01 Наурыз, 2017

Іскер әйелдер кеңесі 2016 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі өткен жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есеп беріп, алдағы уақытқа жоспарымен бөлісті. Брифингке «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы хатшылығының жетекшісі, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, «Asyl Arman» ЖШС директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева, «Территория дизайна deSali» студиясының, «Coffee & People» ЖШС директоры, Маңғыстау облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова мен «DELUXE» журналының бас редакторы Қарағанды облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Садырбаева қатысты. «Бүгінде әйелдер бизнесте күн өткен сайын белсенді болып келеді. Кәсіпкерлікпен айналысып жатқан әйелдердің үлесі айтарлықтай өсті. Қолда бар мәліметтерге қарағанда кәсіпкер әйелдердің үлесі шамамен 50 пайызға көбейді. Осының бәрі әрине, мемлекеттің қолдауының нәтижесінде мүмкін болып отыр», ­– деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова. Оның айтуынша, былтыр Кәсіпкерлер палатасы алғаш рет Қазақстанның 6 өңірінде бизнесті микронесиелеу бағдарламасын іске қосты. Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы Өңірлік кеңестер осы жобаның жүзеге асырылуында белсенді жұмыс атқарып келеді. Қазіргі кезде Қазақстан азаматтарының 52 пайызы, яғни жартысынан көбі әйелдер. Елімізде 9 128 098 әйелдер тұрады. Олардың ішінде 16 жастан 62 жас аралығында еңбекке жарамдылары ­– 5 323 439 (50%). Ал шағын және орта кәсіпкерлікті 697 355 (42%) әйел басқарады. «Атамекен» ҰКП 17 666 кәсіпкер әйелге сервистік қолдау көрсетсе, 45 501 әйелге ақпараттық қолдау жасады. «Іскер әйелдер кеңесінің жұмысынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында жалғыз ұста әйел Светлана Кошелеваның ісі айрықша мысал бола алады. Іскер әйелдер кеңесінің Көкпекті ауданындағы бөлімшесінің белсенді жұмысы мен қолдауының арқасында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2 миллион теңге несие алып, өзінің шағын цехын ашып, темірден соғылған 10 түрлі бұйым дайындайды. Мұндай шеберлік ескерусіз қалмады. Шеберлер «Жаңа өнім» аталымымен марапатталып, сый-сыяпаттарға ие болды»,­ – деді Ләззат Рамазанова. Брифингте іскер ханымдар алдағы жылға жұмыс жоспарымен таныстырып, барлық әйелдерді ортақ іске бірігуге шақырды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»