Футбол. 9 сәуір күні Қазақстан чемпионаты премьер- лигасының кезекті туры өтті.
Осы күні алтыншы турдағы матчтарын өткізген командалар арасында алаң иелері 5 рет, қонақтар 1 рет жеңіске жетті. Бір-біріне арқа қағысып, тең тарасқан ойындар бұл жолы болған жоқ.
Талдықорғандықтар өз алаңында «Атырауды» жеңіп, турнир кестесінің тізгінін бекер ұстап отырмағандарын көрсетті. Есеп – 2:0. Одан кейінгі орында келе жатқан «Ақтөбе» де сырт алаңында сыр берген жоқ. Таразға қонаққа барған вице-чемпиондар алаң иелерін 2:0 есебімен ұтты. Дәл осындай есеп Астанада «Локомотив» пен «Восток» командаларының арасында ойында тіркелді. Бұл жолы өскемендік ұжымнан айласын асырған астаналықтар қажетті 3 ұпайларын алып, турнир кестесінде Қарағандының «Шахтер» командасын басып озды. Қазір «теміржолшыларда» – 13, «Шахтерде» – 10 ұпай. Ал өз алаңында қарағандылық команданы 1:0 есебімен ұтқан «Ордабасы» болса, осы жеңістен кейін 6 ұпаймен «Қайсар», «Қайрат», «Атырау» ұжымдарын басып озды. Бұл командалардың ішінде «Жетісудан» жеңілген «Атыраудан» басқа «Қайсар» қонақта «Ертістен» 4:1, «Қайрат» Қостанайда «Тобылдан» 3:1 есебімен жеңілді. Алтыншы турдан кейін осылайша 6 ұпай иеленген командалар қазір 9-11 орындарды бөлісуге мәжбүр болып отыр.
Дойбы. Ленинград облысында өткен Ресей біріншілігінде Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің студенті Жанна Саршаева үш алтын медальге ие болды.
Гроссмейстер 1992-1994 жылдары туған қыздар арасында өткен турнирге қатысты. Осы жарыста Ресейдің алты өңірінен келген 11 дойбышының арасында ол санкт-петербургтік Сайын Поповадан жарты ұпай озып, бірінші орынды иеленді.
Келесі жарыста тоғыз ойында жеңіп, бір ойында тең түскен Саршаева мүмкін болған 10 ұпайдан 9,5 ұпай жинады. Мұнда ол тағы да сол Санкт-Петербургтің өкілдерінен басып озды. Нева өзенінің жағасынан келген Нику Леопольдова қазақ қызынан жарты ұпай артта қалды.
Ресей біріншілігіне бұдан басқа Астрахань облысынан жеті дойбышы қатысқан болатын. Соның ішінде АМТУ-дің студенті Мәжит Саршаев 1989-1991 жылдары туған жастар арасында 11 ойыншыдан озып, қола жүлдеге ие болса, 1995 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен жарыста Карина Әбілова да үшінші орынға табан тіреді.
Шорт-трек. Астанадағы «Алау» спорт сарайында Қазақстан Республикасының I Қысқы жастар ойыны аясында шорт-трек бойынша жарыстар өтуде.
Оған Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан 8 команда қатысуда. Жарыста барлығы 81 спортшы күш сынасуда.
Қазіргі кезде 1500 м қашықтық бойынша қыздар мен ерлер арасындағы сындар басталып кетті.
Кеше оның алғашқы жеңімпаздары анықталды.
1500 метрлік қашықтықта ересек қыздар арасында бірінші орынды Анастасия Кузнецова жеңіп алды. Екінші орынды Ирина Юрочкина, үшінші орынды Анна Самарина иеленді. Жасөспірім қыздар арасында бірінші орынға Анастасия Крестова, екінші орынға Дарья Гончарова, үшінші орынға Мария Зинченко ие болды.
Осы қашықтықтағы ерлер арасындағы жарыста бас жүлдені Никита Радаев, екінші орынды Мадияр Нұрпейісов, үшінші орынды Ерхат Құбашев жеңіп алса, жасөспірім ер балалар арасында 2 минөт 54,70 секөнт көрсеткішпен Денис Никиша ешкімге дес бермеді. Одан кейінгі орындарға Мерсаид Жақсыбаев пен Стас Юрочкин ие болды.
Бүгін 1000 метрлік, ертең 500 метрлік қашықтықтағы жарыстар өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.