02 Наурыз, 2017

Тамыры терең ағаш биік өседі...

757 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында ғана бір сайтта жа­­рияланған жас режиссердің сұхба­тынан «Кинодағы ұлттық идеяға келер болсақ, бәлкім, кинода ұлт жоқ деген пікірмен келісемін. Өйткені, жалпы, барша адамдардың қуанышы да бір, қайғысы да бір» деген пікіріне куә болдық. Бұл режиссер – жас та болса, бір-екі фильмімен көзге түсіп, фестивальдерде жүлдеге ие болып жүрген, болашағынан үміт күттіретін болашақ кинематографистердің бірі. Айтатын ойы бар, өзіндік қолтаңбасы да қалыптасып келе жатқан жас дарын. Бірақ жаңағы сұхбаттағы пікірі тіксінтіп қойғаны рас. Жалпы, жас (студент­тердің де), тіпті, тәжірибелі деген кейбір кинематографистердің арасы­нан осы пікір соңғы кездері жиі естіле бастады. Шынында да, қазақ киносына «кинода ұлт жоқ» дейтін жас ұрпақтың келе жатқаны (немесе келіп үлгергені, мүмкін бұрында да болған, бірақ ашық айтылмады) бұлдыраған сағым ба, әлде шындық па? Егер рас болса, мұндай пікірдегі жастардың фильмдерінен болашақта не күтуімізге болады? Егер ол фильмдерде ұлт болмаса, онда олардың экрандық дүниелерін қазақ киносының шығармасы дей аламыз ба? Өйткені, ұлты жоқ фильмді нақты бір ұлттың киносына қалай енгіземіз? Әлде ол міндетті емес пе? Мүмкін, ол фильмдерді әлем киносының шығармасы дерміз? Олай деуге де болар еді, бірақ әлем киносының жауһарына айналған барлық шығармаларда міндет­ті түрде авторы басқаның емес, өз халқы­ның өмірін бейнелейді. Феллини, Антониони, Пазолинидің фильмдерін италиялықтарсыз, Куросава, Одзу, Китаноның фильмдерін жапондарсыз, Шаброль, Трюффоның фильмдерін француздарсыз, Шукшиннің, Тарковскийдің фильмдерін орыстарсыз т.б. елестету мүм­кін емес. Алысқа бармай-ақ, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Дәре­жан Өмірбаев, Серік Апрымов, т.б. фильм­деріне назар аударсақ та жеткілікті. Жалпы, әлем киносының кез келген үздік шығармасы, ең алдымен, өз елінің, халқының экрандық портретін жасады. Сонан соң ғана әлемдік өнердің інжу-маржанына айналды. Тіпті, бүгінгі Америка киносының (авторлық) ең озық өкілі Джим Джармуштың жақында ғана түсірген «Патерсон» фильмі де өз елінің шағын бір қаласы, ондағы қарапайым автобус жүргізуші, сол арқылы қаланың тарихын көрсетті емес пе? Джармуш та әлемдік деңгейдегі режиссер. Неге оның фильмдері әлемнің екінші бір түкпіріндегі бізді әсерлендіреді, толғантады, ой салады. Дұрыс. Адами сезім ұлт, халық таңдамайды. Ол бәріне ортақ. Бірақ, Джармуш сол сезімді өзінің отандастарын, олардың өмірін, ішкі көңіл күйін, басынан өткерген оқиғасын, т.б. көрсету арқылы тудырып отыр емес пе. Феллини де, Тарковский де, Шукшин де солай. Әлемнің кез келген түкпіріне таныс Кустурицаның да фильмдерінің ерекшелігі дәл осылай. Югославияның, оның халқының тағдырын, тарихын білгіңіз келсе, сол Кустурицаның алғашқы фильмінен бас­тап, кешегі түсірген фильміне дейін алып қараңыз. Жаңағы сұрақтың жауабын міндетті түрде таба аласыз. Немесе кеше ғана «Берлинале» халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссурасы үшін» жүлдесін иеленген Финляндия киносының классигі Аки Каурисмякидің фильмдеріне назар аударыңыз. Ол жерде де басқа емес, фин халқының өкілдерінің тағдырын көресіз. Кейіпкерлерін басқамен шатастыра алмайсыз. Сондықтан, «кинода ұлт жоқ» деген пікірді ұстанып жүрген қазақ кинематографистері (әсіресе, жастар) үшін осы аталып өткен (аталмаған тағы басқа әлем киносының ең белгілі өкілдерінің) режиссерлердің шығармашылығына тағы бір рет мән беріп, зерделесе артық болмас еді. Жас режиссер «барлық адамның қуанышы да бір, қайғысы да бір» деп дұрыс айтып отыр. Бірақ, сол сезімнің өзі әрбір халықтың этникалық жадында, түпкі санасында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысына сай сырт дүниеге паш етіледі емес пе? Бұл жоғарыда аталып өткен барлық кинематографистердің шығармаларына тән қасиет. Өйткені, ең алдымен, олар өз ұлтының өкілдері, сондықтан да, олардың кез келген шығармасында сол ұлтқа деген сүйіспеншілік бар. Тіпті, өзі өмір сүрген қоғамды, жүйені сынап-мінесе де түп-тамырынан бас тартпайды. Жалпы, бұл барлық ірі суреткерге тән қасиет қой. Әрине, уақыт өткен сайын ұлттың болмысы да өзгереді. Жаңа уақытпен бірге, сыртқы-ішкі экономикалық, моральдық, психологиялық, ақпараттық т.б. жағдайлар әсерінің салдарынан кейбір ұлттық құндылықтарға жарықшақ түсуі мүмкін. Өнер мен әдебиеттің де айтуы, көрсетуі тиіс осындай мәселелер ғой. Мұндай жағдайда, ұлттық тамыры бар фильм ғана, ең алдымен, сол ұлттың, сонан соң ғана адамзаттың руханиятына қызмет етері сөзсіз. Ең қорқыныштысы – сол тамырдан саналы түрде бас тарту. Тамыры терең болған сайын, ағашы да биік өседі... Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты