміз. Одан кейін қазіргі шоу-бизнес те басқа арнаға бұрылып кетті. Топ-топ болып, сол шоудың төңірегінде ғана жүрген әртістер бар. Бізден гөрі солар көбірек көрінеді.
Осыдан біраз уақыт бұрын «Кешкі кездесу» бағдарламасына түсіп келдік. Ол жерде трионың тарихы мен тағдыры туралы айтылды. Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов, одан кейін бүгінде Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында фермер болып істейтін Алтынбек Бекмұратов трио төңірегінде әдемі әңгіме өрбітіп, тарихына тоқталған болатын. Кейіннен «Қазақстан» ұлттық арнасының шақыртуымен «Дара жол» бағдарламасына қатыстық.
Жылдар өткен сайын «Тараз» триосының құрамы да өзгерді. Бүгінде Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып жүрген Пернебек Оспанов, фермер Алтынбек Бекмұратов, Берік Қалиев деген де азаматтар трио құрамында өнер көрсеткен. Ал мен ауылға, Берік әскерге кеткен уақыттарда трио тарап кетпес үшін, Дүйсенбек, Есенбек, Сәтжан деген азаматтар біздің орнымызға өнер көрсетіп жүрді.
– Ең алғаш Мейрамбек Беспаевтың талантын танып, сахнаға алып шыққан сіз екенсіз. 1987 жылы Мейрамбекті Мәскеуге де алып барыпсыз. Бірақ қазір ол кісіні халық Алтынбек Қоразбаевтың шәкірті ретінде таниды. Осы жайында айтып берсеңіз...
– Мейрамбектің Алтекеңнің шәкірті екені рас. Мейрамбекті әуелі мен көрдім. Себебі, біз Мейрамбектің бала күнінде-ақ әкесі Әбіләшіммен дос болдық. Анасы Жібек те керемет адам. Ол кісілердің жасы менен үлкен. Бірақ әйтеуір студент күнімде танысып, содан жақсы араласып кеттік. Ол кісілер жер үйде, біз жатақханада тұрамыз. Сенбі, жексенбі сайын Әбекеңнің үйінде болып, ән айтамыз. Әңгіме-дүкен құрамыз. Мейрамбек ол кезде кішкентай бала. Мен домбырамен ән салсам, соған қызығады-ау деймін, әйтеуір ұйып тыңдап отырады. Содан біз де қолына домбыра беріп, ән айтқызатынбыз.
Кейін Жамбыл қаласында үлкен деңгейде ақындар айтысы өтті. Сол кезде Мейрамбек алғаш рет сахнаға шығып, елге өнер көрсеткен болатын. Аяз Бетбаевтың термесін шырқап, елді баураған еді. Содан бала Мейрамбекті айтыскер ақын Серік Қалиев сахнадан көтеріп алып кетті. Қайтадан бала Мейрамбектен ән айтуын сұрадық. Кішкентай баланың домбырамен ән айтқаны ол кезде таңсық болатын. Халықтың да ықыласы ерекше болды. Мен 1986 жылы отбасы жағдайымен Мойынқұм ауданы, Талдыөзек ауылына көшіп кеттім. Сол ауылда кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайландым. Сонда да Әбіләшім Беспаевпен достығымызды үзген жоқпыз. Кейіннен аудандық кәсіподақ комитеті концерт ұйымдастырып, сонда Мейрамбекті алдырып, ән салдырдық. Концерттен түскен ақшаны Кеңес Одағының Бейбітшілік қорына аудардық. Ол уақытта қалтаға ақша алып қалу деген болмайтын.
Кейін 1987 жылы Мәскеуден шақырту келді. Содан Қордай ауданынан әнші Қарлығаш Қожағазина, Талас ауданынан әнші, марқұм Алтынбек Оразбеков, мен және Мейрамбек төртеуміз Мәскеуге бардық. Сонда Мейрамбек туралы «Московские правда» газетінде үлкен мақала жарияланды. Ол уақытта Алтынбек Қоразбаев облыстық филармонияның директоры еді. Кейіннен Алтекең Мейрамбекті өз қамқорлығына алып, әндерін үйретіп, өзіне шәкірт қылды. Алматыға алып кетіп, үлкен әнші болып қалыптасуына еңбек сіңірді.
Әңгімелескен
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы