01 Наурыз, 2017

Даулы аралдарға талас

596 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын Азия-Тынық мұ­хит аймағының халықаралық сая­саттағы рөлі артып келеді. Ол, әри­не, жақсы. Дегенмен, ондағы мем­­лекеттердің экономикалық жа­ғы­нан дамып, қуаттана тү­суі ай­мақ­та туындаған дау-жан­жал­дар­дың әрі қарай өршуіне себеп болуы мүм­кін. Мысал ретінде Оңтүстік Қытай те­ңізіне қатысты проблемалар­ды ала­йық. Бұрындары осы Оңтүстік Қытай теңізіне байланысты мәселелер он­ша көп сөз бола бермейтін. Соңғы он­шақты жылдың бедерінде бұл мә­се­­­лелер жаһандық сипатқа айналып ба­­ра жатқандай. Оның үстіне, оған қа­ты­­сушы «ойыншылардың» қатары да көбейе түсуде. Олардың арасында әлем­­дегі ең ірі державалар – АҚШ пен Қы­тайдың бар екендігі біраз жайдан хабардар етсе керек. Ал дау Қытай мен Вьетнам арасында Парасель және Спартли аталатын аралдарға байланыс­ты туындаған. Кейіндеп Оңтүстік Қытай теңізі аумағында кө­мірсутегінің мол қо­рының табылуы бәсеңдей бастаған гео­саяси жағдайды қайта шиеленістіріп жі­бер­ді. Деректерге қарағанда, мұнда шама­мен 11 миллиард баррель мұнай және 190 триллион текше метр газ қоры бар. Теңіз сулары, сондай-ақ балық қорына да бай. Екіншіден, осы теңіз арқылы жылына орта есеппен 5 триллион доллардың жүгі тасымалданады екен. Қазіргі кезде стратегиялық және эко­но­микалық жағынан аса тиімді Оңтүстік Қытай теңізінің аумағынан онымен шек­тесетін елдер өз үлестерін алу үшін мүм­кін­діктің барлығын пайдаланып бағуда. Мысалы, теңіздегі Спартли аралдарына Қытай, Тайвань, Вьетнам, Филиппин және Малайзия, ал Парасель аралдарына Қытай, Вьетнам және Тайвань иелік етуге мүдделілік танытып отыр. Оңтүстік Қытай теңізіне байланысты дау Малайзия мен Вьетнамның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­на жасаған ортақ ұсынысынан кейін, тіпт­і ушығып кетті. Малайзия мен Вьетнам 2009 жылдың 6 мамырында Оңтүстік Қытай теңізінің оңтүстік бөлігі үшін БҰҰ-ның Құрлықтық қайраңның шекаралары жөніндегі комиссияға ұсыныс түсіреді. Ондағы мақсат – теңіз жағалауындағы екі мемлекет қайраңның өздеріне тиесілі шекараларынан 200 теңіз миліндей қашықтыққа созылған аумақты иелену құқығына ие болу. Қытай Малайзия мен Вьетнамның аталған аймаққа ұмтылысын айыптап, БҰҰ-ға наразылық білдірді. Сонымен қатар, Қытай теңізінде өзінің құқықтық құзыретінің бар екенін белсенді түрде жариялай бастады. Осылайша, 2012 жылдың маусымында Қытай Парасель аралдарында ор­наласқан Санша қаласының әкім­ші­лік мәртебесін аудан деңгейінен Хай­нань провинциясының префектурасы деңгейіне дейін көтеріп, осы аймақта Қы­тай халық азаттық армиясының гар­ни­зо­ны құрылады деп мәлімдеген болатын. Арада бірнеше жыл өткен соң, Қытай тарапы даулы Спартли аралдарында ұшу-қону жолағын салып, жойғыш ұшақтар, қанатты зымырандар мен радар жүйесін орналастырды. Осының алдында, яғни 2009 жылы Қытай Оңтүстік Қытай теңізі акваториясының 80 пайыздайын өзінің аумағы ретінде жариялауы жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Бұл Филиппинді Гаагадағы төрелік сотқа жүгінуге мәжбүр етті. Сөйтіп, халықаралық трибунал 2016 жылғы 12 шілдеде Спартли аралдарына қатысты Қытайдың бұл аралдарға «тарихи құқығы» жоқ деген шешім шығарады. Әрине, аталған шешім Қытай тарапын қанағаттандырмасы анық еді. Өйткені, Қытай теңіздің басым аумағын өз елінің ажырамас бөлігі санайды. Олар мынадай деректерге жүгінеді. Қытайдың тарихи анықтамасы бойынша, Сиша архипелагын (Парасель) және Наньша (Спартли), сондай-ақ Оңтүстік Қытай теңізіндегі басқа да аралдарды осыдан 2 мың жыл бұрын қытай теңізшілері ашқан. Сонымен қатар, аралдар Сун дәуірінің және одан кейінгі династиялардың картасында Қытайдың жері ретінде көрсетілген екен. Ал аймақтағы өзге мемлекеттердің де қолдарында құжаттары, айтатын уәждері бар. Мысалы, Вьетнам аралдардың бір бөлігін XVI ғасырдан бері бақылауға мүмкіндік беретін куәлікке ие екенін, Филиппин билігі 1529 жылғы Португалия мен Испания арасындағы ықпал ету аймағын бөліп алу туралы Сарагоса келісімін алға тартады. Жоғарыда атап өткеніміздей, Оңтүстік Қытай теңізінде алыстағы АҚШ-тың да мүддесі бар. Кейбір мәліметтерге қарағанда, осы теңіз арқылы өтетін 5 триллион доллар жүктің 1,2 триллион доллары АҚШ-тың еншісіне тиеді. Екіншіден, АҚШ теңіз акваториясының басым бөлігін халықаралық су деп тануды қалайды. Бұл стратегиялық жағынан ерекше маңызды аймақта жүк және әскери кемелердің еркін жүзуіне мүмкіндік береді. Үшіншіден, теңіз аумағында АҚШ-тың да, Қытайдың да әскери-теңіз күштері орналасқан. Осы аймақта елдердің әскери күштері арасында аракідік қарсы тұрушылық сияқты әрекеттердің де болып тұратынын жасыра алмаймыз. Бір жақсысы, оның соңы әзірше қарулы қақтығысқа ұласып жатқан жоқ. Ал даулы аралдарға қатысты мәселелер қашан шешілетіні, оның мәртебесі қашан айқындалатыны белгісіз. Біздіңше, ұзаққа созылатын үдеріс секілді.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»