Кереку топырағы білекті балуанға кенде болған емес. Қазір де найзағай намысты жігіттер баршылық. Бірақ, қазақ күресін серік етіп жүрген сол сайыпқырандарға жасалып отырған
жағдайға көңіл толмайды. Көз көріп жүрген кемшіліктер де жоқ емес.
Иә, қазақ күресінің бір кездері бұл өңірде тұралап қалғаны рас. Төл күресіміз ғана емес, өзге де спорт түрлерінің босағадан сығалап қалғанын жақсы білеміз. Шүкір, қазір жағдай едәуір жақсарды. Қазақ күресіне деген қызығушылық та, қамқорлық та алабөтен. Алайда, әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер де баршылық. Соның бірі – Павлодарда қазақ күресіне арналған арнайы залдың жоқтығы.
Жергілікті бапкерлер мен балуандар төл спортымызға арналған арнайы спорт кешенінің бой көтергенін қалайды. Негізі, бұл әңгіме көптен айтылып жүр. Жуырда облыстық қазақ күресі федерациясының алқа мәжілісінде де сөз болды. Сол жиынға қатысқан самбоның саңлағы, бүгінде М.Қайырбаев атындағы ұлттық және халықтық спорт түрлері клубының тізгінін ұстаған Ержан Иманжүсіпов көпшіліктің назарын бұл мәселеге тағы бір мәрте аударды.
– «Қазақстан барысы» турнирі өтетін уақыт та жақындап келеді. Ал біздің балуандардың бас қосып, білек күшін сынар жері жоқ. Әрине, кішігірім спорт залдары бар. Оқу орындарының, спорт кешендерінің залдарын сұрап алып, жаттығуға болады. Бірақ, мұндай залдарға облыстың мықты деген барлық балуаны мен бапкерлерін бір сәтте жинай алмаймыз. Спортшыларымыз оқу-жаттығу жиындарын бөлек-бөлек өткізеді. Бұдан шыққан нәтиже де мардымсыз. Сондықтан, Павлодарға қазақ күресіне арналған жеке спорт кешені керек. Бәлкім, облыс орталығынан осыған лайықты ғимарат та табылып қалар, – деді Е.Иманжүсіпов.
Осы жағдайға байланысты спорт ардагері Амангелді Аймағамбетов те өз ойын білдірді.
– Павлодарда бокс орталығы бар. Бұл – облыстағы былғары қолғап шеберлерінің жеке отауы. Олар қалаған уақытта осы орталыққа жиналып, оқу-жаттығу жиындарын өткізе алады. Дәл осындай кешен балуандарға да керек. Әр ғимараттың жертөлесінде жаттығып, жарыс өткізу үшін ірі спорт нысандарының, оқу орындарының табалдырығын тоздыру – кешегінің әңгімесі болуы керек еді. «Қазақстан барысын», «Әлем барысын» тәрбиелеп шығарамыз десек, алдымен осы мәселенің түйінін тарқатып алған жөн, – дейді А.Аймағамбетов.
Кереку өңірінде қазақ күресіне келгенде кежегесі кейін тарта қалатын аудан әкімдері де бар. Басшылардың немкеттілігінен Май және Ертіс аудандарының балуандары облыс орталығында өтетін жарыстарға көбіне қатыспайды. Қаржының жоқтығы қолбайлау. Ал енді бір өңірлерде қазақ күресіне арналған спорттық киім жетіспейді. Бұл мәселелер де федерацияның алқа мәжілісінде қаузалды.
Бүгінде облыста 5 мыңнан астам адам қазақ күресімен шұғылданады екен. Павлодар облысының аумағында өтетін төрт турнир республикалық жарыстардың күнтізбесіне енгізілген. Былтыр бес жерлесіміз «Спорт шебері» нормативін орындады, 60-тан астам спортшы «Спорт шеберлігіне үміткер» атанды. Облыс бойынша 168 жаттықтырушы балуандарды қазақ күресіне баулуда. Сондай-ақ, былтыр қазақ күресі федерациясы облыс құрамасы үшін 12 дана спорттық киім сатып алыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады.
Алқа мәжілісінде Павлодар қаласының әкімі, облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Нұржан Әшімбетов күрес залы мәселесін назарда ұстайтынын мәлімдеді. Әкім қаладан бос ғимарат табылса, күрес залына лайықтап жөндеу сөз емес дегенді алға тартты. Сондай-ақ, демеушілерді тарта отырып, спорт кешенін салуға да болатынын айтып қалды. Әрине, бәрі уақыттың еншісінде. Тек, сөз күйінде қалмаса дейсің...
Фархат ӘМІРЕНОВ,
журналист
ПАВЛОДАР